Батылдар алмас қамал жоқ

29 Қыркүйек 2014, 07:07

Батылдар алмас қамал жоқ

«Тату елге тыныштық орнайды, бейбiт елде ғана береке болады...»
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Дағыстандықтар Қазақстанға ХІХ ғасырдың соңынан бастап келе бастады. Қазір олардың көпшілігі Ақтау, Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарында тұрады. Мұнда Дағыстан халқының келесідей өкілдері кездеседі: лезгиндер, аварлар, лактар, дарғындар, құмықтар, ноғайлар, агулдер, цахурлар, рутулдар, табасарандар, таттар, құбашындар, андилар, чамалин, годобериндер.
Қазақстандағы бірінші Дағыстан мәдени орталығын 1996 жылы Алматы қаласында ашылды. Қазір ондай орталықтардың саны бесеу. Қазақ жерін мекендеген дағыстандықтар тұрмыстың барлық саласында – халық шаруашылы, басқарушы және орындаушы органдарда қызмет етіп келеді, мектепке барады, жоғары оқу орындарында оқып жатыр, әскери борышын өтейді, ауруларды емдейді, үйлер тұрғызады, білім береді, әрине, республиканың азаматы мен азаматшалары ретінде барлық құқықтары қорғап, заңымен жүреді.
Дағыстандықтар Алматы қаласындағы Киров атындағы зауыттың, Алматы облысы Панфилов атындағы ауылдағы темекі шаруашылығымен айналысатын совхоздың негізігін қалағандар. Олар Маңғыстау облысындағы мұнай өңдеп шығарудың бастауында тұрды.
Қазақ жерінде 1937 жылы осында жер аударылған дағыстан әдебиетінің классигі Али Каяев жерленген. Осы жерден Кавказдың тұңғыш ұшқышы, Дағыстанның мақтан тұтар перзенті Мұса Манаров екі рет ғарышқа ұшқан болатын.ХХ ғасырдың ұлы ақыны Расул Ғамзатов та Қазақстанда бірнеше рет болған.
Төменде Қазақстанға еңбегі сіңген, оның ішінде кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде елі үшін ерлігімен көзге түскен батырларымыз туралы толығырақ тоқталсақ.
Қазақ жеріндегі дағыстандық батырлар:
1. Алиев Араз (Александр) Мамедұлы – Кеңес Одағының батыры, қатардағы гвардияшы, атқыш. 1922 жылы Дағыстан, Курах ауданы, Цилинг ауылында дүниеге келіп, 1984 жылы Астрахан қаласында дүниеден өткен. Лезгин. Бала кезінде Қазақстанның Ақтөбе қаласына ата-анасымен бірге көшіп келеді. Кеңес әскері қатарына 1943 жылы қаңтарда Ақтөбе қаласы әскери комиссариатынан шақырылды. Алиев Карель майданындағы 296-гвардиялық атқыштар полкінде болады. 1944 жылдың 22 маусымында Свирь өзенінің арғы бетіндегі жаудың атыс нүктелерінің орнын айқындау үшін Лодейное Поле қаласы маңында өзеннен өте бастады. Қайықтарына оқ тигеніне қарамастан, қарсы жағалауға өтіп, жаудың пулемет расчетінің көзін жойды. Осылайша полктің бөлімшелерінің өзеннен өтуіне мүмкіндік жасады. Алиевке осы ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын Жұлдыз» медалі тапсырылды.
2. Ибрагимова Имамат Асалиқызы – Социалистік Еңбек Ері. 1928 жылы Дағыстанның Хурель жерінде дүниеге келген. 1935 жылы ата-анасы екі ұлымен Қазақстанға кулак ретінде жер аударылады. Ал жеті жасар Имамат Кавказда әжесімен бірге қалып қояды. 1940 жылға дейін әжесінің қасында болып, сонда мектепке барады. Осы жылы оны Алматы қаласының маңындағы темекі өсірумен айналысатын совхозға ата-анасының қасына әкеледі. Соғыс басталғанда небары 13 жасар қыз темекі өнеркәсібінің жұмысшысы болады. Ол жастығына қарамастан өте еңбекқор болады, жұмыста жоспарды 2-3 есе артық орындап, бәрінен алда, бәріне үлгі болды. Жоғары өндірістік көрсеткіші мен қажымас ерлігі үшін 21 жасар Имаматқа КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі тапсырылды. Бір жылдан кейін екінші рет Ленин орденімен марапатталды. Тағы бір жылдан кейін, 1952 жылы Еңбек Қызыл Ту орденін иеленеді. 2006 жылы дүниеден өтеді.
3. Абдуллаев Яраги Абдуллахұлы 1923 жылы дүниеге келген. Туған ауылы Унчукатльда 7-сыныпты бітіріп, 1940 жылы Ақмола қаласына келіп қалайышы болып жұмыс істейді. 1941 жылдың шілдесінде Ақмола қаласы әскери комиссариатынан шақырылады. Семей қаласында танк училищесінде кіші офицерлердің курсынан өтеді. Мәскеу қаласында соғысып, жараланады. Костром госпиталында емделіп шығып, Воронеж фронтында болады. Курск шайқастарына қатысады. Лейтенант дәрежесіне көтеріліп, танк командирі болады. Ауыр жарақаттан 1943 жылы госпитальда жатқан жерінен бомбалау кезінде көз жұмады.
4. Агаев Магомед 1923 жылы 6 тамызда Дағыстан Чародин ауданы Дусрах елді-мекенінде дүниеге келген. Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін колхозда жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен соғысқа аттанады. 3-Украин әскери шебінің құрамында болады. Ростов және Шахтинск түбіндегі ұрыстарға қатысады. Пулеметші болған. Шайқастардың бірінде ауыр жараланып, Кисловодск қаласындағы госпиталға түсіп, сонда емделеді. Осы уақытта Магомедтің ата-анасы ұлдарының жарақаттанған соғыста қаза тапқаны туралы қаралы хабар алады. Ал оның хаттары туыстарына жетпейді. Оның тірі екенін тек соғыс аяқталған соң ғана білген. Орден, медальдармен марапатталған. 1946 жылы тамызда әскерден 2-топтағы мүгедек болып оралады. 1947 жылы Алматы қаласындағы үлкен ағасының қолына келіп тұрады. «Зенит» артелінде, «Металлобытромонт» фабрикасында қалайышы болып жұмыс істейді. 2006 жылы Алматы қаласында қайтыс болады, осында жерленеді.
5. Алифендиев Кади Кадиұлы – 1928 жылы Магарамкент ауданы Юхари-Яраг ауылында дүниеге келген. Лезгин. Окоп жасау мен қорғаныс құрылыстарына қатысқан. Бозбала шағында колхозда әртүрлі жұмысқа араласады. «1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медальмен марапатталады. 1947 жылы Бакуге көшеді. Сонда жоғары оқу орнын бітіріп, мұнайшы болып жұмыс істейді. Қажырлы еңбегі үшін медальдармен марапатталады. 1953 жылы Бакуден Красноводск қаласына көшіп келеді, мұнда жүргізуші болады. 1959 жылы Шевченко қаласына көшіп келіп, мұнда 30 жылдай еңбек етеді. Мұнда да қажырлы да қайратты еңбекқорлығы үшін Еңбек Қызыл Ту орденін иеленеді.
6. Гасанов Магомед Гасан-Гусейнұлы – 1908 жылы 15 мамырда Дағыстан Лак ауданының Унчукатль деген жерінде дүниеге келген. Қалайы мен қаңылтырдан бұйымдар жасайтын ұсталық өнерді әкесінен үйреніп өседі. Соғыс алдындағы жылдарда Омск қаласында «Прогресс» артелінде қалайышы болып жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысында басынан аяғына дейін 96-гвардия полкінің 5-әскерінде саперлер батальонының құрамында болады. Украинада, Ростов на-Дону, бірінші Украина майданында соғысады. Соғысты Венгрияда аяқтайды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Ушаков», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германиядағы жеңіс үшін» медалдарымен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылдан 1957 жылға дейін Талллинде әскери зауытта қалайышы болып жұмыс атқарады. 1957 жылы отбасымен бірге Алматы қаласына көшіп келіп, Киров атындағы зауытта мысшы, қаңылтыршы болып жұмыс істейді. Мұнда ол 1978 жылға дейін 23 жыл жұмыс істеп, еңбек демалысына шығады. Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіреді. 1979 жылы қайтыс болады. Алматыда жерленген.
7. Гасанов Саттар Магомедұлы – 1911 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Туған ауылында бастауыш мектепті бітірген соң, Ташкентке барып қалайышы болып жұмыс істейді. 1941 жылы Ташкент қалалық әскери комиссариаты әскерге шақырады. Мәскеу түбінде соғысады. Жараланып, госпиталдан емделіп шыққан соң Калинин майданында соғысады. Соғысты Польшада аяқтайды. «Германиядағы жеңіс үшін», «Варшаваны алғаны үшін» медалдарымен марапатталады. Кейін Алматыға келіп, тұрмыстық техникаларды жөндеу комбинатында жұмыс істейді. 1982 жылы қайтыс болады.
8. Имранов Гаид Имранұлы – 1910 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Унчукатлин мектебінде 5 жылдық білім алады. Қалайымен бұйым жасау өнерін ерте меңгерген Гаид 1927 жылдан 1933 жылға дейін Омск қаласындағы «Универсал» артелінде жұмыс істейді. 1933 жылы Омск қалалық әскери комиссариаты шақырады. 1935 жылға дейін Сібір әскери округінде 73-атқыштар дивизиясымен байланысты жеке батальонда радио-телеграфшы болып қызмет атқарады. 1935 жылдың аяғында Унчукатльға оралып, осында 1939 жылға дейін «Қызыл Жұлдыз» колхозында қатардағы колхозшы болады. 1939 жылы Омскіге барып ОРС теміржолында 1940 жылға дейін қалайышы болып жұмыс істейді. 1940 жылы Ақмолаға көшіп келеді. Мұнда аудандық тамақтандыру трестінде қалайышы болады. 1941 жылдың шілдесінде Ақмола қалалық әскер комиссариатының шақыртуымен әскерге аттанады. 1942 жылдың наурыз айына дейін Батыс майданда соғысады, онда 413-әскери дивизиясының 1322-атқыштар полкінде радио-телеграфшы болады. 1942 жылдың наурызынан осы жылдың мамыр айына дейін Мәскеуде ауыр жарақатына байланысты госпиталда болады. 1942 жылдың мамыр айынан 1943 жылдың сәуір айына дейін Волхов майданында 123-жеке атқыштар бригадасының 2-жеке атқыштар батальонында радиошы-атқыш болады. 1943 жылдың сәуір-маусым аралығында Ленинград госпиталында емделеді. 1943 жылдың маусым айынан 195 жылдың қазан айына дейін Ленинград майданында радиостанция бастығы, 123-жеке полктің аға сержанты болады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Германиядағы жеңіс үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медалдарымен марапатталған. 1945 жылдан 1965 жылға дейін Ақмола қаласының теміржолында қалайышы болып жұмыс істейді. 1965 жылы еңбек демалысына шыққаннан кейін Дағыстанның Каспиийск қаласында тұрып, сонда 1992 жылы қайтыс болады.
9. Сүлейманов Мұса Магомедұлы – 1911 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепті туған ауылында бітіреді. Мыстан бұйымдар жасау шеберін туыстарынан үйренеді, кейін қаңылтыршы болады. Ташкент қаласында тұрып, сонда жұмыс істейді. 1941 жылы Ташкент қалалық әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге аттанады. Украина түбінде шайқасады. Жараланып, госпиталдан емделіп шыққаннан соң, Белорусь майданында соғысады. Соғысты Польшада аяқтайды. Сүлейменов «Варшаваны азат еткені үшін», «Германиядағы жеңіс үшін» медалдарымен марапатталады. Соғыстан кейін 1945 жылы Алматы қаласына отбасымен көшіп келіп, мамандығы бойынша тұрмыстық комбинатта жұмыс істейді. 1980 жылы қайтыс болады.

Бөлісу: