«Барлығына қарсымын»: Сайлау бюллетеніндегі жаңа пункт

20 Қазан 2022, 18:33 2275

Елде 11,8 млн сайлаушы болса, заң бойынша кандидат соның 1 пайызын, яғни 118 мыңнан астамы қолдауы керек

Елдегі аса маңызды саяси науқан – президенттік сайлауға санаулы күндер қалды. Біз кандидаттар үгіт насихат барысында нені ескеріп, сайлауға қалай қатысуға болатынын білдік. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін «Адал сайлау үшін» заңгерлер одағының есігін арнайы аштық.  

Үгіт насихат жұмыстары жайлы не білеміз?

21 қазанда президенттікке кандидаттарды тіркеу аяқталады. Одан кейін кандидаттарға арнайы куәлік беріліп, олар әр өңірде үгіт насихат жұмысын бастап, 19 қарашаға дейін сайлауалды бағдарламасын таныстырады. Ал сайлау күні үгіт насихат өткізуге рұқсат берілмейді.  

«Үгіт насихат жұмысын жүргізуде арнайы ғимарат жалға алып, келісімшартқа отырып, өз штабын құрады. Өткізетін уақытын, күнін, орнын алдын ала бекітуі маңызды. Кандидат өзінің қызметтік бабын пайдаланып, қарамағындағы қызметкерлерге өзіне дауыс беруге мәжбүрлей алмайды. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, лауазымды адамдарға өздерінің қызметтік бабын пайдаланып жұмыс барысында үгіт насихат жұмысын жүргізе алмайды, ал жұмыстан тыс уақытта үгіт жасауға болады. Қарулы күштер және тағы да басқа әскери құрылымдардың  қызметкерлеріне, ұлттық қауіпсіздік органдары, сайлау жөніндегі комиссия мүшелері мен сот төрешілері үгіт насихат жұмыстарын жүргізе алмайды», – деді одақтың мүшесі Ермек Абдрасулов.

Үгіт насихат жұмысын өткізуде кандидаттар өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесіп, жиналыстар өткізеді.

Кандидаттардың насихат жұмыстарында тең жағдай берілуі тиіс. Бұл туралы Ермек Абдрасулов былай деді: «Бұқаралық ақпарат құралдарында барлық кандидатқа бірдей мүмкіндік беріліп, кандидат туралы теңдей ақпарат қамтылуы қажет. Интернет жүйесіндегі ақпараттарда кандидаттар туралы дерек өзгермеуі және сақталуы керек. Кандидаттың үгіт материалдарына қасақана зиян келтіру, яғни алып тастау, бетін бұзу, жырту, сызу істері орын алған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады».

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға бірдей уақыт бөлініп, әрі жергілікті атқарушы органдар барлық кандидатқа тең жағдай жасауы тиіс. Түсінікті болу үшін айтайық, бір кандидатқа он рет, екіншісіне бір рет сайлау алды кездесуіне мүмкіндік беруі заңға қайшы келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт насихат жұмыстары ең алдымен бейне, дыбыс және материал арқылы және өздерінің арнайы жасалған плакаттарымен жүзеге асырылады.

«Президенттікке кандидаттың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын барлық ақпарат, жаңалықтар мен аналитикалық бағдарламаларды қоспағанда, кандидаттардың сайлау қорынан төленуі керек. Сайлау науқаны үшін арнайы дайындалғандарды қоспағанда, баспа материалдарын тегін таратуға жол берілмейді. Сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке жол берілмейді. Бұрын интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне қайта шығаруға жол берілмейді», – деді заңгер Серік Беркамалов.

Халық кімге, не үшін дауыс беретінін саралап, кандидаттардың қоғамдағы бедел-абыройын білуі тиіс. Сол себепті, сайлау науқанында үгіт-насихат жұмыстары ең жауапты кезең ретінде саналады.

«Адал сайлау үшін» заңгерлер одағының мүшесі Серік Беркамалов үгіт-насихат жұмысының регламенті туралы: «Президенттікке кандидаттардың, олардың сенім білдірілген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларының және олардың қызметкерлерінің заңнама ережелерін сақтауын бақылауды орталық және тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

Президенттікке кандидаттардың сөйлеген сөздерін теледидарда және радиода сол күні сөйлегеннен кейін және мерзімді баспасөз басылымдарында бөліп беруге және оның сөздеріне түсініктеме беруге жол берілмейді. Сондай-ақ, үгіт материалдарын орналастырғаны үшін төлем Президенттікке кандидаттың сайлау қорының қаражаты есебінен ғана жүзеге асырылуға тиіс», – деп түсіндірді.

Қол жинау жұмыстары қалай жүреді?

ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 56-бабы 1-тармағына сәйкес сайлаушылардың президенттікке кандидатты қолдауы олардың қолдарының жиналуымен куәландырылады.

Қолдау қол жинау арқылы басталады.  Елде 11,8 млн сайлаушы болса, заң бойынша кандидат соның 1 пайызын, яғни 118 мыңнан астамы қолдауы керек.

«Қол жинау үшін кандидаттың сенімді адамдары барлық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Кандидатты Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы беретін қол қойылған құжаттармен бекітеді. Президенттікке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың кемінде үштен екісін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызы қолдауға тиіс», – деді Серік Беркамалов.

Сайлау науқанында қол жинау кезінде әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуға тиіс және оған кандидаттың аты-жөні, оның сенім білдірілген адамының жеке қолы мен аты-жөні, қол жиналатын елді мекеннің атауы және қол қоятын адамдар туралы өмірбаяны жазылған мәліметтері бар бағандар болуы шарт. Бұл ақпараттардың барлығы кандидаттың қол жинауда заңға қайшы дүниелермен кезікпеу үшін, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында анықталып, тексеіледі.

Кандидаттың сенімді адамдары қол жинаған кезде тиісті қол қою парағында тұрған кандидаттың сенім білдірілген тұлғасын тіркеу туралы куәліктің көшірмесін көрсетуі тиіс. Қол жинауды жүргізетін тұлға міндетті түрде қол қою парағына өзінің жеке қолын қояды.

Президенттікке кандидатты қолдауға қол жинау бойынша толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады. Ол 5 күн мерзімде паспорттық қызмет қызметкерлерін тарта отырып, қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады. Президенттікке кандидатты қолдауға қолдардың дұрыстығын тексеру нәтижелері туралы тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді.

Заңгерлердің сайлау кезіндегі қызметі қандай?

Қазақстандық заңгерлер одағының базасында отандық сайлау тарихында тұңғыш рет «Адал сайлау үшін» азаматтық штабы құрылды. Заңгерлер халыққа сайлау заңнамасының нормасын түсіндіруге, сайлау процесіне қатысушылардың барлығының құқығы мен міндеттерін түсіндіруге көмектесуі тиіс

Штаб қызметінің негізгі мақсаты сайлау науқанының беделін түсіру тәуекелдерін анықтау, сайлау процесінің барысы мен сайлау нәтижелері туралы объективті қоғамдық пікірді белсенді қалыптастыру.

Заңгерлер сайлау барысында сот төрешесі қызметін атқарады. Сондықтанда олар кандидаттармен байланысып, үгіт насихат жұмыстарын жүргізуге және қол жинауға көмектеспейді.

«Сот төрешілері бірінші кезекте заңгер болып саналады.  Оларға арыздар түсіп жатады. Осы тұрғыда бірінші келіп түскен Әлтаевқа қатысты мәселе болды. Оның құжаттары дұрыс құралмаған, кандидаттық ұсыну кезінде жиын дұрыс өтпегендігі белгілі болды. Осы сәтте төрешілердің міндеті осындай тартыстарды шешу. Прокурорлар да заңгер.олардың өзінің жұмысы бар. Сайлау алды және сайлау барысындағы шаралардың дұрыстығына заңдық тұрғыда бақылау жасайды. Заңға қайшы орын алған факті байқалса, онда оны прокурор қай орган, орталық комиссия ма, аймақтық комиссия ма, учаскелік комиссия ма барлығын көрсетуі керек. Азаматтар да қандай да бір ағаттық байқаса, прокуратураға жүгіне алады», – деді одақтың мүшесі Ермек Абдрасулов.

Биылғы сайлаудың қандай ерекшелігі бар?

Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге сайлау алды жұмыстардың еш кедергісіз жүзеге асуына кепілдік береді. Осы тұрғыда әр адам өзінің ойын еркін айта алады және өзінің кандидатын таңдауға мүмкіндігі туады.

«Биылғы сайлауда айтарлықтай ерекшеліктер бар. Сайлаушылар бюллетендеріне «барлығына қарсы» деген баған енгізіледі және президенттікке белгілі бір кандидаттың пайдасына өз таңдауын шеше алмаған азаматтар әрқайсысына қарсы дауыс бере алады», –  деді Серік Беркамалов. 

Оның айтуынша, Президенттікке кандидаттардың пайдасына басқа сайлау процестерінің уақытын ұзарту үшін қол жинау парақтарын беру мерзімдері және қол қою парақтарын тексеру мерзімдері қысқартылды.

«Тұтастай алғанда, бұл сайлау Жаңа және әділ Қазақстандағы алғашқы сайлау болғандықтан, олардың заңдылығы мен адалдығына үлкен көңіл бөлінетін болады. Әрине, бақылаушылардың да белсенді қызметі болады, оны біз тек қана құптай аламыз. Өз тарапымыздан барлық отандастарымызды өздерінің конституциялық құқықтарын пайдалануға және өз таңдауларын жүзеге асыруға шақырамыз», – деді заңгер. 

Қысқасы, президенттік сайлау елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Біз заңгерлерден сайлау кезіндегі кандидаттар мен оларды қолдаушылардың заңдық әдет-әдептері туралы жаздық...

 

Миражан Махан
Бөлісу: