12 Наурыз 2014, 09:34
- Аға, ниет қабыл болсын! Алдымен, Еуропа қазақтары құрылтайының тарихына тоқталсаңыз...
- Еуропа қазақтарының құрылтайлары 1994 жылы басталды. Ол кез Мюнхен қаласындағы Азаттық радиосында жұмыс істеп жүрген кезім. Еуропалық қазақ жастары футболды жақсы көреді. Өзіміз де жастар мен бірге апта соңында жиналып доп тебетінбіз. Мұны Мюнхендегі Қазақ қоғамы ұйымдастыратын. Қалада қазақ саны 50 отбасыдай аз болғанымен бірлік берекеміз жақсы еді. Футболдан басқа той, ауызашар, шілдехана, жаназа секілді жиындарда үнемі бас қосып отырамыз. Қалаға сырттан қазақ келсе, барлығы жапырыла шайға шақырып қонақ қып жататын. Сөйтіп жүргенде, бір күн қоғам бастығы Әбубәкір Мерген, Мұталла Ұлышай, Мұзаффер Ақтеңіз, Жұма Сауаш деген азаматтар “Осы футболдың аясын кеңейтсек, бүкіл Еуропа бойынша қазақ жастарының сайысын өткізсек. Сайыстан кейін өзара бас қосып өлең айтып домбыра шертіп үлкен кіші, ер-әйел бас қосып отырсақ. Бұл әсіресе жас өспірімдер үшін қажет. Балаларымыз өсіп келеді. Санымыз аз, өзге ұлттардан үйленіп кетуінен алаңдаймыз. Осы футбол арқылы жастардың басын қоссақ, балалар бірбірімен танысса, бәлкім дәм-тұздары жарасып бір бірімен үйленіп те жатар” дестік. Сөйтіп Мюнхен қаласында 1994 жылы көктемде Европа қазақ жастарынын тұңғыш спорт фестивалінің ұйымдастыруға әрекет жасадық. Мұны қаладағы Шәріп Найман, Нығмет Хан, Ахмет Ұслы, Мәуітқан Гөкай, Абдүл Гүнері, Әлихан Жаналтай, Талғат Кошжігіт сынды ақсақалдар мен ағалар да қолдады. Сосын, Париж, Вена, Вастерос, Лондон, Берлин және Келнь қазақ қоғамдарының немесе футбол командаларының Мұстафа Зенгин, Әкбер Қыран, Хызырхан Шолпан, Салахиддин Ерол, Желил Түркен, Минан Өзтопырақ сынды бастықтарымен хабарластық. Олар да қызу қолдау білдірді. Сөйтіп Еуорапа қазақ жастарынын футбол командаларының тұңғыш сайысы өтті. Міне бұл, биыл Берлин қаласында 19 рет өткелі отырған Еуропа қазақ құрылтайының бастамасы осылайша болып еді.
- Әуелгі мақсаттың ішінде жастарды табыстыру, жарастыру, тіпті бәрі оңынан оралса үйлендіру де болыпты. Осы мақсат орындалды ма? Бас қосып, шаңырақ көтерген жастар болды ма?
Әлбетте, көп болды. Тіпті алғашқы 1994 Мюнхен сайысынан кейін екі жас некелесті. Атап айтқанда, Мюнхендегі футбол жарысына Кельнден келген бір қызымыз бен Мюнхендегі бір жігітіміздің дәм-тұздары жарасып келесі жылы тойларын жасадық. Міне, мақсаттын жүзеге асқаны. Сонсон бұл тек жастар үшін емес, біз ересек үлкендер үшін де үлкен той, қауышу екенін атап өткен жөн. Өйткені, Еуропа өмір сүру қиын. Жұмыс істемеген адам аш қалады. Еуропадағы қазақтар таңғы азаннан кешке дейін жұмыс істейді. Апта соңдарында қана қала ішінде қыдырады. Басқа елге барып қыдырып жүргенге уақыт жоқ. Сонсон ол кезде Шенген визасы деген бүкіл Еуропаға ортақ виза да жоқ. Мәселен, Франциядағы бір қазақ көршілес Германиядағы туысына бару үшін виза алу керек. Сондықтан 1960 жылдардың аяғында Еуропаға барған қазақтар ішінде бірбірін 15-20 жыл көрмеген адамдар көп екен. 1995 жылы Шенген виза келісімі жасалып Еуропа елдері ішіндегі саяхат шектеулері жойылды. Міне бұл Еуропа қазақ құрылтайлары үшін жақсы болды. 1990 жылдың орталарына дейін жоғарыда айтқан түрлі себептерге байланысты бір біріне оңайлықпен барып келе алмай жүрген қазақ үшін алғашқы құрылтайлар ерекше болды. Сондықтан бастапқыда осындай жылдың белгілі күнінде жастардың доп тебуі сылтауында Еуропа қазақтары бас қосатын жиының, яғни құрылтайын сағына күтіп отырды. Мұндай жиындарға 1000-2000 арасында адам қатысуда. Алғашқы осындай турнирлерде сағыныш науқын басып жатқан адамдардың көптеген тебіреністі жүздесулерге куә болған едік...
Басы. Жалғасы мына жерде