«Бақытыңды аяла» атты фильмінің таныстырылымы өтті

25 Наурыз 2023, 21:40 7431

Алматы қаласындағы «Цезарь» кинотеатрында режиссер Еркін Рақышевтың «Бақытыңды аяла» атты көркем фильмінің алғашқы таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Фильмнің идеясы - адамдар арасындағы бүгінгі күнде жетіспей отырған мейірімділік пен қайырымдылықты насихаттайды. Сценарий желісі бойынша басынан бастап соңына дейін кейіпкерлер арасындағы түрлі мінез-құлықтың көрініс табуына, түсініспеушіліктер мен шытырман оқиғаларға ұласады. Бірде күлдіреді, бірде жылатады, ал бірде ойландырады.

Сонымен толықметражды бұл көркем фильмде режиссер Еркін Рақышев нақты не айтқысы келді? Режиссердің пікіріне назар салайық:

«Фильмнің желісіне келетін болсақ, бірде құрылыста жұмыс істеп жүрген жастар арасында пікірталас туындайды. Сонда олар: «Мына дағдарыстан қашан құтыламыз. Қашанғы кредитке өмір сүреміз. Мына қымбатшылық, кедейшілік пен жұмыссыздық қашан тоқтайды?» - деп айтысып отырғанда, бір кісі: «Мемлекеттің дамып өркендеуі үшін, халық алдымен мейірімділік пен қайырымдылықты бойына сіңіріп өсуі керек» деген екен Әл-Фараби бабамыз» - деп ұлы ойшылдың сөзін айтады» дейді.

Фильмнің басы осылай дүние жүзіндегі адамзаттың Екінші Ұстазы атанған даңқты жерлесіміз, ұлы философ Әбу Насыр әл-Фарабидің өсиет сөзімен басталады.

«Жоғарыдағы сөзді естіген бір жігіт: «Қалай мейірімді болып мемлекетті дамытуға болады?» - деп ойланып қалады. Содан фильмнің басты кейіпкері - Қуат COVID-19 ауруханасына ерікті болып жұмысқа кіреді. Бірде ауруханаға жедел жәрдеммен дем ала алмай жатқан ауыр науқас қызды алып келеді. Тыныс алу аппараты істемей қалып, Қуат өзінің өмірін қауіпке тігіп жасанды дем беру арқылы қызды аман алып қалады. Жігіттің өзі де ауруды жұқтырып алады. Бірақ екеуі де аман қалып жазылып шығады. Содан арада біраз уақыт өткенде екеуі кездейсоқ кездесіп қалады. Екеуі бір-біріне ғашық болады. Жігіт қызды таниды, ал қыз жігітті танымайды. Себебі ол кезде қыз ес-түссіз жатқан еді. Сөйтіп екі жастың арасында махаббат оты тұтанады...», - деп фильмнің режиссері әрі сценарий авторы көрерменін еліктіріп қояды.

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласында және Алатау баурайының әсем де көрікті жерлерінде түсірілген. Жобамен алғанда бұл туынды алты айдай уақытта түсіріліп біткен. Бұл жөнінде Еркін Рақышев былай дейді:

«Киноны біз жарты жылдай түсірдік. Бюджеті 30 000$ құрайды. Бұл ақшаны табудың өзі біз үшін өте қиынға түсті. Себебі біз фильм түсіреміз деген күні түрлі себептерге байланысты бір тиын да қаражат болмады. Содан осындағы колледж директоры Жақсыбай Қасымбеков деген ағамызға звондап «Аға ақша бере тұрыңызшы, мен ертең фильм түсірейін деп жатыр едім» дедім. Ол кісі «Қанша керек еді. Менде кино түсіретіндей көп ақша жоқ қой?» деді, мен айттым «аға, мың доллар тауып берсеңіз болды, кейін қайтарып беремін» дедім. Ол кісі «Мың долларға есі дұрыс адам кино түсіре ме?» деді. Мен, «Аға, менің есім дұрыс емес, мен түсіремін» деп едім. Ол кісі мың доллар берді. Солай фильмді түсіруді бастап кеттік» - дейді, ағынан жарылып.

Фильмнің продюсері Әмір Мәуленов, актерлер құрамына келсек, басты ер адам рөлін - Қуатты сомдаған Абай Мәжит есімді жігіт. Оның кәсіби актерлік мамандығы болмаса да осыған дейін бірнеше фильмдерге түсіп үлгерген екен. Абайдың бұл фильмде де өзіне жүктелген образды барынша шынайы, нақышына келтіріп ойнап шыққанын, фильмнің алғашқы сеансы аяқталған соң көрерменнің ду қол соғып қошемет көрсетуінен аңғаруға болады.

Ал, фильмдегі басты әйелдің (қыздың) рөлін сомдаған жас актриса Зарина Каташева негізі балерина екен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті. Фильмге қалай келгені туралы ол:

«Жақсы күндердің бірінде бізге «Академияда бір фильмге кастинг болып жатыр. Ол жерге әйел рөліне қыздар керек екен» деп айтты. Содан мен ести сала «өз бағымды сынап көрейін» деп барсам, іріктеу кезеңі аяқталып қойған екен. Бірақ мені сонда да қабылдады. Бірнеше сағаттан соң, келесі кезеңде, актерлік қабілетімізді, яғни түрлі жағдайдағы эмоцияларды көрсетуіміз керек болды. Кейбір сахналық күрделі этюдтарды ойнап көрсеттік. Содан бірнеше күннен кейін маған «Сіз өттіңіз» деп хабарласты. 

Еркін ағаның командасында жұмыс істеу маған қиын болмады. Түсірілім алаңындағы атмосфера өте керемет болды. Сондықтан да бәрі дұрыс болды деп ойлаймын» - дейді, дебюттік фильмінде басты рөлді сомдаған жас талант.

Жалпы режиссер, сценарист Еркін Рақышевтың айтуынша ол өзі түсіретін әр фильмде қоғамда туындаған белгілі бір проблеманы көрсетуге тырысады. Атап айтар болсақ, «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді», «Айгерім», «Биші қыз» туындыларында қоғамда туындаған әртүрлі проблеманы жетер жеріне жеткізе білді. Сондықтан да болар, режиссердің туындылары елдің есінде ұзақ сақталып, фильмдеріндегі «Алматы алақандағыдай көрінеді» немесе «Астанаға көктем кеш келеді» дегендей кейбір сөз тіркестері әлі күнге жұрттың аузында жүр.

Бүгінгі фильмінде де режиссер қазіргі қоғамға қажетті дүниені кино тілі арқылы көрерменге жеткізе отырып, ой сала білді деуге болады.

Фильмнің кем-кетігі реттеліп, алдағы уақытта үлкен кинопрокатқа да, телеэкранға да және ютубқа да шығады деп жоспарлануда. Сондықтан қазақ киносы тағы бір ойлы туындымен толықты десек артық айтқандық болмас.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: