Батыр Мәншүкке қамқор болған Шоң Жантілеуов

6 Мамыр 2015, 08:41

Шоң Рахымұлы Жантілеуов 1916 жылы 25 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы Чкалав ауданы Амандық ауылында дүниеге келген.

Шоң Рахымұлы Жантілеуов 1916 жылы 25 желтоқсанда бұрынғы Көкшетау облысы Чкалав ауданы Амандық ауылында дүниеге келген. 1939 жылы Финляндия соғысына қатысқан. 1940 жылы Краснодар зенит-артиллерия училищесіне түсіп, соғыстың кесірінен мерзімінен бұрын лейтенант шенінде бітіріп, 1941 жылдың қараша айында  Москва қаласындағы Дзерженский атындағы әскери академияда оқ боратқыш «Катюшаны» менгеруді үйренеді. Одан соң ол Қазақстанға келіп Алматыда жасақталған әскерлерді жаттықтырады.

1942 жылы шілде айында жаңа құрылған 100-бригадамен бірге майданға аттанады. Осы бригадада батыр Мәншүк те бірге соғысқа аттанады. Мәншүк өз еркімен соғысқа тіленіп, аттанғаны белгілі.  Мәншүк алғашында штабта, кейін пулеметші курсын оқып бітіреді. Шоң ағамыз Мәншүкпен бірге Ржев, Великие Луки, Невель қалалары үшінгі соғыста бірге болады.

Шоң аға өз естелігінде:   1943 жылы 15 қазанда Калинин облысы Изочи темір жол бекетін босату жайлы жоғарыдан бұйрық келді. Бұл екі жаққа да стратегиялық маңызы зор нысан болатын. Шабуылға  таңғы 5 шықтық. Оқ екі жақтан қарша борады. Бекет немістер мен, біздің қолға кезек кезек көшті. Ажалмен арпалысқан сын сағатта Мәншүктің пулеметі жауды баудай түсіріп, дамылсыз атқылағанда,  көмекшілері оқ әперуге әзер үлгеріп жатты. Біздің жаяу әскер неміс шебін бұзып алға жылжыды. Бұған өшіккен жау көмекке авиациясын қосты. Ұшақтан төменге оқ бұршақтай жауды. Немістер Мәншүктің пулеметы орналасқан нысанға шүйлікті.

Зеңбірек оғының топырақ үйіндісіне Мәншүк бірнеше мәрте бастырылып қалды. Қасындағы Ибраһим деген досы «Мәншүк» деп айқайлап таба алмай қалатын. Осындай сұрапыл сәтте Мәншүк жараланып қалды. «Мәншүк қалқам, жараландың, медсан батқа бар» дегеніме қарамай, пулеметімен оқ бората берді. Кенет зеңбірік оғы төпеп кетті. Мәншүктің пулеметі үнсіз қалды.  Жаужүрек қазақ қызын мақтан тұтқан  бригада үшін ауыр қаза болды  – деп, Мәншүк ерлігінің куәгері жазыпты. Ол өз естелігінде Невель қаласындағы бауырластар зиратында қарулас серігі, аяулы қарындасы Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова және Дивизия командирінің орынбасары подполковник Әбілқайыр Баймолдиннің қатар жерленгені, ет-жүрегімді елжіретті деп, тебірене жазған екен.

Шоң аға аман-есен соғысын жалғастыра береді.  Жеңістен соң 1945 жылы Манжурияда, Жапондармен соғысады. Осы соғыста ерлік көрсетіп, тек жоғарғы шендегі офицерлерге берілетін Александр Невский орденімен марапатталады. Қаһарман қазақ офицері соғыстағы ерлігі үшін А. Невский, Жауынгерлік Қызыл ту, Бірінші дәрежелі Отан соғысы  орденімен бір мәрте, осы орденнің екінші дәрежесімен 2 рет және ерлігі үшін 12 медальмен марапатталған екен.

Соғыстан соң, еліне келген Шоң Рахымұлы тың көтеру ісіне белсене араласады.  Ол бұрынғы Көкшетау облысындағы Қызыл ту ауданынның «Жаңа ауыл» совхозында басшылық етеді.  Материал облыстық «Арқа ажары» газетіндегі батырдың немересі Әнел Рахымованың мақаласынан қысқартылып дайындалды.


                                     Дайындаған: Дахан Шөкширұлы Жәмші

Бөлісу: