Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарын су басты

9 Қаңтар, 11:36 1212

Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтып, су тасқынының алдын алу бойынша Үкіметке бірқатар шара қабылдауды тапсырды, хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Былтырғы жылдың соңы мен биылғы жылдың басында ауа райы жауын-шашынды болып, қар көп түссе, бүгінде еліміздің шамамен 90% аумағын қар басып жатқан көрінеді. Үкімет басшысы мұның барлығы су тасқыны қаупін арттыра түсетінін айтты.

Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында елді мекендерді су басып, жолдарды шайып кеткен фактілер кездесіп отыр. Желтоқсан айының ортасында Алматыда Есентай өзені де арнасынан асып кетті. Су деңгейі 1,5 метрге көтерілді. Мұндай жағдайлар қыс ортасында, алдағы су тасқыны кезеңіне дейін болды. Сол себепті өңір әкімдіктері аталған мәселелерге арнайы назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі керек, – деді Әлихан Смайылов.

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша, биыл қаңтар-ақпан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Премьер-министр бұған да дайын болу керегін атап өтті.

Су ресурстары министрлігі осы бастан су қоймаларын толтыру көлемін анықтап, оны тұрақты түрде бақылап отыруы қажет. Былтыр тамыз айында су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі іс-шаралардың алдын ала және сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырдым. Алайда жекелеген қажетті шаралар ұзақ уақыт бойы қабылданбай келеді. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдар су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылауға алуы қажет. Өңір әкімдіктері жоспарланған барлық іс-шараларды аяқтауға міндетті, – деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов оңтүстік және батыс өңірлер қазірден бастап былтырғы жағдайлар мен жаңа болжамдарды ескере отырып, жоғары дайындық режиміне өтуі қажет екенін тапсырды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: