Байқаушыларға арналған Әдеп кодексі құрылды

3 Қараша 2022, 10:57 2024

Сайлауға байқаушы ретінде қатысушылардың саны жыл сайын артып жатыр

Партиялық емес байқау орталығының ұйымдастыруымен «Байқаушы – дауыс берудің ашықтығының кепілі» тақырыбы аясында дөңгелек үстел кездеуі өтті, деп хабарлайды El.kz.

Отырысты өткізудегі мақсат – сайлаудағы тәуелсіз бақылаудың рөлі мен сайлау науқанының әділ өту барысының маңыздылығын түсіндіру болды.

Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов сайлауға байқаушы ретінде қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқандығы жайлы айтты.

«Сайлау науқанына халықтың байқаушы ретінде қатысуға ынтасы зор. 2019 жылы президент сайлауына байқаушы ретінде 44 000 адам қатысса, ал 2021 жылы парламент сайлауында 74 000 байқаушы болды. Яғни жыл сайын байқаушылар саны артуда», – деді ол.

Сондай-ақ Төлеген Күнәділов сайлауда байқаушының міндетін атқару барысында мәселе туындамас үшін Әдеп кодексін ойлап таптық деп отыр.

«Сайлау науқаны барысында заң бұзушылық байқаушылар тарапынан жиі кездесіп жатады. Сондықтан бұл мәселенің алдын алу үшін республикалық штаб өкілдерімен, Үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп байқаушының Әдеп кодексін шығардық. Оны енді Орталық сайлау комиссияна беруге ниеттеніп отырмыз», – деді Партиялық емес байқау орталығының төрағасы.

«Ардагер ҚБ басшысы Баян Ахметжанова Әдеп кодексін арнайы байқаушылардың заң тұрғысынан білімін арттыру үшін құрдық дейді.

«Қоғамда бір тәртіп болады. Барлығымыз оған бағынуымыз керек. Біз байқаушылардың көп болуына, өз құқығын толық білуіне атсалыссақ дейміз», – деді Баян Ахметжанова.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар Әдеп кодексін қабылдап, оны Орталық сайлау комиссиясына жіберу туралы шешімге келді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: