16 Қыркүйек 2014, 04:53
Корн тілі
Бөбегім, ерте-ерте, ертеде, ежелгі кельт жерінде Артур атты патша болыпты. Иә, иә, ерлік рухы бүгінгі күнге жеткен сол әйгілі Артур ғой. Ал, сен оның туған тілі тұңғиыққа батқанын білесің бе?! Корн тілінде 17-ғасырдың аяғына дейін қазіргі Англияның оңтүстік батысындағы Корнуолл халқы сөйлеген. 1677 жылы корн тілінің соңғы сөйлеушісі Долли Пентрита көз жұмды...
Корн жерін жаулау 6-ғасырларда басталып, ол 10-ғасырда толықтай Англияның вассалына айналды. Бұл жағдайда да жергілікті халықтың тіліне аса қауіп төнбеді. Өйткені, экономикалық тұрғыда Корнуолл жерінен ешқандай пайда жоқ еді. Тек қалайы кені шығатын бұл аумақ басқыншыларды қызықтыра қоймады.
Корнуоллдықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтына 16- ғасырда ағылшындар шындап қол сұқты. «Құдайға құлшылық ету тек ағылшын тілінде жүруі тиіс» деген Англия реформасы бәрін өзгертті. Бұл шешімге қарсы шығу – өлімге бас тігумен бірдей еді. Бірақ, жеке дара ел болуды, еркіндікті аңсаған халық 1549 жылы орталық билікке қарсы шығып, көтеріліс жасады. Бас көтерген 4 мың корнуоллдық өлтіріліп, елдің ашу-ызасы, күресі басып-жаншылды. Келесі жылы корнуоллдықтар тағы да қарсылық танытты. Дәл осы жолы халықтың азаттық арманы қарулы күшпен енді қайта көтерілместей күл-талқан етілді. Осы оқиғадан кейін Корнуолл есін жиған жоқ. Ағылшын тілі қоғамдық өмірдің барлық саласына батыл ене бастады. Ең алдымен, ағылшын тілі сауда саласын басып алды. Ел ішіндегі байшыкештер де биліктің тілінде сөйлеп шыға келді. Олар ағылшын тілін білмейтін қарапайым жұртшылықты менсінбей, мінейтін жағдайға жетті. Жергілікті жастар осы мекенге қоныс аударған ағылшындармен отасып, өз тілдеріне немқұрайлы қарайтын болды. Негізі, корн тілінің өсіп-өркендеуіне заңдық негізде ешқашан тыйым салынған жоқ. Орталық билік корн халқының өз тілін өзі жұтуына «жол ашып», байғұс тілдің тағдырын сырттай бақылап тұрды. 1600 жылы корн тілі мен әдебиетінің алтын ұясы саналған Гласни монастыры мен оның жанынан ашылған мектеп жабылып, корн тілі ел өмірінен мүлдем ажырады. Корольдік билік тарапынан Інжілді бұл тілге аудару мақұлданған жоқ. Қасиетті кітап сол күйі корн тіліне ешқашан аударылмады.
Арада біраз уақыт өткенде, құрдымға батқан корн тілінің тағдыры халықтың зиялы қауымын, тіпті, ағылшын элитасын да ойландыра бастады. Тіл зерттеушілері мен ғалымдар ұйысып, корн тілін сақтауға күш біріктірді. Олар корн тіліндегі бай әдеби мұраны ел аралап жүріп жинады. Алыс ауылдардан корнша бір ауыз сөз білетін адамдарды да іздеп тауып, олардың әр сөзін хатқа түсірді. Тіл жанашырлары бір-бірімен шама-шарқынша корн тілінде хат алмасты. Корнуоллдан шыққан ғалымдар бұдан кейін де тіл мәселесіне келгенде әрдайым сергектік таныттты. Дүркін-дүркін тілдің грамматикалық, фонетикалық ерекшелігін зерделеген еңбектер жарық көрді.
19 ғасырда Ұлыбритания халқы кельттік тамырларына қайта үңіле бастады. Бұл кезең тарихта «Кельт реннесансы» деген атаумен қалды. 1901 жылы Кельт-Корн қоғамы құрылды. Араға төрт жыл салып, Генри Дженнер «Корн тілінің анықтамалығын» жазып шығарды. Міне, осы оқиға корн тілінің жандануына себеп болды. Бүкіл корнуоллдықтар Генриді корндық рухты тірілткен ұлттық батыр ретінде таныды.
Корн тілі жайлы жазылған әр кезеңдердегі құжаттардың бірде-бірі жоғалмай, бүгінгі күнге жетіп отыр. Құндылығы сол, қазіргі ғалымдар осы тарихи деректерді пайдаланып, корн тілінің негізін қалпына келтіруде. 20-ғасырда корн тілінің үш түрлі нұсқасы жасалды. Ғалымдар үшеуін де сақтап, корн тілінің диалектісі ретінде қарастыруды ұсынуда. Көрдің бе, корнуоллдықтар қажырлы еңбектің, көз жасы мен арманының арқасында дүниеге келген бір сөзін де жоғалтқысы келмейді енді...
Корн тілі бүгінде орталық билік тарапынан автохтонды тіл деп танылғанымен, ешбір құқықтық мәртебесі жоқ. Билік оған ресми тіл мәртебесін беруге қарсылық білдірді. Бұл қадамын Үкімет «тілдің қолдану аясының кеңуі мен дамуын заң арқылы емес, шынайы көмек көрсету арқылы жүзеге асыру керек» деген «жалынды» сөздерімен түсіндірді. Осылайша, шүпілдеп тұрған шындықтың бетін бүркемелеп жаба салды. Корнуоллдық жергілікті билік тіл дамытумен айналысатын лингвистикалық ұйымдарды қаржылық тұрғыда қолдай бастады. Ал орталық билік корн тілінің мәселесін журналистер дабыл көтерген сәттерде ғана «уақытша» еске алады. Тіл – азаттыққа бастайтын қуатты күш екенін корольдік іштей сезеді.
Тілдік ұйымдардың алдында әзірге бір ғана үлкен мақсат тұр. Ол – Корнуолл аумағындағы барлық мектептерге пән ретінде корн тілін енгізу. Тілді жан-жақты дамыту үшін қаражат мәселесі қолбайлау болуда. Бүгінгі күні корн тілін 3500 адам біледі. Бұл – халықтың 1 пайызынан азы. Оның 400-і корнша еркін сөйлейді.
Бөбегім, корнуолл халқы 1928 жылдан бері қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде ұлттық мейрамы Горсед салтанатын өткізеді. Бұл мейрам Генри Дженнердің бас болуымен ұйымдастырылып, дәстүрге айналған еді. Мақсаты – корндықтарды Бард қатарына қабылдау және корн тіліндегі екінші есімін беру. Бард атағы корн мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаға беріледі. Корн тілін еркін білетін адамның да Бард атануға қақысы бар. Ең алғашқы рет Ұлы Бард мәртебесі Генри Дженнердің өзіне берілді. Ол әп сәтте Гуас Михал боп шыға келді!
Бөбегім, корнуоллдықтар үшін бүгінгі күні ең үлкен ерлік – туған тілін білу болып тұр. Ал Бард болғысы келетіндердің қатары аз емес. Айтпақшы, Құдайға құлшылық ету амалдары аз уақыттан бері корн тілінде жүргізіле бастады.