Базар тынысы

7 Қыркүйек 2015, 13:29

Астана қаласындағы жеміс-жидектер мен көкеніс сататын «Шарын» базарына таңертең ерте барып, базардың тынысымен таныстық.

Жаз маусымының тамыз, қыркүйек айлары нағыз жеміс-жидектің пісіп, жетілетін шағы. Көкеністер маусымы басталғанын ескеріп, Астана қаласындағы жеміс-жидектер мен көкеніс сататын «Шарын» базарына таңертең ерте барып, базардың тынысымен таныстық. Жеміс-жидектің маусымында жалпы «базардағы баға қандай», «өнімдер қайдан әкелінуде», «халық тарапынан сұраныс қаншалық», «отандық өнімдерден не өндіреміз», «доллар бағамының өсуі сауда-саттыққа салқынын тигізді ме», «қандай жеміс-жидекті арзан бағаға алуға болады» деген секілді сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Алдымен «Шарын» базарының сыртқы алаңына шығып, жеміс-жидектерді тонналап камаз көліктерімен әкеліп, көтерме бағамен сатып тұрған саудагерлерге бет алдық. Болгар бұрышын сатып тұрған Гауһар Қабылбекова бұрыштың 1 кг 60 теңгемен саудалап тұрғанын айтты. Сұрастырсақ оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент даласында өседі екен. 1 қап болгар бұрышы 1000 теңгеге шығатынын айтты. «Доллар бағамының өсіп кетуі базардағы сауда-саттыққа салқынын тигізді ме?» – деген сауалмызыға Гауһар Қабылбекова: «Әрине, доллардың құны саудаға тікелей әсер етті. Мәселен, доллар көрсеткішінің өзгерген сәтінен бастап, бұрыштарды салатын қаптар мен полиэтилен пакеттердің бағасы қымбаттап кетті. Осы айырмашылықты ақтау үшін біз де бұрыштың бағасын сәл көтеруге мәжбүр болдық» – деп жауап берді.

Тахиржан Рахмантаев: «Осы базарда баялды (баклажан) сатқаныма 16 жыл болды. Әр жыл сайын жазғы маусымда еліміздің оңтүстік өңірінен баялдыны тонналап әкелеміз. Доллар бағамының күрт көтерілуіне байланысты  сауда жүрмей тұр. Өткен аптамен салыстырғанда тұтынушылардың саны әлдеқайда азайып кетті».

Базар сөрелерінде қаптап тұрған қызанақтарға көзіміз түсті. Сатушыларға жақындап, қай өңірдің өнімі екенін сұрап білдік. Қызанақтардың басым бөлігі Ресейдің Омск қаласынан әкелінген екен. Күні кеше ғана килограммын 150 теңгемен сатқан сатушылар сол күні бағаны 200 теңгеге көтеріп жіберіпті.

Оңғар Қандасов:

Қызанақтарды кеше ғана 150 теңгемен сатқанбыз. Алайда соңғы өзгерістер бағаның өсуіне әсер етті. Біріншіден, ақша құнсызданып қалды, екіншіден жол шығынын өтеуіміз керек, үшіншіден ертең осы тауардан түскен ақшаға бұрынғыдай көлеммен қайта өнім алу мүмкін болмай қалды. Сол үшін біз де бағаны өзгерттік.

Базарды жағалай жүріп, жұртшылық «корей қатары» деп атайтын қатарға бет алдық. Қуантарлығы, бұл қатардағы жеміс-жидектердің барлығы Астана маңындағы Қосшы ауылында өседі екен. Түрі мен түсі өзгеше, көзтартарлық қызанақтарға жақындап, Валентина Тян есімді саудагерді әңгімеге тарттық. Валентина апай өзі бағбан екен.

–Мен корей ұлтының азаматымын, – дейді ол. – Жерді жалға алып, жаз бойы жеміс-жидек өсірумен айналысамыз. Осы кәсіпке бет бұрғаныма он жылдай болды. Жаз маусымында Ташкенттен келіп жұмыс жасаймын. Қол астымдағы жұмысшыларым да Ташкенттікі. Оларға жалақына доллармен төлеймін. Сол себепті біз де бағаны көтеруге мәжбүрміз. Екінші бір мәселе – Ресейден әкелінген қызанақтар біздің саудамызға әсерін тигізіп отыр. Олар бағаны көтерсе біз де көтереміз, олар төмен баға қойса біз де арзандатып қоямыз. Тұтынушылардың талғамы әрқалай, жергілікті өнім болса да, олар 1 теңгеге арзан болса сырттан келген жеміс-жидектерді алады. Биылғы өніміміз көңіл қуантарлық емес. Ауа-райына байланысты қызанақтар пісіп үлгермей қалды, күн болса салқындап кетті. Осы корей қатарында сатылып жатқан жеміс-жидектердің барлығын кәрістер өсіреді.

Шынымен де бұл қатарда қызанақ, қияр, орамжапырақ, сәбіз, картоп, қызылша, асқабақ, бұрыш секілді жемістердің бәрі бар екен. Сатушылардың барлығы тек жазғы маусымда ғана жұмыс істейтіндерін айтады. Қосшыда қыста жеміс-жидек өсіретін жылыжай болмағандықтан, тек жазда ғана сауда қызады.

Базардың сыртқы алаңынан ішке беттеп, көкеніс сататын қатарға өттік. Бұл қатарда тек отандық өнімдер сатылатыны көңілге қуаныш ұялатты. Көздің жауын алатын көк шөптердің түр-түрі Астана маңында өсіріледі екен. 3 жылдан бері көкеніс сататын Алтынай Жакипбекова өнімдердің бұл түріне доллар бағамының өсуі еш әсерін тигізбегенін айтты.

Алтынай Жакипбекова:

Жасыл өнімнің түр-түрін сатамыз. Бәрі де денсаулықа өте пайдалы көкеністер. Осының бәрін өзіміз өсіріп, баптаймыз. Алдағы жылы кәсібімізді дамыту үшін, қысқа арналған жылыжай салуды жоспарлап отырмын.

Рафкат Дауров:

Мен жасыл көкеністерді Қарағанды қаласының Новодолий ауылынан әкеліп сатып тұрмын. Бәрі табиғи таза өнімдер. Менің де жұмысым тек жазғы маусымдікі.

Көкеністер қатарының шеткі бөлігінде асқабақтардың түр-түрін саудалап тұрған қазақтың келіншегіне көзіміз түсті. Қасына барып, әңгімеге тарттық. Перизат Бөрібаева асқабақтар оңтүстік Қазақстан облысында өсетінін айтты. 1 килограммы 150 теңге екен. Кейіпкеріміз суртке түсуден бас тартты.

Келесі кезекте жидектер қатарына өттік. Бұл – нағыз көкеністер маусымы қызған шақ. Тосап қайнату үшін жидек алуға келген тұтынушылардың қарасы көп.

Ержан Сейдрасилов:

Қара өрікті Сарыағаш ауданында ағайынды бес жігіт өсіреміз. Осы кішігірім кәсіпті қолға алып, биыл алғаш рет саудаға шығардық. Бүгінгі таңда қара өріктің бір килограммын 160-180 теңгемен саудалап тұрмыз. Бір жәшікте 10-11 кг болады.    

Бақытжан Асқарбекова:

Алма – отандық өнім. Алматы облысында өседі, килограммы 160 теңгеден. Доллар көрсеткішінің өскені бағаға еш әсер еткен жоқ. Халық тарапынан сұраныс бар. Тұтынушылар отандық өнім ретінде жоғары бағалайды. Алма сатумен айналысқаныма 12-13 жылдай болды.   

Гүлназ Усупбекова:

Жидектерді Қырғызстанның Бішкек қаласынан әкеліп сатып тұрмыз. Бұл сырттан кіретін өнім болғандықтан доллар бағамының көтерілгені бүгінгі бағаға әсер тигізді. Мәселен, бүгін жидек артып жолға шыққан камаздардың барлығы кері қайтуға мәжбүр болды. Бұған теңгенің құнсыздануы себеп бола алады. Келесі лекпен келетін жидектердің бағасы сәл қымбаттау бағамен келеді.

P.S.

Бір күнгі базардың тынысымен танысқан сапарымыз осылайша аяқталды. Базар сөрелерінде орын алған жеміс-жидек, көкеніс өнімдерінің 70-80 пайызы отандық өнім екені көңілге қуаныш ұялатады. Түйгеніміз доллар бағамының өсуі тек сырт мемлекеттерден келген тауар түрлеріне ғана әсер етіп отыр. Ол түсінікті жәйіт. Отандық өнім мен импорт өнімдерінің қайсысын аламын десе де тұтынушылардың өз еркі. Ең бастысы, еліміздің ыстық өңірі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана маңында өсірілген жемістердің түр-түрі сауда алаңында жайнап тұр.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

                           Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

Бөлісу: