Батыс және жаңадан құрылған өңірлердің талапкерлері үшін қандай гранттар бар

30 Қазан 2023, 19:00 996

2022-2023 оқу жылында халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлерден келген жастарды қолдау мақсатында батыс өңірлердің жастарын оқыту үшін Маңғыстау облысында 6000, Атырау облысында 4000 нысаналы білім гранты бөлінді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы алғаш рет ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі – «Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлердегі жетекші жоғары оқу орындарында жастарды оқытуға арналған нысаналы білім беру гранты» айқындалды. Бұл Атырау және Маңғыстау облыстарының мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарында оқу үшін нысаналы гранттар алуға мүмкіндік берді.

Білім беру гранттары педагогикалық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары сияқты дайындық бағыттары бойынша бөлінген.

Нысаналы білім беру гранттарының негізінде Маңғыстау және Атырау облыстарының талапкерлері еліміздің 41 жетекші ЖОО-да оқуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылына батыс, халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған өңірлерден келген жастарға 5000 грант бөлінді, оның ішінде Атырау облысының жастарына 1500 грант, Маңғыстау облысының – 1500, Түркістан облысының – 500, Шымкент қаласының - 400, Абай облысының - 500, Жетісу облысының - 300, Ұлытау облысының - 300.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп түлектер мен олардың ата-аналары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша жол карталарын бекітті.

Жазғы қабылдау науқанының және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның шешімдерінің қорытындысы бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған батыс, халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған өңірлер үшін бөлінген барлық 5 мың нысаналы білім гранты толық көлемде игерілді.

Сондай-ақ жоғары оқу орындарының тізбесін айқындау кезінде ғылыми әлеует, материалдық-техникалық деңгей, оқу-әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз ету, аккредиттелген білім беру бағдарламаларының болуы, түлектердің жұмыспен қамтылу дәрежесі, халықаралық және/немесе ұлттық рейтингтерге қатысу, сондай-ақ жатақханалар, қоғамдық тамақтану орындары мен медициналық мекемелердің болуы, басқа қалалардан келген білім алушылардың тұруы сияқты өлшемдерге ерекше назар аударылғанын атап өту қажет.

Берік Арманов
Бөлісу: