Баспана: депутат мүгедектігі бар жандар үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді сұрады

Бүгiн, 15:44 167

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мүгедектігі бар жандардың мәселесін көтеріп, олардың үй алуы үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жақында ғана әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға «Наурыз» бағдарламасы енгізіліп, мүгедектігі бар жандардың да жеңілдікпен үй алуына мүмкіндік туды. Дегенмен, депутаттың айтуынша, бұл пайыздың өзі осындай жандар үшін үлкен ауыртпашылық.

Мүгедектігі бар жандарға пайыздық мөлшерлемені едәуір түсіруді сұраймын. Осы маңызды бастамада президент бізді қолдайтынына сенеміз, - деді ол.

Мәжілісмен мүгедектігі бар азаматтар елмен қатар тең құқылы еңбек етуі қажет деп санайтынын айтты.

Мысалы, кейбір өңірдегі мәслихаттарда мүгедектігі бар азаматтардың квотасы бола тұра, онда мүгедектігі бар азаматтар жоқ. Сонымен қатар 18-ден асқан, ақыл-есі кем азаматтарға дұрыс жағдай жасалмай жатыр. Олардың қамқоршысын белгілеп, тиісті қаражатын төлеуге мүмкіндік жоқ, - деді депутат.

Таңсәуле Серіков мұндай түйткілді мәселелер туындамас үшін арнайы палата құру туралы бастама көтерді.

Мүгедектердің құқығын қорғап, әр саладағы жұмысын бір жүйеге келтіруге бағытталған «Ұлттық мүгедектер палатасын» құруды ұсынамын. Сонда осы бағыттағы түрлі ұйымдар мен қоғамдар жан-жақта шашырап, бас-басына би болмай, басқару тетігі бір жерде болар еді. Тиісті қаржы да талан-таражға түспей, нақты мұқтаж жандарға жетуіне оң әсерін тигізер еді, - деп қосты мәжілісмен.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: