Бақытжан Абдурахманов әлемдік Гран-при жарысының қола жүлдегері

20 Тамыз 2023, 00:24 1517

Дзюдодан Загреб Гран-приінде Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Жарыстың екінші күнінде Бақытжан Абдурахманов үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі ҚР дзюдо федерациясына сілтеме жасап. 

Отандасымыз ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Жұбаныш финалында ол тәжірибелі дзюдошы, косовалық Акил Киякованы вазари ұпайымен басым түсті. 

Бақытжан Абдурахманов жарыс барысында барлығы 5 кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Ол іріктеу кезеңінде Венгрия және Франция спортшыларынан, жұбаныш белдесуінде түркиялық дзюдошыдан басымдық танытты. 

Айта кетерлігі, жарыстың бірінші күнінде Айболат Ыстыбай (66 кг) жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын.

Загребте (Хорватия) өтіп жатқан әлемдік бәсекеде 83 елден 500-ден астам татами шебері бақ сынап жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: