«Бәсекелестік өте жоғары». Оңтүстік Кореяда білім алған қазақ қызымен сұхбат

9 Қыркүйек, 19:00 1393

Қазіргі таңда шетелде білім алу жастар арасында кең тараған үрдіске айналды. Әсіресе, Оңтүстік Корея сияқты Азия елдерінің жоғары білім жүйесі мен мәдениеті әлем бойынша көптеген студенттердің қызығушылығын тудыруда. Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындары өз студенттеріне халықаралық деңгейдегі сапалы білім, кең ауқымды мүмкіндіктер мен түрлі мәдени тәжірибелерді ұсынады.

Қазақстандық жастар арасында Оңтүстік Кореяға деген қызығушылықтың артуы да осының айқын дәлелі болып отыр. Көптеген студенттер бұл елде білім алуды өздерінің кәсіби әрі жеке дамуына қосымша серпін беретін мүмкіндік ретінде қарастырады. Осы орайда, біз биыл ғана Оңтүстік Кореядағы Донгук университетінде «Корей тілін шет тілі ретінде оқыту» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған Гүлімбибі Қайырлиевамен әңгімелестік. Одан шетелде білім алудың артықшылықтары мен кемшіліктері, өзге мемлекетте тұрудың қиыншылықтары, болашаққа қойған жоспары жайлы сұрап білдік.

«Магистратураны Оңтүстік Кореяда оқуды мақсат еттім»

Гүлімбибі Қабижанқызы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. 24 жасар жас маман Оңтүстік Кореядағы білім жолында табысты тәжірибе жинаған қазақ қызы. Ол 2017 жылы Қаратөбе ауданындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясын (қазіргі атауы – Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы) бітірген. Сөйтіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасында «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алып шыққан. Корей тілінен аудармашы мамандығын 4 жыл бойы меңгерді.

Гүлімбибінің Оңтүстік Кореяға және корей тіліне деген қызығушылығы мектеп кезден басталған.

Сол кездері теледидарда болатын корей телесериалдарын жиі көретінмін. Олардың мәдениетіне қызығушылығым ояна бастады. Кейін интернет арқылы басқа да корей сериалдарын іздеп қарайтын болдым. Корей тілі құлаққа жағымды естілетін тіл, жаңа бір әлем ретінде көрінгендіктен, болашақта міндетті түрде бұл тілді меңгергім келді, – дейді ол.

Жас маман 2020 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің академиялық алмасу бағдарламасы бойынша Хангук шет тілдері университетінде білім алды. Сол жыл Гүлімбибі үшін Оңтүстік Кореяға жасаған бірінші сапары болған.

Шетелдік университет қабырғасында оқи жүріп,  студенттердің білім алып дамуына жақсы жағдай жасалғандығына, білімі жоғары деңгейде, мүмкіндіктердің көп екендігіне көзім жетті. Сондықтан магистратураны осы мемлекетте оқимын деген мақсат қойып, Кореяға магистратураға тапсыру туралы шешім қабылдадым, – дейді Гүлімбибі Қайырлиева.

Гүлімбибі Қабижанқызының ата-анасы қызын шетелге жіберуге қарсы болмаған.

Ата-анам басында уайымдағанымен, ешқашан қарсылық білдірген емес. Керісінше, оқуға түскенімді қалап әрдайым қолдау көрсетті. Сол үшін де ата-анама алғысым шексіз, – деді жас маман.

«Корея үкіметінің грантын ұтып алдым»

Бүгінде Кореяға оқуға түсуге мүмкіндік беретін бағдарламалар көп. Соның ең танымалы – Global Korea Scholarship бағдарламасы. Кейіпкеріміз оқуға дәл осы бағдарлама арқылы түскен.

Бұл бағдарлама оқу ақысын төлеп қана қоймай, ай сайын шәкіртақы беріп, медициналық сақтандыру, ұшақ билетін төлеп береді. Сондай-ақ, корей тілін жетік меңгергендерге қосымша ақшалай сыйлық береді. Мен осы бағдарлама туралы білгеннен кейін бакалаврдың соңғы курсынан бастап магистратураға түсуге дайындалып, 2022 жылы наурыз айында Global Korea Scholarship бағдарламасы арқылы Донгук университетіне құжаттарымды тапсырдым. Нәтижесінде, Корея үкіметінің грантын ұтып, магистратураны тегін оқу мүмкіндігіне ие болдым. Сөйтіп, сол жылы тамыз айында Кореяға жол тарттым, – дейді қазақ қызы.

Оның айтуынша, оқуға түсудің шарттары мамандыққа байланысты әр түрлі болады.

Мысалы, шығармашылық саласындағы мамандықтарға тапсыратындар портфолио өткізуі қажет. Көбіне кандидаттың оқу үлгерімі (GPA), жетістіктері, корей/ағылшын тілінен білімі бағаланады. Сонымен қатар не үшін оқуға түскісі келетіндігі, қандай жоспары бар екендігі жайлы жазылған эссесіне қатты мән беріледі. Таңдап отырған мамандыққа қатысты тәжірибе, жетістіктердің болуы да маңызды рөл ойнайды, – деді Гүлімбибі Қайырлиева.

Кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяға оқуға түсу үшін талапкердің міндетті түрде IELTS нәтижесі болуы не болмауы таңдаған мамандығына байланысты екенін айтады.  

Кейбір мамандықтар толықтай корей тілінде не толықтай ағылшын тілінде оқытылуы мүмкін. Кейбіреулері екі тілде де оқытылады. Мысалы, сабақтар 100% корей тілінде өткізілетін болса, талапкердің корей тілі деңгейіне қарауы мүмкін. Ондай жағдайда IELTS нәтижесі қатты маңызды емес. Бірақ соңғы кездері тапсырушылардың көбеюіне байланысты бәсекелестік күшеюде. Сондықтан екі тілді де білу мүмкіндікті арттыра түседі, – деп пікірін білдірді Гүлімбибі Қабижанқызы.

«Бағдарлама жатақхана ақшасын төлеп бермейді»

Жас маман 2024 жылы Сеул қаласындағы Dongguk университетін «Корей тілін шет тілі ретінде үйрету» мамандығы бойынша оқып бітірген.

Мамандығым – корей тілі мұғалімі. Барлық сабақтар толықтай корей тілінде өтті. Диссертациялық жұмысты та корей тілінде жаздық, – деді ол.

Гүлімбибі Қайырлиеваның сөзінше, қазіргі таңда аталған жоғар оқу орнына түскен қазақ студенттерінің саны жыл санап артып келеді.

Мен оқып жүрген кезде магистратурада 4-5 қазақ студент болдық. Мамандықтарымыз әр түрлі болғандықтан жиі көрісе бермейміз. Бірақ Кореядағы қазақ студенттердің жиындарында кездесіп тұрамыз, – деді кейіпкеріміз.

Жас маманның студенттік бір күні білім алып жүрген жылдары әр кезде әрқалай өтетін.

Әдетте күндіз университетке сабаққа баратынмын. Уақытымды сабақ қараумен, диссертациялық жұмысымды жазумен өткізетінмін. Кешкісін шетелдік достарыммен не қазақ құрбыларыммен кездесемін. Арасында Кореяның танымал жұлдыздары қатысатын іс-шараларға барып, жасөспірім кезімдегі арманымды орындап қайтатынмын, – деді ол.

Гүлімбибі Қабижанқызы бағдарлама аясында алған стипендиясын еш ойланбастан еркін жұмсамағанымен, бар қажеттіліктерін өтей алған.

Бір өкініштісі, бұл бағдарлама ай сайынғы жатақхана ақшасын төлеп бермейді. Жатақханаға сол стипендиядан төлейміз. Сондықтан кейбір студенттер стипендия жетпей қиналып жатады. Менің жағдайымда, университетім GKS бағдарламасы арқылы түскендерге 40-50%-дай жеңілдік жасады. Сондықтан стипендия ай соңына дейін жететін. Басқа қосымша жұмыс жасамадым, – дейді жас маман.

Кейіпкеріміз оқудан бөлек, 2021 жылдан бері корей тілінен сабақ беріп келеді.

Осы уақытқа дейін шамамен 30-40 шақты адамға корей тілін үйренуге көмектестім. Көбіне корей тілі бойынша емтиханға дайындалуға көмектесемін. Корей тіліне қызығатындар өте көп. Алдағы уақытта да корей тіліне деген сұраныс көбейе түсетін секілді. Болашағы бар тіл деп ойлаймын, – дейді Гүлімбибі.

Оның айтуынша, қазақтарға корей тілін үйрену қатты қиын емес. Себебі сөйлем құрылымы қатты ұқсайды. Тек әріптерді жаттаудан, ұқсас грамматикалардың көп болуынан шатасуы мүмкін.

«Студенттер сені бәсекелесі ретінде көреді»

Гүлімбибі Оңтүстік Кореяда оқудың артықшылықтары, ерекшеліктері пен қиыншылықтары жайлы да айта кетті.

Әрине, Қазақстандағы білім жүйесіне қарағанда өзгешелік бар. Артықшылығы ретінде студенттерге таңдау еркіндігінің берілетіндігін айтқым келеді. Мысалы, студент семестр басталмай тұрып өзі қатысқысы келетін сабақтарды еркін түрде таңдай алады. Міндетті пәндерден бөлек, басқа қызығатын сабақтарын да таңдай алады. Студент сабақ кестесін өзі құрастырады. Сондықтан да бұл жақта бірге оқитын «группалас» деген ұғым жоқ. Бір семестрде бір студентпен бірге оқысаң, келесі семестрде оны көрмеуің де мүмкін, – деді ол.

Кейіпкеріміз шетелде студенттер арасындағы бәсекелестіктің өте жоғары екенін атап өтті.

Корейлік студенттер болсын, басқа шетелдік студенттер болсын сені өз бәсекелесі ретінде көреді. Профессорлар да барлық студенттерге бірдей жоғары баға қоя бермейді. Бір сабақты да қалдырмай күнде қатысып, барлық тапсырманы уақытылы орындап жіберіп, сабаққа белсенді қатысқан студенттер ғана жоғары балл алуы мүмкін. Сондай-ақ, бағаны семестр соңында ғана көруге болады, – деді Гүлімбибі Қайырлиева.

Жас маманның сөзінше, Оңтүстік Кореяда шетелдік студенттерге жағдай жақсы жасалған. Олардың Кореядағы өмірге бейімделуіне көмектесу мақсатында түрлі іс-шаралар, бағдарламалар ұйымдастырылады. Көптеген университеттерде шетелдік студенттерге корей тілін жетік меңгеріп, жаттыға алуы үшін корейлік студентпен бірге уақыт өткізуге арналған мүмкіндіктер беріледі. Сонымен қатар корей тілінде дипломдық жұмысты жазуға көмектесу, Кореяда жұмыс табуға көмектесетін бағдарламалар да бар.

Оңтүстік Кореяда Қазақстан туралы білетіндер де, білмейтіндер де бар екен.

Кейбіреулері Ресейдің ықпалы көп тиген мемлекет ретінде біледі, кейбіреулері ана тіліміз орыс тілі деп ойлайды. Сол жағы кішкене қынжылтады. Көбіне Қазақстанның табиғатына қызығатындарын, саяхаттап барып көргісі келетіндерін айтады, – деді Гүлімбибі Қабижанқызы.

Гүлімбибінің ойынша, Қазақстаннан ақша табу үшін келетіндер саны да көбеюде.

Шетелден келгендер әр түрлі салаларда жұмыс істейді. Корея компанияларында жұмыс жасайтын қазақтар көп. Мұнда оқуын аяқтаған көптеген қазақстандық студенттер де Кореяда қалып тәжірибе жинауда, – деп пікірін жеткізді жас маман.

«Корейліктердің кезекке тұру әдебі таңғалдырды»

Кейіпкеріміз сондай-ақ Оңтүстік Кореяның ерекшеліктерін атады.

Біріншіден, корейліктердің кезекке тұру әдебінің өзі таңғалдырады. Мысалы, автобусқа кірер кезде ешкім ешкімнің алдына шықпай, сөзге келмей, бірінің артынан бірі тұрып кезекпен кіреді. Басқа жағдайларда да солай, – деді ол.

Корей ұлты басқа адамдарға ыңғайсыздық тудырмауға тырысады екен.

Екіншіден, Кореяда адамдар қоғамдық орындарда, кафе, мейрамхана сынды жерлерде заттарын қараусыз тастап жүре береді. Барлық жерде бейнебақылау орнатылғандықтан, ол заттарға ешкім тиіспейді. Жоғалып кеткен не ұмытып кеткен заттарды да тез табуға болады. Үшіншіден, бұл жақта автобус, метро және тағы да басқа қоғамдық көліктерде жастар үлкендерге орын бермейді. Үлкен кісілер де оларға реніштерін білдіре қоймайды, – деді Гүлімбибі.

Гүлімбибі Қайырлиеваның сөзінше, Оңтүстік Кореяда жасқа қатты мән береді. Бір жасқа үлкен болса да сый-құрмет көрсетіп, «сіз» деп сөйлейді.

Ұсақ-түйек нәрселермен компания қызметкерлерінің арасындағы ең кішісі не студенттер арасындағы ең жасы кішісі айналысу керек деген көзқарас та бар. Бұдан бөлек ерекшеліктер де жетерлік. Бірақ мұнда мен үшін қиындық келтірген нәрселер болмады. Жаңа өмірге тез үйреніп, бейімделіп кеттім, – дейді қазақ қызы.

Дипломын енді қолына алған Гүлімбибі әрі қарайғы жоспарымен бөлісті.

Алдымен кішкене Кореяда корей компанияларында жұмыс істеп, тәжірибе жинап көргім келеді. Кейін елге оралу жоспарда бар, - деді кейіпкеріміз.

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Гүлімбибі Қайырлиеваның Кореяда білім алу тәжірибесі мен өмір жолы көпшілікке үлгі боларлықтай. Оның оқу мен еңбек жолындағы табыстары, корей мәдениетіне деген қызығушылығы, сондай-ақ, болашаққа қойған жоспарлары жастарға мотивация береді деген ойдамыз.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: