Баспана, жұмыспен қамту: Елордада жастарға қандай мүмкіндіктер жасалып жатыр

16 Тамыз, 03:25 603

Астана қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 455 мың адам. Олардың арасында 15 жоғары оқу орнында – 79 мың, 32 колледжде 36 мың студент білім алады. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство басшысының айтуынша, жастар саясаты – көпсалалы бағыт. Мысалы, тұрғын үй мәселесі бойынша биыл «Елорда жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінімдер қабылдау 1-6 ақпан аралығында өтті. Жалпы 200-ге жуық несие берілді.

Ал «Жұмысшы жастарға арналған сатып алу құқығынсыз берілетін пәтер» бағдарламасы жылдың соңына жоспарланған.

Жұмыспен қамту бағыты бойынша қалалық Еңбек мобильділігі орталығымен бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларымен 9 мың жас қамтылды.

«Жасыл ел» жобасы аясында 2 айда 3700 адам жұмысқа орналасты. Жаздың соңына дейін 4200 адамды қамту көзделген.

Сол сияқты жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза дүйсенбі», «Сәтті сәрсенбі», «Жасыл Астана» сияқты шараларына қатысуда.

«Таза Қазақстан» акциясының мақсаты – тек сенбіліктерге қатысу ғана емес, сонымен қатар жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Мысалы, жақында насыбайды өртеу бойынша көлемді акция өткіздік, тұрақты негізде «Тәуелділікті спортқа айырбаста» акциясы, есірткі бояуларын өшіру бойынша рейдтер өтеді, – дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, NEET санатындағы жастармен де жұмыс жүргізілуде. Бұл жастар оқу оқымайтын, жұмыс істемейтін жастар.

Қазіргі таңда NEET санатындағы жастар үлесі 6,4% немесе 27 866 адам.

Сонымен қатар, JOLTAP жобасы табысты жүзеге асып келеді. Бұл бастама – жастардың табысын арттырып, тұрақты табысқа ие болғысы келетін Астана тұрғындарына арналған мүмкіндіктер бағдарламасы.

Қала тұрғындары 8 модульдік пункттеріне жолығу арқылы қысқа мерзімді оқытуларға жазыла алады. Осылайша, барлығы 4,3 мың азамат өтініш білдіріп, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бойынша кеңес алды, жұмысшы мамандықтары мен цифрлық дағдыларды қысқа мерзімді оқытуға жазылды. Айта кетерлігі, 8 жұмыс мамандығы: тігінші, модельер-конструктор, бариста, сатушы-кассир, электр газбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқ киім жөндеу және кілттер дайындау, жиһаз дайындау негіздері. 7 цифрлік мамандық: SMM, таргет, мобилография, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн, негізгі цифрлық дағдылар, – деді Самат Ибраев.

Перизат Саденова
Бөлісу: