Байланыс операторларына қатысты тергеу басталды

1 Шілде 2022, 05:15 1733

«Кселл» АҚ ұялы байланыс және мобильді интернет қызметтеріне ең жоғары баға белгілеген.

Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы департамент «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға қатысты тергеп-тексерулерді бастады, деп хабарлайды El.kz порталы.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таратқан мәлімет бойынша, халықтың ұялы байланыс операторлары бағасының өсуіне жиі шағымдануына байланысты Агенттік 2020-2021 жылдары ұялы байланыс және мобильді интернет қызметтерінің тарифтерін талдады.

– Құрамына «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС кіретін «Қазақтелеком» АҚ тобының (35%-дан астам) үстем жағдайы анықталды. «Кселл» АҚ талдау кезеңінде ұялы байланыс (орта есеппен 756 теңге) және мобильді интернет (орта есеппен 1765 теңге) қызметтеріне ең жоғары баға белгілеген, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Агенттіктің хабарлауынша, мәселен, бірқатар операторда ұялы байланыс қызметтеріне ең төменгі баға орта есеппен 332 теңге, мобильді интернет қызметтеріне орта есеппен 1022 теңге белгіленген.

Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің анықталуына байланысты, ұялы байланыс және интернет қызметтеріне монополиялық жоғары бағаларды белгілеу белгілері бойынша «Кселл» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеру басталды.

2020-2021 жылдары SMS-тарату қызметтері нарығындағы баға мониторингінің қорытындысы бойынша, Агенттік басқа байланыс операторларымен салыстырғанда, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның бағаларды өсіргенін анықтады.

Байланыс операторлары 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда SMS-тарату тарифтерін орта есеппен 14,03%-ға арттырған.

– Бұл ретте, ең жоғары орташа баға «Қазақтелеком» АҚ тобына кіретін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-да және «КаР-Тел» ЖШС-мен салыстырғанда «Кселл» АҚ операторларында тіркелді. Бағаның ең жоғары өсу қарқыны «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС мен «Кселл» АҚ-да тіркелді, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

SMS-тарату қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері бойынша «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қатысты тергеп-тексеру басталды.

Бөлісу: