«Баспасөз картасы» заңнан алынып тасталуы мүмкін

30 Қараша 2023, 14:57 1135

Екінші оқылымда «Баспасөз картасы» алынып тасталуы мүмкін. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мәжіліс кулуарында тілшілердің қойған сауалына жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біріншіден, біз министрлік ретінде барлық БАҚ-тың мүмкіндіктерін ескеріп отырмыз. Екіншіден, қазақ тілінің дамуын толық жақтаймын. Десе де контент сапалы болуы керек қой. Сондықтан олардың қаржылық мүмкіндіктері мен әр радио, теледидардың да өз ерекшелігі бар. Ертең сол контенттің сапасы төмен болса, халық арасында наразылық туындайды. Сол себепті оны біз жан-жақты ескеруіміз керек, – деді Аида Балаева.

«Сарапшылар егер бұл заң қабылданса, Қазақстанда сөз бостандығы шектеледі дейді. Осыған келісесіз бе?» деген тілшінің сауалына министр «келіспеймін» деп жауап қатты.

«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ешкімнің құқығы тапталмайды. Біреудің құқығы тапталған жағдайда, оны құзыретті органдар жан-жақты қарап, дәлелденсе, сонда ғана қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ал осындай заң шықты, бәрін шектеу деген дұрыс емес, – деді мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында «Масс-медиа» туралы заңның бірінші оқылымы өтті.  

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: