10 Маусым 2015, 08:39
Бұл іспен Әсем Садықова мектепте жүрген кезінен айналысқан екен десек, бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің үшінші курс студенті жинақтаған Баукеңнің қанатты сөздерінің басы әжептеуір құралып қалыпты. Өзінің айтуынша, жас зерттеуші бұл сөздерді батыр атасының қолына түскен шығармаларынан түзген. Біраз кітаптары, түрлі баспасөзде жарияланған шығармалары оған жетпегені де анық. Батырдың туғанына жүз жыл толуына орай оның 30 томдық шығармалар жинағы шығатынын естіген Әсем бұл ісін одан әрі жалғастыратынын айтады. Әзірге жас зерттеуші жинаған Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Ерлік – тәрбие жемісі.
Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр.
Солдаттың анасы – Отанның анасы.
Ақылды кісінің сөзі де, өзі де сүйкімді.
Жақсы солдат командирге ұстаз, ал, жаман, ақымақ генерал командир түгілі солдатқа ұстаз бола алмайды.
Соғыстың заңы – өте қатал заң.
Біреудің қатесін орынсыз кешіруге болмайды.
Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл.
Жалтақтардың көбі ақымақ, әкімқұмар келеді.
Орынды іске, пайдалы қаталдыққа ешкім өкпелемейді.
Символдық сыйлықтарды қара бастың құлқынына құрбан ету – қасиетсіздік.
Мақтау қауіпті нәрсе. Мақтаудың екі түрі бар: біріншісі – қара ниетті мақтау, екіншісі – ақ ниетті мақтау.
Адамның көзқарасы мен түрі – жан дүниесінің рентгені.
Орынды зіркілдеу – сабақ, орынсыз зіркілдеу – азап. Орынды зіркілдеу жастарды дұрыс жолға, орынсыз зіркілдеу бұрыс жолға салады.
Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ.
Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Опасызда Отан жоқ.
Отанда опасызға орын жоқ.
Отаның үшін отқа түс – күймейсің.
Айғаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен басқар.
Тәрбиелі – тәртіптің құлы.
Тәртіпті – елдің ұлы.
Белдескеннің белін сындыр,
Тірескеннің тізесін бүктір!
Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,
Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
Әдіссіздік – әлсіздік,
Ептілік те ерлік.
Қарабет болып қашқанша,
Қайрат көрсетіп өлген артық.
Берік болмай ерік жоқ.
Жақсы сөз жан сүйсіндіреді,
Бойға қуат бітіреді.
«Б.Момышұлы туралы естеліктер», «Білім» баспасы, Алматы, 2005 ж.