Батыс Қазақстанда 1 кент пен 5 ауыл әкімі сайланды

3 Маусым, 08:45 713

Батыс Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Орал қаласы Деркөл кентінде, Тасқала ауданындағы Достық, Сырым ауданындағы Жетікөл, Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе, Бөрлі ауданындағы Бумакөл ауылдық округтерінің әкімдері сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

15121 сайлаушысы бар Орал қаласы Деркөл кентінде 1604 адам дауыс берген. Жалпы дауыс санының 73,1 пайызымен (1061 дауыс) Жұбан Жұмағалиев әкім болып сайланды. Ол өзін-өзі ұсынған. 1992 жылы дүниеге келген.

Тасқала ауданы Достық сайлау округінде  сайлаушылар саны – 504. Оның 273-і өз таңдауын жасаған. 144 дауыс жинаған Асхат Сапаров жеңіске жетті. Асхат Гайдарұлы 1989 жылы дүниеге келген. Өзін-өзі ұсынған кандидат.

Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округінде 564 тұрғын сайлаушы ретінде тіркелген. Оның 286-сы дауыс берген. 175 сайлаушының таңдауымен ауыл әкімі болып 1983 жылы дүниеге келген Айдархан Рамазанов сайланды. Бұл кандидатты «AMANAT» партиясы ұсынған.

Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округінде сайлаушы саны -  791. Соның 387-сі сайлауға қатысқан. 331 дауыс жинаған Жәнібек Абиров жеңіске жетті. 1986 жылғы кандидатты «AMANAT» партиясы ұсынған.  

Бөрлі ауданына қарасты Бумакөл ауылдық округінің әкімі болып өзін-өзі ұсынған кандидат Нарынбек Қаймұлдинов сайланды. Ол сайлаушылардың 83,4 % дауысына ие болды. Бұл округте жалпы сайлаушы саны – 698.

Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округінде сайлаушы саны - 774, соның 353-і өз таңдауын жасаған. 247 дауыс жинаған Нұрлан Аюпов ауыл әкімі болып сайланды. Ол да өзін-өзі ұсынған кандидат.  

Зарина Арман
Бөлісу: