Батырхан Шөкенов (1962 – 2015)

2 Қаңтар 2017, 17:32 5948

Біртуар әншінің ойлары

Менің ең басты сыншыларым – туыстарым. Әсіресе, маған немере қарындастарым жиі сын айтады. Олардың айтқан әрбір сөзін мұқият тыңдаймын да, қорытынды шығарамын.

Менің музыкадағы 30 жылдық өмірім деп үздіксіз жолсапарларды атауға болады. Бұл да менің көшпенді халықтың ұрпағы екенімді дәлелдейтін болар!

«100 мектеп, 100 аурухана» деген мемлекеттік бағдарламаға «100 мәдениет үйі» деген бөлімді де қоссақ, жақсы болар еді. Өткен жылы мен гастрольдік сапармен Қазақстанның он шақты қаласын аралап шыққанда, өңірлерде дені дұрыс концерттік залдың жоқтығын байқадым. Алматы, Астана және Қарағандыда өнер көрсетуге ыңғайлы сахналар бар деп айта аламын. Ал, басқа жерлерде жағдай қиындау екен.

Билік басында мәдениет саласының проблемаларын жан-жақты талдап отырып, пікірлесе алатын адамдар жоқ. Мысалы, қазақстандық жас орындаушылар Юрмалада байқауға қатысқанда, оны ресейлік және басқа да шетелдік телеарналар тікелей эфирден көрсетті. Ал, дәл осы уақытта қазақстандық бірінші арнадан «Бандитский Петербург» сериалын беріп жатты. Мұндай салғырт көзқараспен ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жағы қиындау  соғады.

Бала күнімде тәтті бәліштер пісіретін кондитер болғым келді. Сосын футболға аңсарым ауды. Ал, 5-сыныпта менің өмірім түбегейлі өзгерді десем болады: «Артек» лагеріне барғанымда, аяқ астынан ән байқауына қатыстым. 10-сыныпта музыкант боламын деп шештім.

Ең алғашқы қаламақымды қалай тапқанымды айтайын ба? 1978 жыл, ол кезде мен 9-сыныпта оқитынмын. Ата-анамнан тығылып, кешкі би кешінде саксофонда ойнайтынмын. Қанша ақша тапқанымды білмеймін, әйтеуір, достарымызбен бірге жақсылап тойлағанымыз есімде қалыпты.

Мен үшін ең басты нәрсе – ұлыма жақсы тәрбие беру, өнердегі ізденістерімді ары қарай үздіксіз жалғастыру.

Әкем білдей бір облыстың қаржы басқармасын басқарды, ал анам есепші болды. Олар есеп-қисапты жақсы білгендіктен, ақшаны да ұқыпты жұмсай білетін. Бірақ, соны бізге үйретпепті (күлді). Мен ақшаны үнемдеп жұмсай алмаймын. Тапқан табысым достарыма сыйлық алуға, саяхатқа, музыкалық аспаптар алуға кетеді. Ақша жинауды ақыры үйрене алмай-ақ қойдым.

Мен үшін жақындарымның қамқорлығы мен махаббаты – ең керемет сыйлық. Бала күнімде отбасымызбен бірге өткізген жаңажылдық кештер мен үшін үлкен сый болатын. Әлі күнге дейін сол сәттерді еске алсам, бойымды қуаныш билейді.

«Той-бизнес» туралы айтар болсақ, «той» дегеніңіз мереке, қуаныш деген сөз. Шығыс халықтарының тойларында жұрт бірден билей жөнелетін ойнақы әуендер қойылады.  Қазір біздің еліміздегі той-бизнестің дамуы – музыкалық проблема емес, әлеуметтік проблема.

Кейде адам әлдебір қиын жағдайға тап болған кезде іштей «мұның бәрі маған не үшін берілді?» деп ойланады. Кейін, жылдар өте келе, сен ол сынақтың өзіңе не үшін жіберілгенін түсінесің.

Өмір жолымда маған өте жақсы ұстаздар кездесті. 17 жасымда Ленинградқа келген кезімде менің педагогтарымның арасында небір ғажайып музыканттар бар еді. Олар аса мәдениетті, нағыз зиялы жандар болатын.

Музыканы қалай тыңдау керек? Бір жолы біз тобымызбен бірге Эрмитаж мұражайына экскурсияға бардық. Сонда студенттердің бірі оқытушыдан «кескіндеме өнерін қалай қабылдауға болады? » деп сұрады. Мұғалім оған «сіз музыканы қалай тыңдайсыз?» деп сұрақпен жауап қайырды. Музыка тыңдағанда ойланудың қажеті шамалы, оны сезіну керек. Ал, картинаға қарағанда, оның болмысына мән беріңіз, аурасын сезініңіз.

Отанға деген махаббат – өте әдемі сезім. Мұны мен 20 жасымда түсіндім. Пойызбен Алматыдан Қызылордаға бара жатқан едім. Күн ыстық. Купенің терезесінен қарасаң, қазақтың дархан даласы созылып жатыр. Дәл осы сәтте радиода домбыра үні ойнап тұрды. Әуен мен көз алдымдағы көрініс үйлесе кеткен сәтте мен қатты толқыдым.

Тұрмыстық заттарды ұнайды/ұнамайды деп  екіге бөлемін. Ұнататын киімім – джинсы. Ал, ұнамайтыны – галстук. Оны өмірімде екі-ақ рет тақтым: консерватория бітіргенде және АҚШ-та өткен бір ресми кездесуде.

Бала күнімде футболды қатты жақсы көрдім. Топта мен жартылай қорғаушы болдым. Пеленікіндей 10-нөмірлі форма киетінмін.

Ех, менің бақытты балалық шағым! Ата-анаң қасыңда, бәрі керемет! Адам балалық шағына жиі-жиі оралып тұруы керек.

Материал Батырхан Шөкеновтің әр жылдары қазақстандық және ресейлік БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары негізінде әзірленді

Роза Әрен
Бөлісу: