Бассейнге резеңке аяқкиімсіз барған әйел миллион теңге өндіріп алды

9 Шілде, 13:18 7842

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бассейндегі жарақат туралы істі қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоғарғы соттың мәліметінше, астаналық келіншек қонақүй бассейнінде жарақат алып, аяғы сынған. Ол жарақат алған сәттен бастап, ұзақ уақыт емделген. Оған уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылған.

ҚР СТ 2985-2017 «Хауыз қызметтері» халыққа қызмет көрсетудің ұлттық стандартына сай бассейн аумағы келген адамдардың өмірі үшін қауіпсіз болуы шарт. 

Сотта анықталғандай, талап қоюшы бассейн аймағына арнайы резеңке аяқкиімсіз кіргізілген. Соның салдарынан тайып құлап, дене жарақатын алған.

Бұл жауапкер көрсеткен қызмет сапасының төмендігін көрсетеді. Салдарынан оның денсаулығына зиян келген. Алайда сот залал сомасын азайту қажет деп санады. Өйткені бұл талап қоюшының бассейн аумағында тайғанамайтын аяқкиім киюге қатысты өрескел немқұрайлылығы деп танылған. Ондай аяқкиім кию керектігі ережеде көзделмеген, – деді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Сот материалдық залалды өтеу мөлшерін талап қоюшының кінәсінің дәрежесіне (50%) пара-пар азайтқан. Мекемеден талап қоюшының пайдасына 1,1 миллион теңге жоғалған табыс және 160 мың теңгеден астам дәрі-дәрмек және авиабилет сатып алуға кеткен шығын өндірілді.

Жауапкердің қызмет көрсету кезінде талап қоюшының денсаулығына зиян келтірудегі кінәсі ішінара деп танылғандықтан, 50 мың теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап ішінара қанағаттандырылды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: