Бармағынан бал тамған әскери аспаздар

22 Ақпан 2021, 15:31 5221

Әскери аспаздар «Дала асханасы» жарысына қызу дайындалуда.

 

6 жылдан бері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери аспаздары «Дала асханасы» жарысында бақ сынап, жүлделі орындар алып жүр. Әскери ортада да бармағынан бал тамған аспазшы мамандар бар. Олар ел тыныштығын қорғаумен қатар, әскери сапта жүрген қаншама азаматтың ас-суын әзірлеп, дәмді тағамдарымен қуантып келеді. «Дала асханасы» сайысы «Aрмия-2021» халықаралық ойындары аясында өтетінін естеріңізге сала кетейік. Қарулы Күштердің «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын үздік аспаздар халықаралық «Дала асханасы» жарысына дайындықты бастап кетті.

 

Биыл еліміздің Қарулы Күштері халықаралық жарысқа жетінші мәрте қатысқалы отыр. Ең әуелі үздік аспаздар өңірлік қолбасшылықтар арасында іріктеліп, бірнеше кезеңнен өтеді. Сынақтан сүрінбегендер ғана Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық құрамасының қатарына кіреді. Мәселен, былтыр аталмыш жарыстың іріктеу кезеңіне Қорғаныс министрлігіне қарасты әртүрлі әскери бөлімдерден 16 әскери қызметші қатысқан болатын. Олар үшін сынақтың шешуші кезеңі – екінші этап болып саналады. Екінші кезеңнен іріктелген шебер қолды аспаздар халықаралық жарысқа аттанған еді.

 

«Батыс» өңірлік қолбасшылығы, Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметкері капитан Рүстем Игісінов берген мәліметке сенсек, команда құрамына екі наубайшы, екі аспазшы кіреді. Байқау әзірге өңірлік деңгейде үш кезең бойынша өтеді. Сайыскерлердің аспаздық шеберліктері ғана сынға түспейді, олар сондай-ақ құралайды көзге атқан мерген болуы тиіс. Әскери аспаздар атыс дайындығы кезеңінде АК-74 қаруынан оқ атып, ату дәлдігі бойынша жарысады. 100 метр қашықтықтан үш рет оқ атуға мүмкіндік беріледі. Максималды көрсеткішіке қол жеткізуі үшін барын салады.

 

– Қарулы Күштер сапында қызмет етіп жүрген әскери аспаздар арнайы курс өткен мамандар,- дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының Басқармасы азық-түлік қызметінің бастығы подполковник Владимир Томкин. – Курс оқитын мамандарды іріктерде біз ең үздік, ең мықты аспаздарды таңдауға тырыстық. Қазір Атырауда олардың аспаздық шеберлігін шыңдау үшін, қосымша сабақтар ұйымдастырылып отыр. Жарысқа тыңғылықты дайындалу үшін біз осы шаһардағы ең жақсы аспаздарды шақырдық. Олар біздің әскери аспаздарға мастер-класс өткізіп, түрлі рецептерін ұсынып, кейбір құпияларымен бөлісуде.

 

Сайысқа дайындалып жатқан әскери аспаздар нан-тоқаш өнімдерін өз қалауларына қарай пісірсе, келесі кезеңде жарысты ұйымдастырушылар ұсынған өнімдер жиынтығынан дәмді ас әзірлейтін болады. Жарыстың ережесіне сай, аспаздар салқын тағамдар, сорпа, гарнир қосылған ет немесе балық өнімдерін, сондай-ақ авторлық сусындар дайындайтын болады.

 

Ал, жарыстың үшінші кезеңінде жоғарыда аталған тамақ түрлері бекітілген мәзірге сай ас пісіреді. Мәзір бойынша майшабақ қосылған винегрет, жазғы салат, борщ, солянка, қуырылған балық күріш ботқасымен, ірімшік қосылған картоп лангет, кептірілген жемістен компот, мүкжидек шырынын әзірлейтін болады. Бұған қоса қатысушылар белгіленген рецепт бойынша нан мен тоқаш өнімдерін пісіріп, аспаздық шеберліктерін паш етеді.

 

Жарыстың бір ерекшелігі – аталған астың бәрі тек далалық жағдайда жасалады. Талапқа сай сайыскерлер далада ПП-40 портативті пештері мен КП-30 үлгісіндегі жылжымалы далалық асханаларда сондай-ақ КП-130 тіркемелі асхана жабдықтарында наубайхана блоктарын қолдана отырып жүзеге асыратын болады.

 

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі мамандарының айтуынша, жарысқа қызу кірісіп кеткен үш наубайшы, үш аспаз, екі стокер және бір жаттықтырушы мен аудармашыдан құралған командаға Field Kitchen деген атау беріпті. Олар енді жарысқа қатысу құқығын жеңіп алу үшін бар күштерін салатын болады.

 

Әскери аспаздардың сайыс алдындағы көңіл-күйлері көтеріңкі. Себебі олар үшін күнделікті өмірде қолжетімді, қарапайым өнімдерден дәмді әрі құнарлы тағам әзірлеу үйреншікті іс. Мақсат – іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, халықаралық жарысқа қатысу мүмкіншілігіне ие болу.

 

«Армия-2016» ойындарында қазылардың жүрегін жаулаған аспаз

 

Андрей Пастлер – «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінің аспазы. 2016 жылы 30 маусым мен 13 тамыз аралығында Ресей мен Қазақстанның территориясында өткен «Армия-2016» халықаралық ойындарында үздіктер қатарынан көрінген әскери аспаздардың бірі болды. 19 мемлекет қатысқан ауқымды шара аясындағы «Дала асханасы» жарысы Мәскеуге жақын орналасқан «Алабино» полигонында өткені белгілі. Қазақстан Қарулы Күштері дәл осы «Дала асханасы» жарысында үшінші орын иеленіп, жүлделі орын алған болатын.

 

Әскери бөлімдегі аспаз – маңызды адам,- дейді Андрей Пастлер. – Далалық жаттығулар, марш-бросок, ату жаттығулары дейсіз бе, кез-келген жағдайда аспаз мамандар да полигондарға бірге аттанады. Жауынгерлер міндеттерін атқарып, демалып жатса да әскери аспаздар дәмді тағам әзірлеп, сапта жүреді. «Ас – адамның арқауы» деген бар, әскери мамандар кестеге сай уақытында ауқаттануы тиіс. Оған біз жауаптымыз.

 

Андрей өзінен жақсы аспаз шығады деп ешқашан ойламапты. Ол өздерін нағыз құрылысшылар династиясы санайтын отбасында өмірге келген. Ата-анасы Қарағанды қаласында тұрады. Орта мектепті бітіргеннен кейін, кәсіби техникумға «аспаз-кондитер» мамандығына оқуға түседі. Оқуын оқи жүріп, ата-анасына көмектесіп, құрылыс саласында да жұмыс істеген.

 

– Оқуымды жалғастыру мақсатында Қарағанды экономикалық университетіне оқуға түстім,- дейді кейіпкеріміз. – Аспаз-кондитер ретінде меңгерген мамандығымды дамыту үшін «Тамақтану технологы» саласын таңдадым. 2010 жылы әскер қатарына шақырту алдым. Мерзімді әскери қызметті артиллерия сапында барлаушы ретінде атқардым. Отан алдындағы борышымды өткергеннен кейін, көп ойлана келе мемлекеттік қызмет атқарсам деген ниетпен сол салаға оқуға түстім. Алайда, өмір жолы маған басқа сый дайындап тұр екен. Қарағанды қаласындағы 31775 әскери бөліміне әскери қызметке кірістім. Бір күні взвод командирі қасыма келіп, «Сенің мамандығың аспазшы» екен ғой деп, таңдана қарады. Осылайша командирімнің ұсынысымен аспазшы болып жұмысқа кірісіп кеттім.

 

Андрейді аспаздық өнерге баулыған қарағандылық педагогтарға үлкен алғыс. Бармағынан бал тамған аспаздың тамақтарын сүйсіне жеп жүрген офицерлер мен жауынгерлердің көңілі тоқ. Әскерилер арасында өтетін халықаралық жарыстың шеңберінде әскери аспаздардың да сайысы болатынын естігенде, Андрейдің басшылығы бірден оны да қатыстырамыз деп шешім қабылдайды.

 

– Іріктеу өте қатаң өтті,- дейді кейіпкеріміз. – алдымен аймақтық деңгейде Алматы қаласында, кейін республикалық деңгейде астанада іріктеу кезеңі өтті. Нәтижесінде үздік деп Тараз және Алматы қаласынан және Қарағандыдан мені таңдады. Осылайша үш аспаз өзара танысып, достасып кеттік. Мәскеуге ұшарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол көрсеткен ұжым болып шыға келдік.

 

«Армия-2016» халықаралық ойындары аясында өткен «Дала асханасы» жарысына Ресей, Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ангола елдері қатысқан.

 

– Көпшілік қауым әскери асхана алуан түрлі тағамдармен таңғалдыра алмайды деген пікірде дейді,- кейіпкеріміз әңгімесін сабақтап. – Шын мәнінде олай емес. Мәселен, ресейлік стандарт бойынша әскери аспаз кем дегенде 150 тағам әзірлей білуі тиіс екен. Сайыс барысында кезек бізге де келді. Жарыстың бірінші кезеңіне сәйкес біз 20 адамға арнап түскі ас әзірлейтін болдық. Қазақстандық аспаздар қарапайым жолмен әзірленетін құнарлы тағамдарды таңдадық. Әуелі рассольник сосын сиыр етінен жасалған бефстроган ал, салатқа қарапайым қызанақ пен қиярдан жасалған жеңіл салат ұсындық. Әділ қазыларға тағамдарымыз өте ұнады.

 

Сайыстың екінші кезеңінде регламентке сай, рассольник сосын мәскеулік борщ сондай-ақ күріш қосып ұсынатын майшабақ және картоп қосылған лангет пісіру бәріне ортақ тапсырма болды. Үшінші кезеңде аспаздар түрлі нан өнімдерін ұсынған. Нәтижесінде отандастарымыз үшінші орын алған. Қазақстандық әскери аспаздар осылайша ресейлік және қытайлық әріптестерін жолда қалдырып, үшінші орынды қанжығалаған.

 

Кейіпкеріміздің айтуынша, өзге мемлекеттердің әскерлері қандай тағам пісіріп, қандай ас жейтіні қызық болыпты. Әскери аспаздар бір-бірімен тәжірибе алмасып, түрлі тағамдардың даярлану әдісімен танысқан.

 

«Армия» халықаралық әскери-техникалық форумы 2015 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы жылдар аралығында форумның беделі артып, қару-жарақ пен соңғы үлгідегі әскери және сауытты техникалардың озық үлгілерін ұсынатын сондай-ақ халықаралық әскери-техникалық әріптестікті дамыту мен нығайту жолдарын талқылайтын ашық алаңға айналды. Былтырғы сияқты биыл да әскерлер арасында өтетін халықаралық армиялық ойындар осы форумның аясында өтеді.

 

Мәселен, «Армия-2018» әскери ойындарының бірнеше жарысы Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында ұйымдастырылған еді. 12 мемлекеттің әскери күштері бақ сынаған шарада Қазақстан үздіктер қатарынан көрініп, сайыстың бірнеше түрінен өте жақсы нәтижеге жеткен болатын. Мысалы, «Артиллерия» сайысы, «Сұңқар аңшылығы» байқауы, танкішілердің «Биатлон» сондай-ақ «Дала асханасы» сайысын атап айтуға болады. Осылардың арасында әскери аспаздардың жарысына тоқталар болсақ, қазақстандық аспаздар Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Израиль, Ангола және Египет аспазшыларымен сынға түскен болатын. Ережеге сай аспаздарға шектеулі көлемде азық-түлік беріліп, олар ұсынылған өнімдерден дәмді тамақ пісірген. Қазылардың шешімімен қазақстандық команда үшінші орын иеленді.

 

«Армия-2021» халықаралық әскери-техникалық форумы 22-28 тамыз аралығында Ресей Федерациясында өтеді. Ашылу салтанаты «Патриот» конгресс-көрме орталығында өтеді деп жоспарлануда. Әскери ойындар «Кубинка» аэродромы мен «Алабино» полигонында өтеді.

 

Форумның мақсаты – шет мемлекеттердің әскери-техникалық әріптестігін нығайту, Қарулы Күштердің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту, азаматтардың патриоттық тәрбиесін жетілдіру, армия туралы позитивті имидж қалыптастыру.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: