Барселона «алғыс» айтады, Реал «қарғыс» айтады!

10 Сәуір 2014, 09:33

Чемпиондар лигасының соңғы он жылында мынадай бір жазылмаған заңдылық қалыптасты. Кім мадридтік «Реал» командасын жолдан тайдырса, сол команда чемпион бола алмайды.

Чемпиондар лигасының соңғы он жылында мынадай бір жазылмаған заңдылық қалыптасты. Кім мадридтік «Реал» командасын жолдан тайдырса, сол команда чемпион бола алмайды. Ал, кім «Барселонаны» ұтса, сол міндетті түрде чемпион болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін соңғы он жылдыққа тоқталып өтейік.

Реалдың «ҚАРҒЫСЫ»!

2003-2004 жылы француз клубы «Монако» айдарынан жел есіп, қарсылас шақ келтірмеген команда еді. Ширек финалда «Реалмен» жолы түйісіп, мадридтік клубты қапыда қалдырды. Жартылай финалда азуын айға білеген «Челсиді» де айналып өткенмен, финалда «Портудан» 0-3 есебімен ұтылып қалды.

2004-2005 жылдары «Реалды» италиялық «Ювентус» 1/8 плей-офф кезеңінде жеңгенмен, ширек финалда «Ливерпульден» жеңіліп қалды.

2005-2006 жылы ағылшындық «Арсенал» жеңіліс түгіл, қақпасына гол жібермейтін ұжым еді. 1/8 плей-офф кезеңінде «Реалды» жеңіп, «Ювентусты» ширек финалда, «Вильярреалды» жартылай финалда жеңгенмен, ақтық сында «Барселонадан» жеңіліс тапты. Тарихында бірінші рет чемпиондар лигасына шыққан ағылшындық клуб тағы да «Реал» клубының «көз жасына» қалған еді.

2006-2007 жылдары 1/8 плей-офф кезеңінде «Реал» мен «Бавария» кездесіп, мюнхендік клуб келесі кезеңге өтті. Әдеттегідей ширек финалда «Миланға» жол берді.

2007-2008 жылдары 1/8 плей-офф кезеңінде Рим қаласының маңдайалды командасы «Рома» мадридтік клубтан оңай айналып өткен еді. Бірақ келесі кезеңде «Манчестер Юнайтедтен» тас-талқан болып ұтылды.

2008-2009 жылдары «Ливерпуль» командасы 1/8 плей-офф кезеңінде «Реалды» екі кездесу қорытындысы бойынша 5-0 есебімен тас-талқан етіп, теңдессіз командалардың біріне айналған еді. Бірақ, ширек финалда «Челсиден» ұтылып қалды.

2009-2010 жылдары 1/8 плей-офф кезеңінде француз клубы «Лион» айды аспанға шығарып, азулы «Реалды» жеңген еді. Көпке ұзамай ширек финалда отандас клубы «Бордодан» айласын асыра алмады.

2010-2011 жылдары жартылай финалда «Реалдан» «Барселона» басым түсті. Әйтсе де, «Барселона» көп «алғысының» арқасында финалда «Манчестер Юнайтедті» ұтты."Қарғысты" "Алғыс" жеңді!

2011-2012 жылдары «Бавария» ең үздік командалардың бірі еді. Жартылай финалда пенальти бойынша «Реалдан» өтіп, финалдық кездесуде («Альянц Аренада», яғни «Баварияның» өз алаңы) «Челсиден» ұтылып қалды. 

2012-2013 жылдары мадридтік «Реал» жартылай финалда дормундтық Боруссияға жол берді, десе де дортмундтықтар финалда «Бавариядан» 2-1 есебімен жеңіліс тапты.

Барселонаның «АЛҒЫСЫ»!

Барселона клубының «алғысы» 2007-2008 жылдардағы маусымнан басталады. Жартылай финалда доп айырмасы бойынша «Манчестер Юнайтедтен» ұтылып қалды. Есесіне «МЮ» сол жылы «Лужники» стадионында пенальти бойынша «Челсиді» ұтқан еді.

2008-2009 жылдары «Барселона» өзі жеңіске жетті.

2009-2010 жылдары жартылай финалда «Интерден» доп айырмасы бойынша жеңілді. Бір қызығы, сол жылы «Интер» финалда «Баварияны» 2-0 есебімен жеңді.

2010-2011 жылдары «Барселона» өзі жеңіске жетті.

2011-2012 жылдары «Барселона» жартылай финалда «Челсиден» өте алмай қалды. Дәл осы маусымда «Челсиді» ешкім чемпион болады деп ойламады. Әйтсе де, финалда «Баварияны» өз алаңында қапыда қалдырып, лондондықтар кубокты бастарына көтерген еді.

2012-2013 жылдары «Барселона» жартылай финалда «Бавариядан» ұтылды. «Бавария» қатарынан екінші мәрте финалға шығып, дортмундтық Боруссияны 2-1 есебімен ұтты.

P.S. Биыл «Барселонаны» ширек финалда мадридтік «Атлетико» ұтып, «алғысын» алды. Жартылай финалда «Реалмен» кездесіп, «қарғысына» ұшырауы да мүмкін. Кім біледі, бұл жәй сәйкестіктер болуы да мүмкін.

 

Бөлісу: