Барақ батыр

9 Қыркүйек 2014, 10:12

Барақ батыр туралы

Бигелдіден туған екі ұлдың екеуі де ерен, тас түйін, ержүрек, тілді, айтқанынан қайтпайтын, білекті жандар болған деседі. Үлкені Құлшыораз, кішісі Барақ. Ескілікті әңгімелерде «Барақ батыр Абылай ханнан жиырма жас үлкен еді» дегенді айтады. Абылай хан бізге белгілі тарихта 1711 жылы туған десетін. Бірақ, соңғы жылдардағы зерттеулер бұл датаның қате есептеуден туындағанын айқын аңғартып қалды. Тарих зертетушісі Зарқын Тайшыбайдың «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған «Абылай орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың басында туған» атты мақаласында: «Қазақ тарихында Абылайдың туған жылы туралы кейінде қалыптасқан 1711 жылы, 1713 жылы деген екі пікір бар. Екеуі де негізсіз емес, бірақ, нақтылай түсуді керек етеді. Демек, екеуін салыстыра отырып, қолда бар деректерді қайта қарап көрсек, Абылай қазақ күнтізбесі бойынша 1712 жылдың аяғында, орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың басында туған және 1780 жылдың күзінде қайтыс болғанын аңдаймыз. Дәлел қайда? Зерттеушілердің сүйенетіні Уәли сұлтанның хатындағы: «Әкем, Абылай 69-ға қараған шағында жасында өмірден өтті» деген сөздер. Бұл арада мына сөйлемді қағазға түсірген Уәли сұлтан емес, әрине, оның хатшысы. Орыс тіліне аударғанда, қазақша «алпыс тоғызға қараған жасында» деген тіркестің мағынасы «алпыс сегіз жаста» болып шығады» дейді. Атақты Мәшһүр Жүсіптің «Абылай ханның түсі» атты еңбегінде: «Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда Бұқарекең айтқан екен:  

- Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай. Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда да қалар ма екен қайран жаның-ай, - дегенде, Абылай хан:

- Тоқта, тоқта! Бұлай десең, мен діннен шығамын, сен жалғаншы боласың! Жиырма жасымда таққа міндім. Қырық сегіз жыл қазаққа хан болып тұрдым. Қанша жыл өмір сүріп жас жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл бір. Ақ боз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі. Мылтығының оғын құралайдың көзінен өткізе-тұғын мергеннің құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қатын құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұнымен үш. Осы үш арман бойымда кетті, - деген екен. Ұлы жұма күні қайтыс болып, сүйегін теңге салып Хазіреті Сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне бір бөлмесіне қойып, тасын үстіне орнатты. Абылай ханның өлгенін естігенде Жалаңаяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен.

- Тақсыр, мұнша неге жылайсыз, - деушілерге:

- Есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп, Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты, - деген екен» дейді. Жалаңаяқ Әздер дегенде еске түседі. «Бәйтерек баба – Алып бәйтерек. Ошақты шежіресі» атты кітапта мынадай бір деректер кезедседі. «Абылай хан Шу мен Таластың бойына барғанда қазақтың өзінен шыққан Кіші жүз Керейт сопының баласы Жалаңаяқ Әздер деген диуананы Созақта жүрген жерінен шақыртады. 

- Қара бұлттай қыбырлап, құмырсқадай жыбырлап, үйіліп-төгіліп келіп қалған қырғыздардың мұнысы не, - дегенде Жалаңаяқ Әздер оң саусақтағы сұқ қолын ұртына тығып, қырғызға қарап үш атыпты.  

- Ал, шаба бер, бәлемнің өзіне бықпырт тиді. Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша беріпті де, қазақ артынан қуып Қарабалта, Соқылықтың асуына жеткізбей көбін қырыпты. Сонда қырғыз манабы Әтеке жырық қолға түскен алты баласының бірде-біріне қайырылып айырып алуға жарамаған. Сәдір бала басын саудалаумен әзер ауырып алған. Абылай одан әрі шаппақшы болған. Мұны естіп Сәдір бала елші жіберген. 

- Абылай Қарабалта, Соқылықтан аспаймын деп уәде беріп, біз бір тайпа қырғызды ақ үйлі аманат қылып берейік, шаппасын, - депті. Қырғыздың Сәру деген тайпа елін көшіріп, Абылайға ақ үйілге бергенде, одан аспаймын деп Абылай хан мөр берген. «Абылай аспас асу» атанғаны осылай. Осылай қос басына бір үй қырғыздан батырлар үлес сыбаға алыпты. Әр дуандағы Арғын ішіндегі қырғыздар солар дейді. Сол қырғыздың көбі Үйсін ішінде қалыпты». Жалаңаяқ Әздердің Абылайды жоқтап жылайтындайы да бар. Зерттеуші Азамат Алашұлы «Абылай хан» атты еңбегінде:  

«Тәшкентте үш ай жатып, Арқаға қайтуға қасына біраз төлеңгіттері менен үйсін дулаттың басты кісілерін ертіп шығады. Мұны Шымкенттегі Ғабдырахман сарт естіп, Абылай ханға іштерінен кек сақтап жүрген көрші шәһәрдегі сарттарға хабар жіберіп жинап Абылайды қамап алады. Ханның қасындағы төлеңгіттерінің көбін қырып, өзіне қол тигізуге істің соңы неге соғарына көздері жетпей бата алмапты. Сонда Абылай хан Арыс деген жерде бір төбенің басына шығып: «Қайран Орта жүз бен Кіші жүздің батырлары қасымда болса, бұл қорлықты көрмес едім-ау», - деп бармағын шайнаған екен. Сол күні Арыстың бойындағы қорғандарда, ғаламға аты шыққан Абылай хан бір қорғанға түсіп, ауырмай-сырқамай алпыс сегіз жасында опат болған. Найзадан тең жасап, сүйегін Түркістан шәһәріне әкеліп қойыпты» деп жазады. Осы жазбалардың барлығында Абылайдың жиырмасында таққа отырып, қырық сегіз жыл билік құрып, алпыс сегізінде дүниеден өткенін дәлелдейді. Сонда 1781 жылы дүниеден өткен Абылай 1713 жылы тумағанда қай жылы туады? Барақ батыр Абылайдан жиырма жас үлкен еді дейтін ескілікті әңгімелер біршама. Осы есеппен есептегенде Барақтың туған жылы 1693 жыл болады. Ағасы Құлшыораздың Барақтан едеуір жас ересек екендігін ескеруге болады. Себебі, Құлшыораз жорыққа кеткенде Барақ үйіне, отбасына, малға еге болып қалады екен дейді ғой. Сонда Барақтан Құлшыораз бір бес-он жас үлкен болар деп топшылаймыз. Оған дәлел айтуға да болар, шамасы. Бір дәлел, Құлшыораздың «Қайыр хош!» деп атына мініп жөнелгенде Барақтың екі жігітке «Із-өкшесін байқаңдаршы» деп тапсырма беретін жаста екендігі. Екіншісі өзі бойдақ бола тұрып, ағасының баласы Бердене-Қалдыахметті бауырына басуы. Осыдан келе екеуінің арасы аса үлкен еместігі, көп болса бес-он жас аралығында болар деген болжам жасауға болады деп ойлаймын.  

Пікірлесіп, әңгімелескен шежіреші қарттардың барлығы бірдей, Барақ батырдың Абылай ханнан толық жиырма жас үлкен болмауы да мүмкін екендігін айтады. Мысалға Тұрған атам «Өзінің алпыстан асқан шағында – жетпістемін деп әңгіме қозғайтын қазақтың ескілікті әдеті. Қазақтың әу жер дегені – қозы көш жер деген. Барақ пен Абылайдың жастарының аралығы тура бір жиырма жасты көрсетпегенімен, соған қарайлас он сегіз-жиырма үш жас аралығын меңзеп те қалуы мүмкін» деп топшылайды. Әңгімені тыңдап отырған біршама ағайындар бұл пікірді қостап, солай болуы мүмкін деген жорамалдарын да айтып қалды. Біз нақты туған жылын білмегендіктен, жиырма жас деген топшылауды өзімізге бағыт етіп алдық. Осымен келіп, 1693 жыл – Бигелдіұлы Барақ батырдың дүниеге келген жылы десем, онда аса қателесе қоймағаным деп ойлаймын.

Барақ бабамыз туралы әркім әртүрлі хикаяттар, деректерді сөз қылады. Менің байқағаным, бұл дүниеде Барақ аттас адамдардың көптігі. Шатысып та, шатыстырып та айтады. Осыдан барып, қай әңгіменің өз Барағымызға тиесілі екендігін білмей дағдаратынымыз бар. Дегенмен, ел іші болған соң естелік, аңыз әңгімелерден құралақан қалмайсың. Барақ туралы небір сырлы, көңіл толқытатын мағлұматтарды жинақтадық.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Бөлісу: