«Бауыры екіге бөлініп, ішегі үзілген». 4 жасар баланың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр

16 Сәуір, 10:49 2015

Алматыда 4 жасар Хантөрені өлтірді деген күдікке ілінген 19 жастағы өгей әкесіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кезекті сот отырысында баланың балабақшадағы тәрбиешісі куәлік берді. Ол Хантөре бөбекжайға келгенде бет-аузы көгеріп, селсоқ күйде болғанын айтты.

Сағат 9:30-дар шамасында баланы алып келді, киімдерін шешкенде беті көгергенін байқадым. Кабинеттен шығып келе жатқанда ол құсып жіберді. Құсқаннан кейін киімін ауыстырып жатқан сәтте баланың өзінен «не болды» деп сұрағанымда «әкем ұрды» деп жауап берді, - дейді.

 Баланы ұрғаннан бауыры мен бүйрегі езіліп кеткен, ішегі үзілген. Дегенмен сот отырысында айыпталушы 19 жастағы өгей әкесі кінәсін мойындамай отыр. Бастапқыда айтқан сөзінен жалтарған. 

4 жастағы Хантөре балабақшаға бар болғаны 17 күн барған. Жантүршігерлік оқиға былтыр қыркүйек айында болды. Қатты соққы алған Хантөре бес күн жансақтау бөлімінде жатып, көз жұмды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: