Бәсекеге «халықаралық» дайындық

29 Мамыр 2018, 14:52 3261

Президент Кубогы аясында оқу-жаттығу жиындары өтті

Кеше бокстан Президент Кубогы халықаралық турнирі қарсаңында бірнеше мемлекеттен келген спортшылар арасында бірлескен оқу-жаттығу жиындары өткен еді.

«Әр салмақта 8-10 боксшылардың басын қосқан жаттығу спортшылар үшін тәжірибе алмасудың керемет жолы», – дейді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

– Президент Кубогы турниріне 15 мемлекет қатысады. Бұл Қазақстанда жалауы желбірейтін ең үлкен жарыстың бірі. Жылдан-жылға турнир деңгейі өсіп келе жатыр. Бұл бәсекеде бокс әлемінде аттары алысқа кеткен бірнеше боксшылар жеңімпаз атанған. Көптеген олимпиада чемпиондары осы рингте тәжірибелерін жинап, шеберлігін шыңдаған. Осы спорт түрінен алдына жан салмайтын Куба, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан елдерінің боксшылары келеді. Олар тек құрамаларының үздіктерін қатыстырып отыр. Ал бірлескен оқу-жаттығу жиындарына жергілікті климат пен сағатына үйреніп, тәжірибе алмасу мақсатында өздері сұраныс білдірді. Біз де тек әр салмақтағы көшбасшыларымызды турнирге қатыстырамыз. Қазір кей боксшыларымыз Санкт-Петербургтегі жарыста жүр. Олардың да бұл Кубокқа қатысуға мүмкіндіктері бар. Тек жарақаттан аман болса игі. Шәкірттерімнен жақсы нәтиже күтемін. Сол сияқты кей салмақта Азия ойындарына апаратын боксшыны әлі білмей отырмыз. Осы турнир барлығын өз орнына қойып, шын мықтыны анықтап береді деген ойдамыз.

Боксшылар 40-45 минуттық дене қыздырудан соң, рингке шығып, бір-бірімен спаррингке түсті.

69 келідегі басты үмітіміз, бірнеше халықаралық турнирлердің жүлдегері Абылайхан Жүсіпов өз ойымен бөлісті.

– Қазір бабымдамын. «Astana Arlans» командасында жүріп, өз бабыма келіп алдым. Барлық қатысушылар секілді менің де мақсатым – алтынға қол жеткізу. Президент Кубогы – өте беделді жарыстың бірі. Кілең мықтылар қатысатын турнирде жеңіске жетуді кез келген боксшы армандайтын шығар. Басты қарсыласым деп, бір боксшыны бөліп-жарып айта алмаймын. Олардың барлығы өз еліннің алдыңғы сапта тұрған спортшылары. Кез келгенімен жұдырықтасу қиын болатынына күмәнім жоқ.

Оқу-жаттығу жиындарына АҚШ, Ұлыбритания, Тайланд, Ресей, Түркіменстан, Монғолия және өзіміздің құрама жігіттері қатысты. Осы жаттығу кезінде олар қарсыластарын істе сынап көріп, осал тұстарын біліп, өз мүмкіндіктерін тани түседі.

Бокстан Ресейдің еңбегі сіңген жаттықтырушысы Сергей Багдасарян былай дейді:

– Қатысып жатқан елдердің бокс рейтингісінде жақсы нәтижелеріне қарап, турнирдің деңгейін жоғары деп бағалауға болады. Бұл жарысқа ең-ең деген былғары қолғап шеберлерін алып келдік. Біздің де медальға деген үмітіміз басым. Ол үшін шәкірттерім қызу дайындалып, күндіз-түні тынбай еңбектеніп, қиындықтарды жеңу керек. Кім шаршамаса, бабы келіссе, сол жеңіске жетеді деп ойлаймын. Астанаға бұл бірінші рет келуіміз емес. Әр келгенімізде жақсы әсер алып қайтамыз. Турнирді ұйымдастыру да сіздердің қолдарыңыздан келеді.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Кубогы 5-11 маусым аралығында Астана қаласында «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Ерлер 10 салмақ бойынша  бақ сынаса, қыздар төрт түрлі (51 кг, 57 кг, 60 кг, 75 кг) салмақта ең мықтыны анықтамақ.

Өткен жылы турнирге 10 мемлекеттен спортшылар келсе, биыл 15 елдің былғары қолғап шеберлері қатысады деп болжанып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылы 31 қыз бен 82 ер боксшылары бақ сынасқан болатын. Ұйымдастырушылар бұл жылғы жарысқа қатысушылар өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда көп болатынына сенімді.

Фото автордікі

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: