Бауыржан Байсеркин Абай облысындағы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайымен танысты

12 Қараша 2022, 18:40 1488

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді

Абай облысында өткен жұмыс сапары аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин балалар жұқпалы аурулар ауруханасына, «ФК орталық дәріхана» ЖШС-не барып, облыстық перинаталдық орталық пен ядролық медицина және онкология орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz.

«ФК орталық дәріхана» ЖШС-не сапар барысында Комитет пен оның Абай облысы бойынша аумақтық департаментінің өкілдері дәрі-дәрмектердің ассортиментімен, дәрі-дәрмектерге баға саясатымен танысты, сондай-ақ бүгінгі таңда қандай дәрі-дәрмектерге сұраныс жоғары екенін сұрады.

Орталық дәріхана басшылығы бөлшек сауда желілеріндегі дәрі-дәрмек қорлары туралы хабардар етті және қазіргі уақытта аймақта дәрі-дәрмектердің жеткілікті саны бар екенін, сондай-ақ әртүрлі аналогтары бар екенін атап өтті.

«Бүгінде халықты сапалы, қауіпсіз және тиімді препараттармен қамтамасыз ету маңызды. Біз қазір елдің шалғай ауылдарында дәрілік заттардың қолжетімділігіне ерекше назар аударамыз. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп осы мәселе кешенді түрде пысықталуда», - деді Бауыржан Байсеркин.

Әңгімелесу барысында комитет өкілдері GxP тиісті фармацевтикалық тәжірибелерін енгізуге баса назар аударды.
Орталық дәріхана жақын арада GPP инспекциясын (тиісті дәріхана практикасының стандарты) өткізуге өтінім беруді жоспарлап отырғаны атап өтілді.

Жұмыс сапарының соңында комитет өкілдері «ФК орталық дәріхана» ЖШС қызметкерлеріне жемісті кездесуі үшін алғыс айтып, барлық сұрақтарға жауап берді.

EL.KZ
Бөлісу: