Бауыржан Ретбаев «Қазақстан дауысы» атанды

17 Ақпан 2015, 18:43

15 ақпан күні Ұлттық арнада «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасының гранд-финалы өтіп, көрерменнің таңдауы бойынша Бауыржан Ретбаев есімді жас әнші жеңімпаз атанды.

15 ақпан күні Ұлттық арнада «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасының гранд-финалы өтіп, көрерменнің таңдауы бойынша Бауыржан Ретбаев есімді жас әнші жеңімпаз атанды. Алмас Кішкенбаев тобында өнер көрсеткен Бауыржанға 5 млн теңге көлемінде сыйақы бұйырды.

Финалға бар-жоғы 4 үміткер шықты: Бауыржан Ретбаев, Мақсат Мақұлбеков, Индира Еділбаева және Данияр Исмаилов.

Ақтық кезеңнің алғашқы айналымында қатысушылар танымал қазақстандық әншілермен дуэт болып ән айтты. Мәселен, Индира Еділбаева сахнаға ҚР Халық әртісі Роза Рымбаевамен, Бауыржан Ретбаев «Turkvision 2014» байқауының жеңімпазы Жанар Дұғаловамен, Мақсат Мақұлбеков опера өнерінің жұлдызы Сүндет Байғожинмен, Данияр Исмаилов «Қазақстан дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы Шахаризат Сейдахметовпен шықты.

Көрермендердің дауыс беруі бойынша додадан бірінші болып Медеу Арынбаев тобындағы Мақсат Мақұлбеков шығып қалды. Қалған қатысушылар «Қазақстан дауысы» атануға одан әрі таласты. Қайта дауыс беруден кейін Мадина Сәдуақасова тобындағы Индира Еділбаева жарысты тоқтатты.

Алмас Кішкенбаев тобындағы Бауыржан Ретбаев пен Нұрлан Албан тобындағы Данияр Исмаилов еліміздің ең үздік дауысы атағы үшін күресті. Кезекті дауыс беру Бауыржанның жеңімпаз атанғанын көрсетті.

Бауыржан Маңғыстау облысының тумасы. Бүгінгі таңда ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алуда. 2013 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық байқаудың 2-орын иегері. «Егер әнші болмағанымда, өзге жерлестерім секілді мұнайшы болар ма едім» - дейді Бауыржан.

Қазақстан Дауысы – «Қазақстан» ұлттық арнасынан жарық көрген музыкалық вокалды тележоба. Алғашқы маусымы 2013 жылдың күзінде басталды. Жоба голландиялық The Voice of Holland телешоуының қазақстандық баламасы.

Жоба 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысуға ниет білдірген барлық үміткер тыңдалады. Оның нәтижесінде қазылар алқасы өз тобына ең мықтыларын іріктеп алады. Екінші кезеңде қатысушылар жұп болып өнер көрсетеді. Үшінші қорытынды кезеңде жеңімпаз бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде анықталады.

Қатысушылар тек дауысы бойынша бақ сынайды. Тыңдау сынағы кезінде қазылар алқасы өнер көрсетіп жатқан қатысушыға көрмей тұрып баға береді. Қазылар алқасында: Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Албан және Медеу Арынбаев секілді қазақ эстрадасыың жарық жұлдыздары.

Дәурен Омаров

Бөлісу: