«Qazaq Ring» YouTube жобасында бас бапкер журналистің «Шәкіртіңіз Сәкенге уақыт жетпей ме? Нәтиже неліктен төмендеп кетті?» деген сұрағына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Сәкенге уақыт жетпейді емес, жетеді.
Қазақта «Бақ, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген бір жақсы сөз бар. Кейбір кезде ынтымағымыз жоқ болып, бір-бірімізді «анау жақсы, мынау жаман» деп күндейтін кездер көп болып жатыр. Соның бір кесірі осы командаға тиетін шығар. Ауызбіршілік, татулық, бірлік болса, әлі де үлкен белестерді бағындырамыз. Біз қазақылыққа жақын адамбыз. Сол себепті үмітімді үзбеймін. Командада мықты жігіттер, бапкерлер көп. Ғылыми тобымыз бар. Соңғы жарысымыздағы келеңсіз жағдай естен шығып, әлі де лицензиямызды толтырып, биік тұғырдан көрінгенде мұның бәрі артта қалады деп ойлаймын, – деді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.
Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының алғашқы жекпе-жегінде және Ханчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарында жеңіліс тапқан болатын.