"Батыл тойтарыс-2023" оқу-жаттығуы қорытындыланды

30 Қыркүйек 2023, 20:11 663

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен қорғаныс ведомствосы алқасының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа Қорғаныс министрлігінің және Бас штабының басшылық құрамы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері қатысты.

Алқа барысында 2023 оқу жылында жедел дайындықты ұйымдастыру және бір мезгілде еліміздің бірнеше өңірінде Қарулы Күштер Бас штабының бірыңғай жоспары негізінде өткен “Батыл тойтарыс" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың қорытындысы шығарылды.

Алқа отырысын ашқан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығу кезінде Қарулы күштер тарихында алғаш рет Жоғарғы Бас қолбасшылықтың, соғыс уақытындағы Үкіметтің және облыстар қорғаныс кеңестерінің экономика және халық тыныс-тіршілігінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, соғыс жағдайындағы режимді қолдау, сондай-ақ соғыс уақытындағы жағдайларда өрістету және оның жұмыс істеуі мәселелері пысықталғанын атап өтті.

Соңғы уақытта әлемде болып жатқан қарулы қақтығыстарға жасалған талдау ұрыс қимылдарын жүргізу әдістерінің айтарлықтай өзгергенін көрсетеді. Ұрыс іс-қимылдарына алыс қашықтықтағы атыс қаруының жоғары дәлдіктегі құралдары, ұшқышсыз басқарылатын авиация, снарядтар, арнайы операциялар күштері мен жеке әскери компанияларды қолдану, сондай-ақ ақпараттық күрес әсер етеді", – деп атап өтті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов.

Отырыстың күн тәртібінде басқару органдарының жауынгерлік жұмысының нәтижелеріне талдау жасалып, оқу-жаттығу барысында анықталған проблемалық мәселелерді шешу жолдары айқындалды. Бұдан басқа, басқару органдары мен әскерлерді даярлау мәселелерін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Қорғаныс министрі барлық деңгейдегі офицерлердің жеке дайындығына және бөлімшелердің жауынгерлік даярлығына баса назар аударды.

Қазіргі заманғы әскери қақтығыстарды ескере отырып, жедел даярлау іс-шараларының қарқындылығын, сондай-ақ штабтар шешетін міндеттердің деңгейін арттыру қажет, – деп атап өтті генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша қорғаныс ведомствосының басшысы әскерлерді стратегиялық деңгейден тактикалық деңгейге дейін даярлауды жетілдіру жөнінде тиісті нұсқаулар берді.

Берік Арманов
Бөлісу: