«Бақытжан мырза, бұл бірінші рет емес»: Мәжіліс төрағасы депутатқа ескерту жасады

11 Қазан 2023, 12:00 2117

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Бақытжан Базарбек сөз алып, алдымен вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жалынды сәлем жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, екі жыл бұрын Дүйсенова президент кеңесшісі болып тұрған кезде видеоконференция арқылы Солтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауылының тұрғындары жерінен айырылып қалғанын айтып шағымданған. Дүйсенова өз кезегінде мәселе шешілетінін айтып сөз берген.

Уәдені үйіп-төгіп бердіңіз. Ал сол мәселе шешілген жоқ. Сондықтан мына жерде осы мүмкіндікті пайдаланып сізге ауыл тұрғындарынан жалынды сәлемімді жеткізіп отырмын, - деді Базарбек.

Осыдан кейін Бақытжан Базарбек Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкіліне сауалын жолдады.

Біз «Жер аманаты» республикалық комиссиясының жұмысы нәтижесінде 8,5 млн гектар жерді қайтардық. Қайтарылған жерлер – жайылымдық жерлер, халыққа тиесілі. Бірақ соңғы уақытта теріс сигнал алып отырмыз. Яғни сол қайтарылған жерлерді жергілікті әкімдер бай-қуаттыларға, олигархтарға қайтадан оңды-солды беріп жатыр. Айдарбек Сапаров сол әкімдер туралы қандай ақпарат бар, олар кімдер, аты-жөндерін атасын, - деді депутат.

Дегенмен ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек ондай жағдайлар тіркелгенін растағанымен, ешбір әкімнің атын атаған жоқ. Бұған шүйліккен депутат Базарбек «жұмыс істемей алмасаңыздар, министрмен бірге сіздерді қуып шығамыз» деді.

Осы жерде әңгімеге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов араласып, агрессиясыз сөйлеуді тапсырды.

Бақытжан мырза, бұл бірінші рет емес. Төраға ретінде сізге ескерту жасаймын, - деді Қошанов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: