Астана және Қарағанды қалаларында QirSabyn телеграм-арнасының авторларын ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас прокуратура мәліметінше, олар шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялаймыз деп қоқан-лоқы көрсету арқылы ақша бопсалаған.
18 желтоқсанда Бас прокуратураның үйлестіруімен ҰҚК және ІІМ ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен және ҚМА-нің мамандандырылған бөлімшесімен бірлесіп, Астана және Қарағанды қалаларында QirSabyn телеграм-арнасы арқылы шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялау қаупімен ақшалай қаражатты бопсалаумен айналысқан адамдар тобы ұсталды. Шұғыл тергеу әрекеттері жүргізіліп, техникалық құралдар, ірі көлемдегі ақша сомасы және өзге де заттай дәлелдемелер алынды, - делінген мәліметте.
Телеграм-арнасының әкімшілері соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қажетті тергеу және жедел іс-шаралар жалғасуда.
Тергеу аясындағы өзге ақпарат жария етілмейді.