Бәйге жарысын 2,5 мыңға жуық көрермен тамашалады

8 Шілде, 23:48 589

Астана қаласының маңындағы Талапкер ауылында «Бәйге» түрлері бойынша республикалық жарыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шабандоздар жеті шақырымдық жорға жарыс, жеті шақырымдық құнан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге, 22 шақырымдық аламан бәйге бойынша сынға түсті. Жарысқа еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан спортшылар қатысты.

Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқына ат спорты өте жақын. Өйткені сан ғасырлар бойы жылқы күнделікті қазақ халқының тіршілігінде біте қайнасып кеткен. Сондықтан да Астана қаласында ат спортын дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Бүгінгі «Елорда кубогына» еліміздің барлық өңіріне 120-дан астам тұлпар қатысып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бүгінгі бәсеке сол жарысқа дайындық десе болады. Барлығына сәттілік тілеймін, - деді Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 30 млн теңгені құрады.

Жорға жарыс (7 шақырым), 15 қатысушы.

1-орын Дастан Алыбакасов (“Ақжауын”, Абай облысы) - 2,5 млн теңге;

2-орын Арнат Мұратхан («Салкүрең», ШҚО) — 1,5 млн теңге;

3-орын Евгений Сибисов («Аквамарин», Қарағанды облысы) - 1 млн теңге.

“Қырғызстанның тумасымын. Былтыр Қазақстаннан ұсыныс алып, осында өнер көрсетіп келемін. Биылдыққа 2 рет жарыс жолына шығып, Абай облысында күміс жүлдеге ие болсам, бүгін чемпион деген атақ бұйырды. Өте қуаныштымын. Бірақ жаңбырдан кейін жарыс жолы өте қиынға соқты. Енді 3 тамыз күні Дүниежүзілік көшпенділер ойынының іріктеуіне қатысамын”, - деді 18 жастағы Дастан Алыбакасов эмоциясымен бөлісіп.

Құнан бәйге (7 шақырым), 28 қатысушы.

1-орын Арнат Мұратхан («Найза», Астана қаласы) - 2,5 млн теңге;

2-орын Бекзат Ділдәхан («Қарлығаш», Алматы облысы) - 1,5 млн теңге;

3-орын Абзал Тұрғанбек («Ұлар», Алматы облысы) - 1 млн теңге;

Топ бәйге (15 шақырым), 30 қатысушы.

1-орын Арнат Мұратхан («Шайкүрең», Астана қаласы) - 4 млн теңге;

2-орын Жанболат Жасұзақұлы («Кемеңгер», Астана қаласы) - 2 млн теңге.

3-орын Абзал Тұрмыс («Мамлюк», Алматы облысы) - 1 млн теңге.

Бәйге (22 шақырым), 37 қатысушы.

1-орын Арыс Жанаров («Көкшақай», Қарағанды облысы) - 5,5 млн теңге;

2-орын Бекзат Ділдәхан («Сайгон», Алматы облысы) - 3,5 млн теңге;

3-орын Ертөс Исламнұр («Бәйтерек», Астана қаласы) - 2,5 млн теңге;

4-орын Дарын Сайлауғазы («Жел», Абай облысы) - 1 млн теңге;

5-орын Алдияр Ердосұлы («Қарлығаш», Астана қаласы) — 500 мың теңге.

“Қыркүйек айында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Бағдарламаға бәйге жарысы да енген. Бұйырса, 3 тамыз күні Павлодар және 11 тамыз күні Алматы қаласында іріктеу турнирі өтіп, жүлдегерлер ел намысын қорғайды. Бүгін ресми турнирдің алдында тұлпарлар дайындықтарын пысықтап жатыр десе болады. Мысалы, «Бәйге» сайысында Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте чемпионы «Сайгон» атты тұлпар қатысуда”, - деді жарыстың бас төрешісі Нұрлыбек Мұхамедияров өз пікірін білдірді.

Жарыстың басты іс-шарасының соңында 2,5 мыңға жуық көрерменнің арасында лотерея ойнатылып, жеңімпаздар тұрмыстық техникаларды иеленді.

Зарина Арман
Бөлісу: