Қарашаңырақ Қазақ радиосының алтын дауысты дикторларын еске алғанда осылай дейміз...
Алматыдағы Бас радионың ғимаратында Әнуарбек Байжанбаевтың бюсті тұр. Ән-аға 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан соғыстан оралғаннан кейін, Қазақ радиосына диктор болып орналасқан. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқудан бастап, өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында диктор, аға диктор қызметтерін атқарған. Эфир арқылы берілген республиканың тыныс тіршілігі жайлы әртүрлі жаңалықтар, саяси хабарлар ұзақ жылдар бойы мыңдаған тыңдаушыларға Әнуарбек Байжанбаевтың ашық та әуезді, кең тынысты үнімен жетті.
Алдағы жылдары Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына жүз жыл толады. Әнуарбек ағаның шәкірті кеше ғана арамызда жүрген Әбдірәлі Бөлебаев жа ұзақ жылдар Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарды. Астандағы Қазақ радиосының басты эфирлік студиясы Әбдірәлі Бөлебаев атында. Біреуге дос, біреуге аға-іні болған азаматтың келместің кемесіне мініп кеткеніне де бір жыл толыпты.
Жапырағы жамыраған мәуелі бәйтерек аспанмен астасып, жайқала өсуі үшін тамыр салған топырағы құнарлы болса игі. Бұл-табиғат заңдылығы, аттап кетуге болмайтын ақиқат. Дала мінез, бала көңіл адамдар болады. Мына аспан асты, жер үстіндегі табиғи құбылыстар оның жанына жат емес. Бір күні құм суырған тентек жел болса, ал енді бір күні аққайыңның жапырағын тербеген ақерке самал. Әбдірәлі Бөлебай да осындай қасиетке толы азаматтық болмысты өзі жасаған жандарды қатарында еді. Әттең...
Иә, қара жер қозғалса да адами қалпынан бір танбайтын сабырлы мінез жан еді ғой - Әбекең! Ол кісі жымиып қараса жүрегің жылып, көңілге қуаныш ұя салатынды. Өмір-ай десеңші, Әбдірәлі ағамыз Бөлебайдың да фәни дүниеден өткеніне жылға жуықтады. Әрине, адам мәңгілік емес, фәниден бақиға өту бұлжымас қағида. Алайда, адамгершілігі жоғары, жан дүниесі терең, абзал азаматтың өмірден ерте өтуі өкінішті-ақ.
Қазақ радиосында әр жылдар небір жақсы мен жайсаңдар еңбек етті. Елдің, тәрбиеліктің, сөздің қадірін білетін, бағалайтын, асып-тасып аузына құс тістегендерге «бұларың не?» деп ақыл айтатын ағалардың алдын көргендердің де бір – осы Әбдірәлі еді. Оның кісілігі мен көрегендігі, әділін айтатын турашылдығы талай адамға өнеге болды. Әбдірәлі ағамыздың тұлғасы таудай болса да, кісіге жоғарыдан қарап, иық теңестіріп, теке тіреспейтін, тектілігі бүкіл болмысынан байқалып тұратын жан еді. Ол бір қарағанда, тым қарапайым көрінгенімен, намысы қызған кезде тұлпардай тулайтынды. Жайшылықта-жайсаң, қайшылықта қайсар, бағзы заманда туса, ел шетіне жау келсе, жайдақ атқа міне сала жалғыз шабатын нағыз хас батырдың өзі десе де болғандай. Кейде Әбдірәлі ағамыз аңқау көрінгенмен, ішкі жан дүниесінде бір асқақтық болатын. Шаңырағының шаттығын, балаларының бақытын ойлап, жан жарының да жанынан табылып, үндемей-ақ үй тірлігін үйлестіріп жүретінді. Кісіге тым жуық, айналасына алаңы жоқ, адам баласына залалы жоқ, барынша ақкөңіл, адал да жайсаң жан еді ғой.
«QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бурахан.
Біз «Қазақ радиосы» радиоарнасының тікелей эфирдегі студиясына Әбдірәлі Бөлебайдың атын бердік. Ондағы мақсат ағамыздың өмір өнегесі бізден кейінгілерге де үлгі болса деген ой. Рас, Әбдірәлі ағамыздың өз ұстанымындағы тереңдігі, ұлттық сананы жоғары қоятын тұлғалық болмысы бәрі-бәрі бізге өнеге, үлгі. Әбдірәлі ағамыз өз ісіне өте тиянақты еді, бір көрген адамымен тез араласып кететінді. «Жақсы адамнан жаттық жерімейді», - деген сөз рас-ау, шамасы. Арына адал, намысына берік болғандықтан ба әріптестері де Әбдірәлі Ақылбекұлының еңбекқорлығына сүйсінетінді, ісіне іштей табыс тілейтінді. Ол кісінің тағы бір мықты қасиеті жақсыны жатқа санамай, сыйлағанға сый көрсетуге асығып тұртындығы еді. Жалпы, Әбдірәлі ағамыз ғибыратты ғұмырды мәнсіз-мағанасыз ілби басқан өмірмен өлшеген жоқ. Міне, осынысымен ол баршаға сыйлы болды.
Еңбектің дәмі тиянақтылықпен, тазалықпен келетінін ұққандықтан болар Әбдірәлі ағамыз өмірден өзінің өмірлік ұстанымына адал қалпында, адами бағыт-бағдарынан айнымай өтті. Өз бақытын тынымсыз еңбектен тапқан ағамыздың жұмыс десе шаршап, шалдыққанын көрмеппін. Ойына алған жұмысын орындамай қоймайтын да қасиеті бар еді. Ол радиода жүргенде өзін сауатты, білікті һәм білімді жан екенін көрсете білді. Бір қызығы, Әбдірәлі ағамыз болдым, толдым демейтін, зейнет жасына шықса да өзінің кәсіптік деңгейін үнемі жетілдіріп отыратынды. Сырт келбеті ұқыпты, ішкі жан-дүниесі жанашырлыққа толы адам болатын.
Ол қадірлі отағасы, қамқор әке ретінде балаларының тәлім-тәрбиесін ұдайы назарда ұстайтын еді. Отбасы - Отанның шағын ордасы деген ұғымды үнемі жадында жаттап жүретінді. Бұл, оның отбасылық өміріндегі өнегесі. Әбдірәлі Ақылбекұлы көпшіл жан, биліктің биігіндегі жоғары лауазымды тұлғалармен, қоғам және мемлекет қайраткерлерімен, зиялы қауымның көрнекті өкілдерімен, өнер, әдебиет мен мәдениет саласының жарық жұлдыздарымен, қарапайым халықпен етене сыйласып, тонның ішкі бауындай араласатын. Көмекке мұқтаж жандарға қамқор болуға қашанда асығып тұратын асыл азамат еді. Алла ісіне ама бар ма? Ағамыздың жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын!
«QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас редакторы, «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев.
Әбдірәлі ағаны дүйім жұрт телеаранадан танып өсті, біз де сол буыннанбыз. Таумен тау ғана кездеспейді, адам адаммен кездесе береді екен ғой... Бала жастан экраннан көріп өскен жақсы ағамен жылдар өте телеарнада, кейін Қазақ радиосында қызметтес боламыз, қатар жүреміз деп кім ойлаған?!
Жәй әріптес қана емес, ең жақын, пікірлес, тілеулес, сырлас, мұңдас, дәмдес бір күн жолықпасақ бір-бірімізді іздеп тұратын аға-бауыр бола білдік.
2019 жылы талайлардың табанының ізі қалған қасиетті ұжым Қазақ радиосына басшысы болып алғаш аяқ басқанымда Әбдірәлі аға мен Қошан аға ерекше ықылас-ілтипатымен күтіп алып, төрге шығарып ақ батасын берді, ағалық ақылын айтты. Өмірінің соңына дейін қамқоршым әрі тілеулесім болды.
Радио деген терең құдықтың қақпатасын тесіп, тереңінен тартып, бал суын ішкізді. Бұл мен үшін радио әлемінің әргі-бергі тарихын тануға, бір ғасырдан бері ағып жатқан арнасын тауып, сол даңғылға тезірек түсіп кетуіме көп көмек болды.
«Айналайыны» аузынан түспейтін Әбдірәлі аға медиа саладағы әріптестерді айтпағанда үлкен бір ауылдың халқы оп-оңай сыйып кететін Қазмедиа орталығындағы барлық адамды танитын еді. Танып қана қоймай, үлкенмен де, кішімен де құшақтаса амандасып, шуағын шашып жүретін жан еді. «Дулатжан, айналайын, міне лифтімен көтеріліп келемін,- деп жарты сағат өткен соң жымиып кіріп келе жататын. Асыл аға, жолай іні-қарындастарымен кездесіп, риясыз көңілмен қал-жағдай сұрасып, адамдар арасындағы сыйластық азайып бара жатқан мына заманда ізгіліктің дәнін сеуіп жүрген екен ғой.
Әбдірәлі аға ортамыздан кетсе де, есімі ел есінде. Тоқтамай сөйлеп тұратын Қазақ радиосының тікелей эфир студияға диктордың аты берілді. Алтын қордағы Әбдірәлі аға дыбыстаған 500 ге жуық хабардың тым болмаса біреуін күн құрғатпай әуелетіп тұрамыз. Құранға қосып, рухыңызға салауат тілеуді де ұмытқан емеспіз.
Ай дегенің ат басын бұрғанша, жыл дегенің жылқы аунап тұрғанша…
Асыл ағамыз арамыздан кеткеніне де жылға жуықтапты. Тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. «Екінің бірі келіп жатқан жетпіс емес пе?» - деп қайғырғанмен Алланың ісіне амал жоқ.
Әбідірәлі ағамен өткен сәулелі сәттер мен оның қоңыр үні, тұлғалық тағылымы мен өмірлік өнегесі, жарқын жүзі мен жайдары мінезі мәңгі жадымда.
«Қазақ радиосы» радиоарнасының аға редакторы Жанат Жанұзақ.
Әбдірәлі ағамыз өзін білген адамға қадыр-қасиетін өтінбей өткізе алатын еді. Өйткені, ол баршаға сыйлы болатын. Дос-жаран алдында елеулі, ал еңбекте енжар еместін. Ол ұлағатты ұлан міндетін дер кезінде ұға білген жан еді. Өмірдің асу ағынымен бағытсыз ыққан жоқ. Әбдірәлі ағамыздың да өзіне тән өмір сапары, тіршілік керуені бар. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, дос-жаранды жанына жақын тартты. Өзіне тән өмір арнасы, өзара үндесіп жатқан азаматтық ар-ожданы, пайым парасаты, аңсар мұраттары да тұлғалы болатын. Біз Әбдірәлі аға екеуміз Қазақ радиосында бірнеше бағдарламаны бірлесіп дайындадық. «Ел ағалары», «Кәусар», «Дала фольклорының антологиясы», «Дәуір үні» және «Дін және дәстүр» сияқты хабарлар Әбдірәлі ағамыздың оқуында жанданып сала беретін. «Қазақ радиосы – ол қазақтың қаны, қазақтың жаны. Осы үнжария арқылы халқымыз Ұлы Абайдың ұлағатын таныды, Шәкәрімтанудың шуағына бөленді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың ұлы шығармаларын да радио арқылы тыңдады. Демек, бұл ақпарат құралы - дәуір үні»,-деуші еді марқұм. Сол, өзі жиі айтып, отырған ортасында мақтаныш тұтатын Қазақ радиосымен өмірінің соңына дейін бірге болды. Ол кісінің маған ұнаған тағы бір қасиеті, таза киіну, өзін асқақ та биік ұстау үлгілі үрдісі. Жалпы, адам ғұмыры керуен-сүрлеудің сүлдесіз сұлбасы емес қой. Сондықтан да, ол мәнсіз-мағынасыз ілби басып өтуімен бағаланбайды. Бұлқынып жатқан сыр, әр адамның ішкі жан-дүниесіндегі әлдебір рухани аңсар, ұмтылыс, жарқын әлемге деген құштарлық болса керек. Ол–рухани аңсар, ол–құштарлық адам болмысының туған жерге, өз ұлтына, өскен ортасына деген шексіз сүйіспеншілігі мен сарқылмас сағынышы. Өмір өнегесі адамның жүрген жолы, сіңірген еңбегі, арқалаған аманатымен өлшенсе, сол өмірді жасаушы хас суреткер, тылсым дүниеден сыр аңдаған, елдің ертеңін ойлаған азаматтар екені сөзсіз. Ал, ондай азаматтың ғұмыры да пенделер ғұмыры сияқты өз заңдылығы, өз сүрлеу-соқпағы, өз шығар биігі бар ерекше ғұмыр. Осы өмір керуенінде өзіндік ізімен танылған сұңғат бітімді тұлғалардың бірі – Әбдірәлі Бөлебай ағамыз деп білемін.
«Қазақ радиосы» радиоарнасының жүргізуші-редакторы Алмира Елімсары.
Әбдірәлі Бөлебай ағамыздың ортамыздан кеткеніне жыл болыпты. Алғаш еңбек жолын қазақ радиосында бастап, кейін телеарнаға ауысқанын айтып отыратын. «Қазақ радиосы мен Ұлттық арна - бренд, қара шаңырақ бәрі осы арнадан тараған» - дейтін. Сол қара шаңырақта, Қазақ радиосында Әбдірәлі аға, өмірінің соңына дейін қызмет атқарды. Әріптес болдық, бір кабинетте отырдық. Даладай дархан көңіліне бәрін сыйғыза алатын. Кез-келгенімізбен жеке-жеке әңгімелесіп, хал-жағдайымызды сұрап ағалық мейіріміне бөлейтін. Дикторлық өнердің қыр-сырын қалай терең меңгерсе, адам жанының нәзік пернелерін дөп басудың шебері еді. Дауыс үні өзгеше болатын. «Айналайын, үй-іші аман ба?» - деп қолымызды алатын. Қазақ журналистикасында ойып тұрып орын алатын, шеберлігі толысқан ағамыздың қолын алып, парасаттылығын көрдік. Ендігі жерде қарапайымдылықтың шеңберін сызып берген ағамыздың өнегесін жалғастыру бізге парыз. Жаратқанның берген табиғи таза, жасандылығы жоқ дауысы мен киім кисі мен кісілігі һәм кішіпейілділігі бізге үлкен мектеп болды. Қазыналы дүниені сөзбен сүретеп халқына жеткізді, өзі де сондай жан дүниесі қазыналы еді. Сыныптай сырғыған уақыт алаңында шаруаңды тыңдыруға жүгіріп бара жатып, алдыңнан шыққан адамды байқамай, амандаспай кетуің бек мүмкін еді. Әбдірәлі аға бойында бұндай дүние жоқ болатын. Үстелінің үстінде қандай тазалық пен тәртіп болса, адам жанына да солай тәртіппен биіктен қарайтын. Алдына келген тексті өз жанынан шығарғандай етіп, айтып жеткізе білу үлкен өнер. Оны меңгеру шеберлік. Сол шеберлікті меңгерген, мәтіннің шырайын шығарып оқитын алтын дауысы тыңдарман құлағында, көрерменнің көз алдында қаларына талас бар ма?! Әбдірәлі ағамыздың алтын дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорында» және көзін көрген, адамгершілігінен үлгі алған әріптестерінің жадында мәңгі сақтаулы. Жаныңыз жаннатта болғай, жайсан аға!
Журналист Махат Садық.
ӘБЕ...
Өткен ғасырда "Хабарда" таныстық. Аға-інідей дос болдық.
ҚР Президентінің Телерадиокешенін басқарғанымда келді. Бұл Әбенің эфир мен экраннан кеткен кезі еді. Мән-жәйді түсініп, Президент мекемесіне продюсерлік қызметке алдым.
Арада он бес жыл өткенде: "зейнетке шықтым, өзімнің қарашаңырағым Қазақ радиосында жүрсем деп армандаймын. Бала-шаға өсті. Қызым Астананы салуға келген түрік бизнесменіне тұрмысқа шықты. Ұл Швейцарияда. Ұлттық компания өкілі", - деген.
Қәдірлі аға доспен сыртқа шыққанда ескілеу иномаркаға мінгенін көріп: "Ұлға менен сәлем айтыңыз. Әбені елі мен билігі құрметтеген соң, кіші Бөлебаев Европада республика атынан жүр. Сізге лайықты шетел көлігін мінгізбесе, Қазақ радиосына қызметке алмаймын", - дедім әзілдеп.
Арада ай өткен жоқ Әбе жарқылдап жеткен. "Міне тұра өзіңдікіндей қап-қара Тойото Ленд Крузер. Көрімдік сенен. Ұлым сөз түсінетін мықты азамат қой. Қалай, ә...".
Әбенің сол сәттегі бақытын, әкелік мейірімге толы көз жасын көріп көптің басына осындай қуаныш бұйырсын дедім.
Сол күннен бүгінге дейін әйгілі дауылпаз диктор Әбдірәлі Бөлебаев Қазақ радиосында абыроймен қызмет атқарды.
Тілші: Жаны жақсылыққа, жүрегі нұрға, кеудесі қуанышқа толы, кең көңіл, пейлі ақ адамдардың еңсесі қашанда биік, жүзі жарқын емес пе. Ондай азаматтың арғы-бергі ата-бабалары да текті болып келеді. Тәрбиені сол тектіліктен алған перзент те парасатты. Тағдырдың тоғысында, өмірдің қиясында шорт сынбай, өнеге көрсете білген Әбдірәлі Бөлебайдың да беделі биік еді. Талайлар тағдыр тәлкегімен тірліктен кеткенімен, көңілден кетпей, қыран қылығымен, парасат пайымымен жұрт есінде жүрері ақиқат. Ендеше Әбдірәлі Бөлебай ағамыздың да бейнесі көптің жадында мәңгі жатталып қала бермек.