Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстандағы ауылдарға қаржыландыру көзі жетіспейтінін айтып, ұлттық экономика министріне тікелей сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облысы 20 өңірдің ішінде ең соңғы – 19-орында орналасқан. Одан кейін Жетісу облысы тұр. Маңғыстауда 774 мың тұрғын, Атырауда 697 мың тұрғын, БҚО-да 690 мың тұрғын бар. Үш облыста да тұрғындар саны көп. Ауылдық округ санын алатын болсақ, Маңғыстауда 59, Атырауда 153, БҚО 416 ауылдық елді мекен бар. Өңірлік стандарттар жүйесі 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бірақ БҚО-ға келгенде қаржыландырудың дұрыс жолға қойылмауына байланысты ауыл тұрғындары бұл игілікті көре алмай отыр, – деді депутат.
Ол ауылдық елді мекендер саны ескерілмай қалып жатқанына қынжылысын білдірді. Батыс Қазақстанда осы стандартқа сай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 416 ауылдық елді мекеннің жартысына жуығын сызып тастап, 223 ауылды перспективаға сай деп танып, амал жоқ, жартысын ғана қаржыландыруға мүмкіндігі жетті деп айтты.
Осы жаңа жүйеде ауыл санына байланысты ерекшеліктер ескеріле ме, жоқ па? Өйткені оның инфрақұрылымын ұстап отыру және дамыту үшін қаражат керек екендігі мәлім ғой, – деді Абзал Құспан.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 2023 жылы БҚО-ға 2 миллиард теңге бөлінгендігін айтты.
Бірақ әдістеме бойынша бірқатар фактор есепке алынады. Оның ішінде ауылдар саны. Сол себепті инфрақұрылымды қамтамасыз ету қиын. Бұл мәселені кешенді түрде шешуге және әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді министр.