Баянауылда Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық мерейтойы тойланды

12 Тамыз 2023, 22:00 1896

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Павлодар облысы Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Президент құттықтауында.

Мәжіліс төрағасы ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты.

Ол кезде заман қандай болғанын білеміз. Сол аласапыран уақыттың өзінде қаншама шежірені, дастан-қиссаларды, ертегілерді, айтыс үлгілерін көзінің майын тамызып отырып жинағаны ерлікке пара-пар, – деді Мәжіліс төрағасы.

Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.

Берік Арманов
Бөлісу: