9 Тамыз 2016, 10:46
Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Жаралы періште» атты фильмі Германияда өткен «Funf Seen Filmfest» халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Шараның 7 тамыз күні өткен жабылу салтанатында ең үздік фильмге 5 мың еуро көлемінде сыйақы берілді. Фестивальдің қазылар алқасының құрамында Микаэль Верхевен, Роланд Колла сияқты режиссерлер мен продюсер Молли фон Фюрстенбергтердің қазақстандық картина туралы пікірі ерекше.
«Біз осы фильм арқылы қазақстандық жасөспірімдердің өміріне саяхат жасадық. Олар өздері ел болашағы деп саналғанымен, өздерінің болашағы бұлыңғыр. «Жаралы періште» - өзгеше фильм. Оның өзіне тән қатаң стилі бар» дейді қазылар алқасының мүшелері.
Фильм биыл ақпан айында Берлинде алғаш рет көрермен назарына ұсынылды. Ол қазірдің өзінде Сараевода өткен ХХ халықаралық кинофестивальде «Work in Progress» арнайы бағдарламасының басты сыйлығын жеңіп, Кошицада өткен «Art Film Fest» халықаралық фестивалінің «Ең үздік режиссер» аталымында жеңіске жетті. Сонымен қатар, туынды Тайвань және Оклендте өткен кинофестивальдардың халықаралық байқау бағдарламасында бақ сынады. Трилогияның алғашқы бөлімі – «Асланның сабақтары» осыдан үш жыл бұрын Берлинде таныстырылып, «Күміс аю» сыйлығы мен «Моргенпост» газетінің жүлдесін жеңіп алған болатын.
«Жаралы періште» – жасөспірімдердің басынан өтетін қиындықтар туралы трилогияның екінші бөлімі. Жобаға Қазақстаннан бөлек, Франция, Швейцария, Голландия, Германия және Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары атсалысқан. Фильм фин суретшісі Хуго Симбергтің әйгілі картинасымен аттас. Мұнда төрт кейіпкердің демалыс кезінде басынан кешкен оқиғалары баяндалады.
Байғазиннің екінші фильмі 11 мамырда Францияда прокатқа шықты. Ал, екі күннен соң Алматыда оның қазақстандық премьерасы өтті. 25 мамырда фильм Сиэтл қаласында америкалық көрермендерге таныстырылды. Ал Германия кинотеатрларында 3 қарашадан бастап көрсетіле бастайды.
АНЫҚТАМА:
«Funf Seen Filmfest» халықаралық кинофестивалі биыл өзінің онжылдық мерейтойын тойлады. Шара аясында 130-ға жуық көркем, деректі және қысқаметражды фильмдердің көрсетілімі өтті.
Айбота ӨТЕУЛІ