Бата беру мен тілек айтудың айырмашылығы бар ма?

24 Шілде, 17:02 6749

Ұршық уақыт зырылдап айналған сайын қазақ халқының да қаншама асыл дәстүрлері  ширатылып тарих қойнауында ұмытылып кетіп жатыр.  Оның бәрін санамалай бастасақ тым ұзаққа барарымыз анық. Ғасырлардың уақыт тезінен өтіп, бүгінге жеткен дәстүрлеріміздің де біразы күн өткен сайын күнделікті қолданыстан қалып барады. Соның бірі - қазақтың бата беру дәстүрі. Бұрын ауызы дуалы, елге сыйлы, жасы үлкен, батагөй кісілерге арнайы жөн-жоралғысын жасап, өзіне немесе баласына бата сұрап баратын болған.

Қазір мұндай көріністі аракідік болмаса жиі кездестіруіңіз екіталай. Ол тұрмақ көп отбасы күнделікті дастархан батасын қайырмай орындарынан тұрып кете береді.

Қазақта батаның қаншалықты маңызды екенін әр сөзінен аңғаруға болады. «Баталы құл арымас, Батасыз құл жарымас», «Баталы құлға бақ қонар», «Бота алғанша - бата ал» сынды мақал-мәтелдер батаның қандай құндылыққа ие екенін көрсетсе керек. Сосын бата деген қазіргі тойда, отырыстарда айтылып жүрген тілек емес. Бүгінде бата сұраса сасқалақтап тілек айтатын кісілердің қатары көп. Мұның басты себебі, кешегі кеңестік үкіметтің жүргізген солақай саясаты. Дәстүрді жалғастыратын, аталы сөз айтатын ұрпақ үзіліп қалды. Бата беру жаспен келетін дүние. Мәселен, бұрын әр адамның өз жасына лайық жауапкершілігі болатын. Есін жиып, есейе бастағанда бозбала, жиырма мен отыздың ортасындағылар жігіт, отыздың ауылынан ұзай бастағанда жігіт ағасы, қырықтың қырқасынан асып, елуге келгенде ел ағасы, одан кейін қара сақал, кейін ақсақал. Жасы жетпістен асып, сексеннің сеңіріне шығып, өмірдегі алыс-жақын мен жақсы-жаманды түгел көріп, абыройын төкпей, артық ауыз сөз айтпай, өткен өмірден ой түйіп сөзі дуалы, ойы шұрайлы абыздыққа жететін. Бүгінгі біздің қоғамда осы жауапкершілік аз секілді. Жасымыз алпысқа келсе де, сол бұрынғы жиырма бестегідей желпініп жүргіміз келеді. Осыдан кейін жетпіске келген кісілер не дастарханның басында, не жастарға бата бере алмай кібіртіктеп отырады.

Ауылда Нәрбай деген елге сыйлы, сөзіне ауыл тоқтайтын көршіміз болды. Сол кісі осы мәселеге аса қатты мән беретін. Жасы қырыққа жақындаған, қырықтан асқан жігіт ағаларынан кездескен сайын «емтихан» алып отыратын. «Айналайындар, сендер де жас емессіңдер. Жас ортасына жақындадыңдар. Түрлі дастарханда қонақта боласыңдар. Сондайда өздеріңнен жасы кішілер, «Ал, аға, мына дастарханның батасын беріңіз» десе не дейсіңдер? Екі сөздің басын қосып бата бере алмай отырсаңдар сыйларың кетеді. Кейінгіге күлкі боласыңдар. Сондықтан ұялмас жағын ойлап жүріңдер» деп отыратын. Өзі де бұрын үлкендерден естіген баталарын айтып беруші еді. Бірақ қазір мұндай қариялар ілеуде біреу кездесетін уақыт болып тұр ғой.

Бата мен тілектің айырмашылығы    

Бата мен тілектің айырмашылығы жоқ, екеуі де жақсы тілек, жақсы ниет емес пе?!» деуіңіз мүмкін. Бірақ айырмашылығы бар екен. Бұл туралы белгілі этнограф Болат Бопайұлы талдап, түсіндіріп берді.

Бата беру - қазақ халқының ежелден келе жатқан ата дәстүрі, ол өмірдің әр түрлі маңызды сәттерінде айтылатын рухани және мәдени құндылықтарды қамтиды. Бата - үлкендердің кішілерге, қоғамдағы белгілі  тұлғалардың, абыз, батагөй, дана ақсақалдардан  бата сұраған адамдарға беретін ақ батасы, жақсы тілегі болып табылады. Атам қазақта «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді», «Қарғыс алма, алғыс ал» деген дана сөзі бар. Осы сөзден-ақ ақ батаның киелі күшінің қаншалықты құдіреті бар сөз екенін түсінуге болады. Қазақ халқының бата сөздері өте күшті көркем сөз, терең ойлы, логикалы, бейнелі сөздерінен тіркесіп, өлең жолдарындай буын, бунақ, ырғық, тармақ, шумаққа бағынып келеді. Мысалы:

Дастарханың кең болсын,

Пыйғылың оған тең болсын.

Шаңырағың биік болсын,

Іргең кең, терезең тең болсын.

Төрің құтты, босағаң берік болсын,

Табалдырығың таза болсын,

Ел ішін дау алмасын,

Ел шетін жау алмасын!

Аллаһуәкбар!!

Міне, бұл бата сөзінің өзіне тән сөздік құрлысы. Батаны ел ішіндегі орақ ауыз, от тілді, шешен-шежіре, ақын-жырау, абыз, білімді, білікті адамдар береді. Әне сондай сөз киесі дарыған дарынды адамдардың берген ақ батасы үстінде еш пердесіз, тосылмай қабыл болады деген жақсы ырым бар. Сондықтан біздің дана халық аузы дуалы, ел батастаған, ер тәрбиелеген көреген көсем, аузынан маржан сөз төгілген шешен адамдардан арнайы бата алатын болған, - дейді Болат Бопайұлы.

Этнографтың айтуынша, екінің бірі батаны судай ағызып, майын тамызып бере алмайды. Өйткені бата жай сөз, қарапайым қарабайыр сөзбен айта салатын шұбыртпалы қара сөз емес. Өлең сөз, шешен сөз, аталы көсем сөз, киелі сөз.

Қазақ халқының ертеден жалғасып келе жатқан ата дәстүрінде, алыс сапар алғанда, жолаушы жүргенде, жаңа іс бастағанда, үй салғанда, көлік алғанда, балаға ат қойғанда, сүндетке отырғызғанда, қыз ұзатқанда, келін түсіргенде, қоныс жаңалағанда, торқалы той жасағанда, тағы да басқа толып жатқан қуанышты істердің бәрінде бата жасау, бата сұрау, бата алу салты бар. Ал тілек - көбінде қара сөз түрінде айтылатын достық сөз. Ол еркін сөз. Онда да тілдің майын тамызып, сұлу ойды ағызып қысқа-нұсқа қара сөзбен тілек білдіреді. Онда өлеңдер оқылуы, мақал-мәтел, тәмсіл сөздер қосылып айтылады. Батадағыдай өлеңдей ұйқасып келуі шарт емес. Міне, бұл бата сөзі мен тілек сөзінің парқы болып табылады. Бұл жерде батада да, тілек сөзде де нақты бір игі істі немесе әрекетті құптау, қолдау үшін беріледі және айтылады, - дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Айтуынша, тілек сөзінің де батаға ұқсап кететін кездері болады. Ол тілек айтқан адамның тіл байлығы мен ой орамдылығына байланысты болады.

Мысалы, жас жұбайларға неке қию кезінде үлкен кісілер бата береді:

Алла тілегендеріңді берсін,

Арттарыңнан ұлағатты ұл ерсін,

Қырмызы сұлу қыз ерсін!

Үбірлі-шүбірлі болыңдар!

Бақытты болыңдар,

Өркенді болыңдар,

Өмірлі болыңдар,

Мәңгі осындай көңілді болыңдар!        

                      Тілек айту   

Сондай-ақ этнограф Болат Бопайұлы тілек айтудың да мағынасын ашып, оқырмаға түсіндіріп берді.

Тілек айту — бұл әр түрлі жағдайларда, оның ішінде мерекелерде, кездесулерде, туған күндерде айтылатын жалпы құттықтаулар мен ізгі ниеттер. Тілек көбінесе қысқа қара сөз түрінде еркін айтылады. Мысалы, туған күнің құтты, денсаулығың мықты, ғұмыр жасың ұзақ, отбасың аман болсын, бақытты күндерің көп болсын деген тәрізді сөздер тілек білдіру сөздеріне жатады. Кейде тілек білдіруші ұзақ сөйлеп, көп баяндап жатады. Ал бата қысқа-нұсқа нақты өлең сөзіндей шымыр ұйқаспен айтылады. Баяндау сөз болмайды. Бата бергенде тойға қатынасып отырған жалпы жамағат тегіс қол жайып, бата айтылған сайын іштей «әумин» деп құптап отырады. Соңында бата берушімен қоса беттерін сипан, берген бата қабыл болсын деп бәрі тілекші болады, - дейді этнограф.

Міне, бата мен тілек сөздің негізгі парқы осы жерден көрінеді.

  1. Бата діни және рухани мазмұнда болып, өмірдің маңызды сәттерінде беріледі, ал тілек көбінесе заманауи және кез келген мерекелік жағдайларда айтылады.
  2. Бата үлкендерден немесе мәртебелі тұлғалардан кішіге, қол астындағыларға беріледі. Тілек тең деңгейдегі адамдар арасында айтылатын ізгі ниет.
  3. Бата ресми, салмақты және көбінесе арнайы рәсімдермен бірге жүреді. Тілек бейресми және күнделікті өмірде кеңінен қолданыла береді.
  4. Бата үлкендерден кішіге беріледі, ал тілек көбінесе тең деңгейдегі адамдар арасында айтылады.

Бата мен тілек сөздің айырмасы:

Бата: Жас жұбайлаға бата:

Астыңдағы ақ боз ат,

Астыңда жүріп арысын.

Құлаң шашты, қой көзді,

Сүйіп алған жарыңыз,

Қасыңда жатып қарысын!

                                          Аумин!

Тілек: Алла тағала бір-біріңе деген махаббаттарыңды мәңгілік етсін. Өмірлеріңді баянды қылып, ұрпақтарың көп болсын. Бірге бақытты ғұмыр кешулеріңе тілектеспін!

Бата: Жолға шыққан адамға бата:

Жортқанда жолың болсын,

Жолдасың қызыр болсын.

Барған жерің аман болсын,

Берекелі бейбіт заман болсын!

                                                Аумин!

Тілек: Жолың болсын, сапарың сәтті өтсін. Аман-есен барып, аман-есен қайт. Алла тағала алдыңды ашып, жақсы адамдармен жолықтырсын!

Осы мысалдар арқылы бата сөзі мен тілек айту сөзінің парқын айырып алуға болады. Қазір бата беретін жерде тілек айтып, тілек айтатын жерде бата беріп жүрген үлкендеріміз бата сөзі мен тілек сөзінің осы парқын айырып біліп алсақ, батаны батадай, тілекті тілектей орнын ауыстырмай қолданатын боламыз, - дейді этнограф Болат Бопайұлы.

Теріс бата

Қазақта оң батамен қоса теріс бата деген де бар. Мұндай батаны көп жағдайды налығаннан, көңілінен шықпағаннан береді. Бірақ оның да өз реті болған. Кез келген ренжіген кісі алақанын төңкеріп жіберіп теріс бата бере салмайды.

Теріс бата дегенде оймызға бірден Кеңгірбай бидің Құнанбайға берген батасы есімізге түседі. Ел арасында кең тараған бұл оқиғаның жалпы баяны мынадай. ...Құнанбайды шешесі Зере қолынан жетелеп, бір тоқтысын сойып, Кеңгірбай биден бата алуға бір емес үш барады. Бірақ би атасы батасын бермей кері қайтарады.

Сонда Зере:

- Үш келдім, батасын бермеді, - деп жылайды. Мұны көрген Көкі бəйбіше биден келіннің көңілін қалдырмай батасын беруін сұрайды.

Сонда би басын көтеріп, әлдекімді күтіп отырғандай сыңай танытады. Сосын бәйбішесіне: «Сыртқа шығып қарашы, ешкім көрінбейді ме?» - деп сұрайды.

Көкі тысқа шығып кеп ешкімнің көрінбейтінін айтады. Кеңгірбай би қатты қапаланып отырып, бала Құнанбайға: «Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын» деп қолын теріс жайып батасын береді.

Зере де «Атам теріс батасын берді», - деп көңілі құлазып, үйіне жылап қайтады.

Көкі бəйбіше Кеңгірбай биден мұның мәнісін сұрағанда: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал, келінім мен немере балама оң бата берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Өзің шығып қарашы, əлгілердің артында не кетіп барады екен?» - депті.

Көкі сыртқа шығып қараса, Құнанбайдың соңынан ит пе, қасқыр ма, екі көк бірдеңе кетіп бара жатқанын байқайды.

Кеңгірбай би: «Менің төрт көк бөрім бар еді, екеуі сол», - деп жауабын тұйықтапты.

Теріс бата естіп қайтқан Зере келгенде Өскенбай:

- Батасын берді ме? - деп алдынан шығыпты.

Зере ренжіп: Атам «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп қолын теріс жайып бата берді, - дегенде Өскенбай қуанып: «Бізге осы да жарап жатыр»! - деп, ат шаптырып, той жасапты дейді.

Расында да, осы батадан кейін Құнанбай өсіп-өркендеп, ел басқарған аға сұлтан болды. Артында Абайдай ұрпақ қалдырды.

Қазақта  үлкендерден бата сұрау – ежелгі салт. Мұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында қазақ халқының батаның киелігіне деген сенімі жатыр. Батаны көбінесе аузы дуалы кісілерден, жақсылардан, көп жасаған қариядан, атақты батырдан, шашасына шаң жұқпайтын шешеннен, арқалы ақындардан, ойшыл кемеңгерлерден сұрайтын болған. Бата алуды жақсылыққа ырымдайтын халқымыз, тіпті кейде алыста болса да сондай адамдарға арнайы барып батасын алған. «Кезінде Абайдың анасы Ұлжан да батаға жерік болған» деседі.

Бата түрлері

Бата қай кезде және кімге қарата айтылып тұрғанына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар - жарапазан батасы, серттесу батасы, жол батасы, жаңа ай батасы, теріс бата, соғым батасы, көші-қон батасы, жас отау иелеріне арналған бата және өлім шыққан үйде айтылатын бата деп сан түрге бөлінеді. Бата беретін кісі дәл сол сәттегі оқиғаға қатысты бата беретін болған. Мәселен, жастардың үйлену тойында соғым батасын немесе көші-қон батасын беріп тұрмайды. Сосын батагөй кісілер өз жандарынан бата шығарып айтады. Оны жұрт та жаттап алып, «пәленше атамның батасы», «түгенше бидің батасы» деп ел арасында таратып, айтып жүреді.  Бүгінде біз дастархан басында айтып, балаларға жаттатып жүрген батаның көбі бізге дейін солай ауыздан-ауызға тарап жеткендері.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: