Жамбыл облысында балабақшаға барған он бала ауруханаға түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
17 наурызда Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне "Нұрай" бөбекжайының 9 тәрбиеленушісі жіті ішек инфекциясы, ал бір бала энтеровирусты инфекция диагнозымен жатқызылды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, бір бала жансақтау бөліміне ауыстырылған, бірақ жағдайы тұрақты, оң нәтижелер байқалып жатыр. Оқиғаның себебін анықтау мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмысшы топ құрылды. Әкім Ербол Қарашөкеев әр баланың жағдайымен танысып, мәселені жан-жақты зерделеу жұмыстарын қолға алды.
Қазіргі уақытта Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеріс жүргізіп, барлық қажетті сынамалар алынған. Ауруханаларда қосымша төсек-орындар дайындалып, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Балабақшада залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуіне байланысты мекеме екі тәулікке жабылып, ата-аналарға ескерту жасалды. Құзырлы органдар тексеру қорытындысына сәйкес тиісті шешімдер қабылдайды. Әкімдік өкілдері жағдайдың бақылауда екенін және қоғамдық ахуалдың тұрақты екенін мәлімдеді.