Бауыржан Момышұлы соғыста қандай әдісті пайдаланды

16 Сәуір, 16:30 3204

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы «Дешті Қыпшақ даласының батырлық дәстүрін», яғни көне түркі, қыпшақ, қазақ жауынгерлік өнерінің әдіс-тәсілдерін екінші дүниежүзілік соғыста қолданды деген пікір ел аузында айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Оны  El.kz тілшісі тарихшы-ғалым Ғалымтай Төлепбергеновтен сұрап білді.

Кеңес тактикасын жоққа шығарған командир

Тарихшының сөзінше, бұл пікір шындыққа жарасады, «Бауыржан спиралі» деген осы деді.

Жуковтардың «жесткий оборона» тактикасын жоққа шығарған. Бауыржан Момышұлы аз әскермен күші басым жауды бөгей білген тамаша қолбасшы. Аға лейтенант дәрежесінде генералдардан артық тактикалық басқаруды іс жүзінде жүргізген. Қазақ болмай армян, грузин, орыс, еврей болғанда соғысты армия басқарған әскербасы ретінде аяқтар еді. Ол дивизия басқарып қана соғысты аяқтады. Ресейде неше түрлі генерал бар армия басқарған соғыста, бірақ Бауыржандай оларды ешкім танымайды, – дейді тарихшы-ғалым.

Ғалым Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде даңқы шыққан қолбасшының бірі екенін, соғысқа дейін қиыр шығыстағы жапон милитаристеріне қарсы соғыс қимылдарына қатысқан тәжірибелі офицер болатын деп тілге тиек етті.

«Спираль әдісі» — әскери жаңалық

Соғыс басталған кезде Бауыржан Момышұлы Панфилов дивизиясының құрамында батальон командирі ретінде майданға кірді. Дәл осы сәттен бастап оның қолбасшылық қабілеті мен әскери дарыны ерекше көзге түсті. Мұны байқаған дивизия командирі, генерал Иван Васильевич Панфилов Бауыржанды дивизияның ең қауіпті учаскелеріне арнайы тапсырмалармен жіберіп отырды. Бауыржан Момышұлы соғыс жүргізу тактикасында көптеген жаңалықтар енгізді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы — кейін әскери академияларда арнайы пән ретінде оқытылған «спираль әдісі» деп аталған соғыс тактикасы болды, – дейді тарихшы Ғалымтай Төлепбергенов.

Ғалым 1941 жылдың күзі екінші дүниежүзілік соғыстың ең күрделі кезеңдерінің бірі болғанын, Мәскеу түбінде аса ауыр, шешуші жағдай қалыптасқанын жеткізді.

Мәскеуді қорғаймыз ба, әлде жауға беріп қоямыз ба?» деген үлкен сын сағаты туған еді. Сол уақытта Солтүстік-Батыс майданнан жаңадан жасақталған, Қазақстанда құрылған екі дивизия және үшінші бір қосымша дивизия Мәскеу түбіне жіберілді. Бұл шешім ел тағдырын айқындаған тарихи сәттердің бірі болды. Жалпы Қазақстаннан Мәскеу бағытын қорғауға үш бірдей дивизия жасақталған болатын. Солардың бірі — атақты 316-шы атқыштар дивизиясы. Бұл дивизия Волоколамск бағытында, Мәскеуге апаратын негізгі тас жолдың бойында орналасқан еді, – дейді.

Мәскеу түбіндегі шешуші шайқастар

Неге дәл осы бағыт маңызды болды? Себебі Ресейдің көптеген жерлері батпақты, жол жүруге қиын. Сондықтан үлкен әскери техника мен колонналардың қозғалысы үшін құрғақ, кең тас жолдардың маңызы зор еді. Волоколамск тас жолы — Мәскеуге апаратын тура бағыт, сондықтан оны жауға беруге болмайтынын айтты.

Сол кезге дейін Кеңес әскерінің қолданған негізгі әскери тактикасы қатал қорғаныс болатын. Яғни, бір қадам артқа шегінуге болмайды деген ұстаным. Бұл жауға бір метр де жер бермейтін, қатаң тәртіпке құрылған қорғаныс стратегиясы еді. Сол кезеңде Кеңес армиясы майдан шебін тұтас қамтитын стационарлы қорғаныс шептерін құруға тырысты. Яғни, бүкіл майдан бойымен үздіксіз қорғаныс желісін жасау көзделді. Алайда мұндай шептерді барлық жерде бірдей құру мүмкін емес еді. Жердің ерекшелігіне, күштің жетіспеушілігіне байланысты кейбір тұстар ашық, қорғалмаған болып қалатын, – дейді.

Сарапшы әсіресе стратегиялық маңызы бар учаскелерде, жау тосыннан шабуыл жасап, шепті бұзып өтуі әбден мүмкін еді деп отыр. Сол себепті 1941 жылдың 14-15 қазанында, Мәскеу бағытын тікелей қорғайтын әскер қалмағанын, бұл күндері Мәскеу үшін ең қауіпті, шешуші сәттер туғанын жеткізді.

Қаланы қорғау міндеті енді жаңадан келген дивизиялардың, соның ішінде қазақстандық құрамаларға артылды. Өйткені сол кезде Батыс майданның негізгі күштері Витебск түбінде қоршауға түсіп қалған еді. Бұл жағдай Мәскеу бағытындағы қорғанысты мүлде әлсіретті. Жағдайдың күрделенгені соншалық Мәскеудің өзіндегі үкімет мекемелері эвакуациялана бастады. Кеңес үкіметі ел астанасын Свердловск қаласына (қазіргі Екатеринбург) көшіруге шешім қабылдады. Бұл әрекет елдегі жағдайдың қаншалықты дағдарысты болғанын айқын көрсетті, – деді тарихшы-ғалым.

Сол күрделі кезеңде Сталиннің өзі Мәскеуден «Кетемін бе, кетпеймін бе?» деген шешімге келе алмай, екі ойлы күйде болғаны белгілі деп отыр. 1941 жылдың 13-14 қазан күндері Мәскеуде нағыз дүрбелең басталған.

Қалада тәртіп бұзушылық, тонаушылық, бандиттік, жаппай қашу әрекеттері орын ала бастады. Халық арасында үрей мен сенімсіздік өршіп тұрған шақ еді. Міне, дәл осындай сын сағатта, Қазақстанда жасақталған үш бірдей дивизияның Мәскеу бағытына келуі өте маңызды оқиға болды. Бұл құрамалар негізінде жаңа 16-шы армия құрылды, оның қолбасшылығына атақты әскери стратег Константин Константинович Рокоссовский тағайындалды. Рокоссовский 16-шы армияны басқаруға тағайындалған кезде, оның қолындағы негізгі оперативтік күштер әртүрлі бағыттардан жинақталған жаңа әскери құрамалар болды. Бұл құрамалардың ішінде ең соғысқа қабілетті әрі тәртіпті дивизия Панфилов атындағы 316-шы атқыштар дивизиясы еді, – деді Ғалымтай Төлепбергенов.

Панфилов дивизиясының ерекшелігі

Аталған дивизия негізінен Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Ақтөбе облысында жасақталған. Сонымен қатар, осы құрамда 310-шы (Петропавл) және 238-ші (Ақмола) атқыштар дивизиялары да бар болатын. Алайда дәл сол сәтте, Панфилов дивизиясы ерекше сенімге ие болып, Мәскеу түбіндегі ең маңызды бағытқа жіберілді.

Сірә, Панфилов дивизиясының жасақталған жері Семей өңірі болуы керек. Осы дивизия бірнеше бағытты бірдей қорғауға жұмылдырылды. Сол ауыр кезеңде Бауыржан Момышұлы өзінің бірегей әскери ойлау қабілетін көрсетті. Ол «спираль» тактикасын алғаш рет нақты осы Мәскеу түбіндегі шайқастарда қолданды. Бұл тактиканың негізгі мәні — Мәскеуге апаратын негізгі жолдарда мықты қорғаныс шептерін ұйымдастырып, қарсыласқа үлкен кедергілер жасау. Алғашқы қорғаныс шебінде жауды біраз бөгеп, ұрыс жүргізе отырып біртіндеп шегіну тактикасы қолданылды. Алайда бұл шегіну жеңілістің белгісі емес, есеппен жасалған айла болатын, – дейді.

Тарихшының айтуынша, шегінген әскерлердің артында әрдайым екінші қорғаныс тобы дайын тұратын. Ал жау негізгі күшін алдыңғы шепке шоғырландырып, сол бағытқа ұмтылғанда, Бауыржан Момышұлының бөлімдері жаудың желкесінен тұтқиылдан соққы жасап, үлкен шығынға ұшыратып отырған. Бұл тәсіл жауды шатастырып, моральдық тұрғыда әлсіретіп отырған.

Қоршауда жеті рет қалған қолбасшы

Сол себепті Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінде болған ұрыстарда жеті рет қоршауда қалып, әрқайсысынан жол тауып шыққан, күрделі шайқастарды табысты жүргізген қолбасшы ретінде ерекше танылды. Оның басқаруымен өткен шайқастар шегіне отырып соғысу, тосын шабуылдар жасау, әскерді жоғалтпай алып шығу бәрі де әскери шеберліктің биік үлгісі болды. Осы ерліктері арқылы Бауыржан Момышұлы жоғары қолбасшылық тарапынан үлкен құрметке ие бола бастады. Алайда соған қарамастан, оның ұлтының қазақ болуы, әрі өзінің тік мінезі, шыншылдығы, ешкімге жалтақтамайтын тұғырлы тұлғалығы оның мансап жолында кедергі де болғаны рас, – деді.

«Ол ешкімнің алдында бас имейтін, әділетсіздікке көнбейтін, тек шындықты ғана айтатын адам болатын», дейді ғалым.

Алайда Бауыржан Момышұлының ерлігі мен әскери шеберлігіне қарамастан, жоғары қолбасшылық оны көпке дейін лайықты дәрежеге көтермей қойды. Соғыс кезінде ол аға лейтенант шенінде батальон командирі болып қызмет атқарды. Тіпті бір кезеңде аға лейтенант шенінде жүріп, полковник басқаруға тиісті полкті басқарған кезі де болды. Бұл оның ерекше әскери дарынына деген сенімнің белгісі еді. Сөйтіп, жоғары жақ амалсыздан оған капитан, кейіннен майор атағын беруге мәжбүр болды. Бірақ бұл марапаттар оның нақты еңбегі мен қолбасшылық дарынына кешігіп берілгенін аңғартады, – деді.

Бауыржан Момышұлы соғысты Курляндия түбінде аяқтаған, ол кезде ол 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі қызметін атқарып жүрген көрінеді.

Соғыстан кейін де Бауыржан Момышұлы әскери салада белсенді қызметін жалғастырды. Ол Кеңес Одағының бас штабы жанындағы әскери академияда, сондай-ақ КСРО ғылым академиясында әскери тактика, соғыс теориясы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Бауыржан Момышұлының соғыс туралы терең ойлары мен әскери психологияға қатысты көзқарастары атақты жазушы Александр Бекке айтылып, сол әңгімелердің негізінде «Волоколамск тас жолы» атты әйгілі кітап дүниеге келді. Бұл шығарма — диалогтық формада жазылған, бірегей әскери-рухани еңбек, – дейді.

Әлем мойындаған әскери мұра

Сарапшының айтуынша, ол тек бір батальон командирінің өмірін емес, соғыс жағдайындағы адам психологиясын, рухтың мызғымас күшін, әскери стратегия мен тактиканы терең сипаттап береді. Бұл кітап бүгінде де Израиль қорғаныс армиясының офицерлеріне арналған оқулық ретінде қолданылады. Бұл — Бауыржан Момышұлының әскери дарыны мен рухани болмысының әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі.

Бауыржан – жай ғана батыр емес. Ол – түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының ежелгі жауынгерлік дәстүрін жаңа заманда дәлелдеп, нақты іспен көрсетіп кеткен бірегей тұлға. Оның ерлігі ұлттық рухтың көрінісі, оның ұстанымы елдік пен ерліктің өлшемі болды, – дейді тарихшы-ғалым Ғалымтай Төлепбергенов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: