16 Қыркүйек 2014, 13:49
Қазақстан бай мен кедей арақатынасы 22:1 қатынасындай екен. Яғни халқымыздың ең бай 10 пайызын ең кедей 10 пайызға бөлгенде 21 есе айырмашылық шығады екен. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Біз қанша бай мемлекет болсақ та, егер осы айырмашылық үлкен болса, дамыған ел қатарына қосыла алмаймыз. Сонымен, осы арақатынастық үлкен болуына не себеп?
Ең алдымен сапалы білімнің бәріне бірдей қолжетімді болмауы. Соңғы он жыл бойы елімізде элиталық білім беру үрдісі белең алып, елдегі бүкіл назар дарынды балаларға арналған мектептерге, гимназияларға, лицейлерге бөліне бастады. Ал дәл осы кезде жалпы орта білім беретін қарапайым мектептердегі білім сапасы күрт төмендеді. Элиталық мектептерде білім сапасы жақсы, бірақ олардың саны қарапайым орта мектептермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Демек, еліміздегі оқушылардың басым көпшілігі сапасы төмендеп кеткен білім алып отыр. Мектеп бітірген соң, элиталық мектеп бітірушілері Назарбаев Университетіне немесе әртүрлі бағдарламалар арқылы шетелдік оқу орындарына түссе, қарапайым мектеп бітірушісі сол аймақтық деңгейдегі білім деңгейі өте төмен ортаңқол университеттерге, институттарға, колледждерге түседі. Нәтижесінде, кім қай жерге жұмысқа тұратыны айтпасақ та белгілі болып шығады.
Сондай-ақ, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жүйе байлардың байи, кедейлердің кедейлене түсуіне ыңғайлы жағдай тудырып отыр. Мәселен, жылжымайтын мүлікті қарастырайық. Еліміздің үлкен қалаларындағы тұрғын үй құны өте қымбат, оған жағдайы төмен отбасы ешқашан қол жеткізе алмайды. Жаңа соғылып жатқан үйлерді көбіне бақуатты адамдар сатып алады. Жаңа пәтерге қол жеткізе тұра, мұндай адамдар ескі пәтерін сатуға асықпай, оны жалға беруге тырысады. Тіпті кейбір адамдар ондаған немесе жүздеген пәтерді сатып алып, сол арқылы дүние табуда. Ал сол жүз пәтерді жалдап отырған 100 отбасы, бүкіл табысын пәтер иесіне бере отырып, тұрақты түрде жағдайы нашар отбасы болып қала береді.
Дәл осы жағдай ауылдық жерлерде де қайталанып отыр. Ауыл-аймақтарда шаруашылыққа жарамды жерлердің бәрі санаулы адамдардың иелігіне өтіп, ауылдағы қарапайым тұрғындар мал жаятын не егін егетін жерге тапшы болып қалды.
Сонымен қатар, бізде ақшасы жоқ, бірақ идеясы бар адамның кәсіпкерлік айналысып, үлкен компания ашуына мүмкіндік аз. Мәселен, АҚШ-та белгілі бір идеясы бар адам жақсы инвесторлар тауып, акционерлік қоғам құру арқылы қалтасында ақшасы жоқ болса да, ақыр соңында әлемнің ең бай адамдарының қатарына ене алады. Стив Джобс пен Билл Гейтс осыған үздік мысал.
Ал бізде бастаманы қолдайтын инвесторлар аз, жоқтың қасы десек те болады. Оған қоса, кәсіпкерлерді қолдауға арналған банк несиелерінің пайыздары да өте жоғары. Ал өзің тиын тебен жинап, бір кәсіп бастайын десең, техника да, офис те, ғимарат та өте қымбат. Сатып алудан бөлек, олардың жалға алу құны да бастаушы кәсіпкерге қолжетімсіз.
Бұдан бөлек, экономикалық теңсіздікке бай мен кедейге бірдей салық салынуы. Дамыған елдердің көбінде прогрессивтік табыс салығы енгізілген және ол бойынша неғұрлым көп табысқа қол жеткізетіндер табысының 40, 50 немесе тіпті 70 пайызына дейін мемлекетке өткізеді. Прогрессивтік табыс салығы біздің елде 2011 жылы енгізілді, алайда оның көлемі дамыған елдердікіне жетпейді. Табысыңыз 250 мың теңгеге дейін болса, салық – 10 %, 250 мың теңгеден жоғары болса – 15 %, 500 мың теңгеден жоғары болса – 20 %. Әрине прогрессивтік салық ставкасын одан әрі көбейте беру дұрыс шешім болмауы мүмкін. Дегенмен, бірнәрсе анықтап алу керек. Егер кәсіпкер жаңа бір нәрсе ойлап тауып, сол арқылы бүкіл әлемге өз тауарын сатып ақша тауып жатса, ондай кәсіпкерге тұсау салмай, одан әрі қолдау керек. Ал егер кәсіпкер қатардағы адамдар есебінен байитын болса, оған прогрессивтік салықты салуға болады. Мысалы, алып-сатар саудагерлер, жерін немесе үйін жалға беретіндер, несие берушілер – осылардың бәрі мемлекетке үлкен пайда әкеліп жатқан жоқ, тек қарапайым азаматтардың ақшасын жинап алу арқылы пайда табады.
Бай мен кедей арасындағы арақатынастың ұлғаюына әсер етіп отырған келесі бір фактор – ол мемлекетке түскен жүктің автоматты түрде қарапайым адамдардың жүгіне айналуы. Инфляция, девальвация, жанар-жағармай тапшылығы, экономикалық интеграция салдары секілді дүниелер әдетте қарапайым адамдарға қатты әсер етеді. Байларға мұндай дүниелер қатты әсер ете қоймайды. Мұны Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков та мойындап отыр. Оның айтуынша, Кедендік Одақ пен Еуразиялық Экономикалық Одақ шарттары Қазақстандағы үлкен компанияларға қатты әсер ете қоймады, интеграция әсеріне болған тауар бағасының қымбаттау проблемасын тек қатардағы азаматтарымыз ғана сезінді.
Осы секілді факторлар әсерінен, Қазақстанда бай мен кедей арасындағы айырмашылық өте үлкен деңгейде сақталып келеді.
Не істеу керек?
Көрсетілген мәселелерді жекелеген қадамдар арқылы шешуге болады, алайда әрбір қадам немесе саяси шешім жаңа бір мәселелерді тудырып жатады. Сол үшін концептуалдық тұрғыдағы ұсыныстарға тоқталайық.
Біріншіден, адамдарды құқықтық, экономикалық және саяси тұрғыдан сауаттандыру керек.
Құқықтық тұрғыдан деуіміз, әрбір азамат өзінің негізгі және жанама құқықтарын білуі қажет. Шын мәнісінде, ҚР заңнамасы бойынша, біздің азаматтардың көптеген құқықтары бар. Алайда ол құқықтарды білмей жүргендер қаншама. Бүгінде жалпақ халықтың сауатсыздығын арадағы алаяқ, спекулянттар жиі пайдаланады және мемлекеттің қарапайым адамдарға, кәсіпкерлерге бөлінетін қаражаты игерусіз қалып жатады. Көршісі немесе қызметтесі мемлекеттің ақшасын ұрлап жатса, адамдар шарасыз жатпағаны абзал. Көбіне мұндай жағдайда «менің шаруам» жоқ деп үндемей қалады, ал шын мәнісінде әрбір заңсыз шешім оның құқығына белгілі бір деңгейде әсер етеді. Дәл сол секілді, егер қарапайым адамға бәз біреу бассыздық көрсетіп жатса, өз құқығын біліп қорғану қажет.
Экономикалық сауаттандыру деуіміз, адамдар заңды түрде ақша табуды, оны сақтауды және көбейтуді білуі қажет. Бүгінде, бізде көптеген адамдар ақша табудың жаңа жолдарын біле бермейді. Ақша тапқанның өзінде оны сақтап, ары қарай көбейту үшін де сауаттылық керек. Мәселен, ақшаны әлі күнге үйде сақтайтындар бар.
Есесіне оның орнына біздің азаматтарда қажетсіз шығындар көп. Солардың бірі аяғы жоқ «тойлар». Жағдайы жоқ болса, несие алып той жасайтындар бар. Бір күндік мақтаныш үшін бірнеше жыл қаржы тапшылығының тауқыметін татып жүреді.
Саяси тұрғыдан сауаттандыру деуіміз, әрбір азамат өз атынан заң шығару ісіне, мемлекеттік басқару жұмыстарына араласатын саяси және әкімшілік тұлғалардан өзінің құқықтарын талап етуі керек. Ал сол талаптың бәрі орындалу үшін мәслихаттың болсын, мәжілістің болсын депутаттарын сайлауда белсенді болу керек. Әрине бұл тұста Президент сайлауын да ұмытпаған жөн. Тіпті, Сенат депутатын сайлауда да әрбір адам өз үлесін қосу керек. Әрине, Сенат депутаттары біздің елде жанама сайлау арқылы мәслихат депутаттарымен сайланады және осыған сүйенетін көптеген адамдар Сенат депутаттарын сайлауда шарасыздық танытады. Шын мәнісінде, саяси белсенді азамат Сенат сайлауына да араласа алады. Ол үшін барынша өз сайлаушыларына лоялды мәслихат депутатын сайлау керек. Мәслихат депутаты Сенат депутатына дауыс беруде өзін сайлаған адамдардың пікірін ескеруі тиіс.
Құқықтық, экономикалық және саяси сауаттанған азаматтар Парламентке де, Үкіметке де, жергілікті әкімшілікке де және өзге де мемлекеттік органдарға дұрыс, әрі орынды талаптар қойып, тиісті заңның, шешімнің қабылдануына, қажетті шараның қолданылуына әсер етеді.
Ал халықты сауаттандырудың бірден бір жолы – ол сапалы білім беру.
Сондай-ақ, елімізде идеологиялық саясатты жандандыру қажет. Бұл идеологияның басты идеясы – әлеуметтік мақсатта қаржысын, мүмкіншілігін аямаған компанияларды, тұлғаларды барынша насихаттау, көтермелеу, қолдау көрсету. Өзге сөзбен айтқанда, бай болудың мәдениетін қалыптастыру керек. Мәселен, бүгінгі таңда әлем бойынша бай адамдар өте көп, олардың бәрі ақшаны қалай табу керек екенін біледі, бірақ қалай жарату қажет екенін біле бермейді. Егер, идеология арқылы бай болудың дұрыс мәдениетін қалыптастыра алсақ, үлкен дүниеге қол жеткізген әрбір азамат жағдайы нашар отбасыларға көмектесіп, талапты балдарға оқу гранттарын бөліп, мүмкіншілігі шектеулі жандарға материалдық қолдау білдіруді өзіне парыз санайтын болады.
Қорытынды есебінде
Сауаттылық, білім және мәдениет қарастырылып отырған мәселені ұзақ мерзімде тиімді шешуге мүмкіндік береді. Сол үшін бүгіннен бастап әрбір азаматпен жұмыс істеуді бастау керек.
Дархан Өмірбек