Бас мүфти Рамазан айына байланысты кәсіпкерлерге үндеу жасады

5 Наурыз, 19:25 1070

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады. Бұл туралы ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Рамазан айының басталуына орай өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бас мүфти өз сөзінде қазақстандықтарды қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі», «Жомарт жұма» сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды.

Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткіміз келеді,-деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ҚМДБ төрағасы қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі екенін атап өтті.

Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын, - деді Бас мүфти. 

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: