28 Тамыз 2014, 12:42
БАЙЛЫҚ — қоғамға және жеке адамға қатысты материалдық игіліктер мен рухани құндылықтарды білдіретін ұғым. Б. рухани және материалдық болып ажыратылады. Рухани Б. ұғымы әлемде немесе белгілі бір елде жасалған рухани қазыналардың жиынтығын, сол қазыналарды игеруді мұрат тұтқан жеке адам басындағы сезім, ақыл, парасат, өнер, білім қабілеттерін қамтиды (қ. Руханият). Ал, материалдық Б. ұғымы адамзат қауымына, жеке мемлекетке не адамға тиесілі материалдық игіліктерді білдіреді. Ол алғашқыда адамдардың күнделікті табиғи қажетін қамтамасыз ету мақсатымен сол адамдардың әрекеті арқылы жасалып, кейіннен меншіктену процесі барысында әлеум. қарым-қатынас құралына айналған. Сондықтан адамдар қарым-қатынасындағы билік, әділдік ұғымдарын қарастырып, адамзат қоғамында үйлесімділікке жету жолдарын іздеген ойшылдар Б. ұғымын айналып өте алмаған. Жеке меншігіндегі материалдық игіліктерді еселеп өндіріп, мемлекетті (қоғамды) дамытуға ықпал еткен іскер адамдардың тәжірибесін талдаған зерттеулер мен тұтас мемлекеттегі, аймақтағы, әлемдегі материалдық игіліктерді молайту әдістерін ұсынатын экон. теорияларда Б. әлеум. құндылықтардың бірі ретінде бағаланады. Б-тың жеке меншіктік, қоғамдық және мемл. түрлерінің тиімділігі мен әділдігі мәселесіне қатысты бір-біріне қарама-қайшы филос. және социол. көзқарастар қалыптасқан. Маркстік дүниетаным материалдық игіліктердің, оның ішінде еңбек құралдарының жеке меншікте болуы, көбірек пайда табу мақсатымен адамды адамның қанауына соқтырып, халықтың көпшілік бөлігінің Б-тан жатсынуын туғызады деген біржақты көзқарасты ұстанды. Осындай көзқарас негізінде материалдық игіліктерге ортақ меншік орнатып, әлеуметтік әділетті жүзеге асырудың мүмкін еместігін әлемде соц. жүйенің күйреуі көрсетіп берді. Кез келген қоғамда адамдардың рухани және материалдық Б-қа қол жеткізуіне жағдай туғызылғанда ғана сол қоғамның дамуы орнықты болады. Мұндай қоғамдағы мүмкіндікті ақылмен пайдаланып, қажымай күш-жігер жұмсағандар бай болады. Ал, жалқаулық пен енжарлыққа бой салғандар кедейшілікке ұрынады. Бұл пікірді Абайша білдірсек, “Байлықты, кедейшілікті жаратқан — құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес”. Дәстүрлі қазақ қоғамында материалдық Б-тан рухани игілікті жоғары қоятын “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы” деген моральдық ұстан қалыптасқан. Осы рухани принцип қазақ қоғамындағы әлеум. құндылықтар мен құқықтық нормалардың имандылыққа, әділеттілікке негізделуіне себепші болды. Соған қарамастан қазақ халқы Б-ты адам мұратының, әлеум. құндылықтардың бірі ретінде бағалаған. “Түстік өмірің болса, күндік мал жи” деген нақыл соның айғағы. Мал — дала өркениетіндегі Б-тың басты өлшемі болды. Мыңғырған мал өсірген байлар дәстүрлі қазақ қоғамындағы экон. және әлеум. жүйенің негізін құрады. Олар ауылдастарына, руластарына көмектесіп, мешіт-медреселер ұстап, алғашқы газет-журналдарға демеушілік жасап, талантты жастарды шет елдерде оқытып, қоғамдағы рухани Б-тың сарқылмауына, өсіп-өркендеуіне ықпал етті. Кеңес заманында материалдық Б. ортақтастырылып, жалпыхалықтық меншік ұранымен бірте-бірте адамдарды Б-тан жатсындыру саясаты жүргізілді. Мұның өзі әміршілдік-әкімшілдік жүйе құрсауының орнығуына, бұл құрсау әлсіреген кезеңде ортақ Б-ты талан-таражға ұшыратуға, нәтижесінде адамдардың Б-ты молайтуға деген ынтасының әлсіреп, қоғам дамуының әлем өркениеті көшінен кенжелеп қалуына соқтырды. КСРО ыдыраған соң, дербес мемлекеттігін қайта қалпына келтірген Қазақстанда қоғамды демократияландыру, экономиканы ырықсыздандыру процесі жүзеге асты, әлем өркениетінің үлгісімен Б-ты меншіктену нысандарының барлық түрін қорғауға мемлекет кепілдік береді.