Батыс Қазақстанда жас жігіт Шағанға батып кетті

6 Шілде 2023, 20:55 1008

Батыс Қазақстан облысында 21 жастағы жігіт Шағанға батып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 5 шілде күні кешкісін Бәйтерек ауданы Асан ауылында болды.

Сағат 19.54-те «Ранчо» кафесі тұсында Шаған өзенінен 21 жастағы жігіттің денесі шығарылды. Оның досының сөзіне қарағанда, жігіт сағат 18.35-те шомылуға жабдықталмаған жерден түсіп, суға батып кеткен. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. БҚО ТЖ департаменті алдағы демалыс күндерінің қатты ыстық болатындығын ескере отырып, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, жабдықталмаған жерден түспеу, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау керектігін еске салады, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Департамент мәліметіне қарағанда, кеше сағат 18.40-та сондай-ақ Орал қаласы Желаев кенті ауданында «Карьер» жасанды су қоймасында 16 жастағы екі жасөспірім суға кетіп қала жаздады. Жабдықталмаған жерден суға түскен оларды құтқарушылар аман алып қалды.

Осымен биыл өңірде 2 адам суға кетсе, оның біреуі – жасөспірім. 6 адам құтқарылса, соның бесеуі – балалар.

Берік Арманов
Бөлісу: