Батырхан Дәуренбеков: «Қазақ елі» фильмін Елбасы жоғары бағалады

22 Желтоқсан 2016, 12:43 6414

Тәуелсіздік кезеңінде қазақ мультипликациялық өнерінің жанрлық ерекшеліктері тақырыптық-идеялық бағыты мен түрлік ізденіс арқасында дами түсті. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі қазақ мультфильмдерінің тақырыптық, стильдік, көркемдік әдіс тұрғысынан жаңаруы мен тұлға тағдырының бейнеленуі, тарихи жаңашылдығымен дүйім жұртты қуандырып келеді.

Осы орайда, ел арасында табысқа жетіп, еліміздің ғасырлар бойы жинаған ауыз әдебиеті – ертегілер, аңыздар, қиссалар негізінде сапалы фильм ұсынып жүрген «Сақ-дала» киностудиясын ерекше айтуға болады. 2009 жылы осы киностудияның түсірген «Қошқар мен теке» мультфильмін тамашалаған үлкен-кіші бір серіпіліп қалған еді. Таяуда көрермен назарына ұсынылған «Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмі де көпшіліктің көңілінен шықты. Алда келе жатқан тәуелсіздік мерекесіне орай «Сақ-дала» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Дауренбековпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Батырхан аға, жақында «Қазақ елі» атты толықметражды туындыңыз жарық көрді. Бұл мультфильмді түсіру идеясы қалай дүниеге келді?

– Әрине, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап түсірілгендіктен идеясын ойластыру аса қиын болмады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. Жалпы, бұл туындыны  жасау үшін 8 айға жуық  уақыт кетті. Әрине, уақыт тапшы болды. Уақыт тығыз болғандықтан, біз күндіз-түні екі ауысымда жұмыс жасадық. Бір сағаттық мультихикаяны жасау үшін 60-қа жуық аниматор маман жұмылдырылды.

– Туынды қаншалықты тарихи шындыққа негізделген?

– Сценарийді талқылау, бекіту барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қабылдауында екі рет болдым. Әңгіме барысында ол кісі бұл жұмыстың үлкен саяси салмағы бар екенін айтып, тарихи шындыққа негізделу керектігін түсіндірді. Сценарийде әдеби-көркемдік жағынан олқылықтар болмау үшін белгілі драматург Дулат Исабековке көрсетіп, кеңес алуымызды да ескертті. 

Сөйтіп, министрдің нұсқауымен  Жамбыл Артықбаев ағамыз тарихи тұрғыда кейіпкерлердің сөзін қадағалап, қаламгер Дулат Исабеков сөздердің көркемдік жағы, сол заманғы қолданыстағы ұғымдардың байланысын жасады.  Мультфильмнің сюжеті – Қазақ хандығының құрылуы, Керей мен Жәнібектің  билік құрып,  Әбілхайыр хан ордасынан бөлініп шығуы турасында.

Балалардың қызығушылығын арттыру  үшін батырлардың садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін  үйренуі кеңінен көрсетіледі. Ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұғындыру үшін Керей мен Жәнібек ханның Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәріс алып, елге оралғанда түрлі ерлігімен көзге түсе бастауы да сәтті ойластырылған. Ел тарихы мен болашағы  үшін мәні зор фильм түсірудің «Сақ» киностудиясына жүктелуі бекер емес. Өйткені шығармашылық ұжым – тарихи фактілірге сүйене отырып, дайындалғын көркем туындыны балаларға түсінікті тілде жеңіл, әрі қызықты оқиғалармен жеткізудің шебері. 

– «Қазақ елін» Елбасының өзі тамашалады деген сөз бар. Рас па?

– Иә, дұрыc айтасыз. Жақында ғана президент Н. Назарбаев «Қазақ елі» толықметражды фильмін арнайы көріп, оң бағасын берді. Бұл әрине, біз үшін жемісті нәтиже.

– Табиғаттың көрінісін 3D форматы арқылы көрсетіп, қолмен салынған суретпен қосып, қолданған екенсіздер. Эксперименттеріңіз ақтады ма?

–  Иә, ақтады. Бұл жаңа технологиямен, өзгеше әдіспен жасалған картина. Кейіпкерлердің қимылдары 2D үлгісінде жасалды. Ал ондағы көріністер мен артқы фондары 3D әдісі арқылы дайындалды. Мұны қазақ анимациясы саласындағы алғашқы қадам деуге болады.Анимациямен айналысу  кино түсіруден қиын екенін айта аламын. Анимацияда 1 секундта 24 кадр жасалады делік. Және тек бір ғана кейіпкердің қимыл-қозғалысы. Ал «Қазақ елі» фильмінде қанашама кейіпкерлер, атты әскерлер бар. Біздің аниматорлар тапжылмай отырып, қаншама күш-қуатын осы картинаға жұмсағанын біле беріңіздер.

– Шығармашылық топтың жұмыс барысы қалай болды? Қандай да бір кедергілер болмады ма?

– Алғашқыда біздің суретші-аниматорларымыз қазақ батырының эскиздерін жасаған кезде Ресейдің «Три богатыря» сияқты анимациялық туындыларына сүйенген болатын. Ал, ондағылардың бәрі – бастары мен мен денелері үлкен, аяқтары кішкентай анимациялық кейіпкерлер. Алайда бұл нұсқа құпталмай, ,  ұсынылған эскиздерді өзгертуге тура келді. Ссол кездегі хан сарайларын, ежелгі Отырар қаласын, басқа да Жібек жолы бойындағы Исфиджаб (Сайрам), Түркістан, Тараз қалаларының көріністерін сол замандағы сәулет өнерінің талаптарына сай зерттей отырып жасадық.

– Өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар болды? 

– Фильм балаларға арналғандықтан,  Керей мен Жәнібектің бала кезінен бастап көрсетуді ұсындым. Өйткені батырлар да, билер де, хандарымыз да кезінде бала болған. Олар да ойнаған, күлген, жылаған деген сияқты. Ал кейін өсе келе, тәрбие, білім алып, елін қорғайтын батырларға айналған. Жалпы, меніңше, бұл фильмді көрген балалар екі сұраққа нақты жауап бере алады деп ойлаймын. Қазақ хандығын кімдер құрғанын, хандықтың негізін салған Керей мен Жәнібек ханның балалық шағынан ер жетіп, ел басқарғанға дейінгі кезеңді толықметражды фильмді көру арқылы мүдірместен айтып бере алады. 

–  «Сақ-дала» киностудиясының алдағы жоспарлары туралы да айта отырсаңыз...

– Негізі идеологиялық салмағы бар толықметражды анимациялық шығармалар бізге өте керек. Егер мемлекет қолдау білдіріп, қаржы бөліп жатса, қазақ хандарының өмірін, батырлығын негізге ала отырып,  толықметражды анимациялық фильмдер түсіру ойда бар. «Қошқар мен теке», анимациялық фильмінің,  «Томпақ» телесериалының жалғасын түсірсек деген де ниет бар. Алға қойған мақсаттар мен жоспарлар жетерлік, әрине. Мысалы, Шымкентте арнайы киностудия салынса қандай жақсы болар еді.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Ая Өміртай
Бөлісу: