Бақыт сезімінің күтпеген құпиясы

11 Наурыз 2023, 11:00 1734

Бақытты болуды әркім өзінше түсінеді. Біреуге  – дені сау болуы, біреуге  – байлық, біреуге  – балаларының амандығы, біреуге  – балдақсыз бір қадам жасау бақыт. Адамдар бақытты түрлі түсінгенімен оған ұмтылыстарында бірдей. Әл-Фарабидің сөзімен айтқанда: «Ақылына қоса азат жігері бар адамның басты міндеті – өзінің ақылға негізделген еңбегінің арқасында бақытқа жету».

Гарвард университетінің зерттеушілері бақыт сезімінің құпиясын ашу мақсатында ондаған жылдар жүргізген зерттеулерінің нәтижесін жариялады. Зерттеушілер әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген қатысушының медициналық жазбаларын жинап, олардың өмірі туралы егжей-тегжейлі сұрақтар қойды.

Кейбіреулер ойлағандай, бақыт сезімінің құпиясы мансаптық жетістіктер, байлық, денешынықтыру немесе дұрыс тамақтануға байланысты емес екен. Гарвард университетінің зерттеулері адамдарды бақытты, сау және ұзақ өмір сүруге көмектесетін олардың арасындағы жылы қарым-қатынас деген тұжырымға келген.

Бақытты өмірдің басты кілті: Әлеуметтік жарамдылық

Берік достық, жалпы мейірімді қарым-қатынастар орнату адамның өзін бақытты сезінуі, денсаулығының жақсы болуының бірінші кепілі.

Зерттеулер көрсеткендей, қарым-қатынас адамға тіпті физикалық әсер етеді. Ол, мысалы, әңгімелесу кезінде сұхбаттастар бір-бірін жақсы түсінгенде пайда болатын түйсіктен немесе романтикалық құштарлықтан ұйқының қашуынан көрінеді.

Әрине, әлеуметтік жарамдылық адамдардан қарым-қатынастарын бағалауды талап етеді. Шыншыл көзбен қатынастарға қандай дәрежеде басымдық берілетінін, оған қанша уақыт бөлінетінін анықтауы керек. Адам әлеуметтік құбылыс және жеке тұлға өзінің барлық қажеттіліктерін өзі қамтамасыз ете алмайды, сондықтан басқалармен қарым-қатынас жасауға, көмектесуге, көмек алуға мәжбүр.

Біздің өмірімізде  негізгі қолдау тіректері бар. Олар:

Қауіпсіздік: түн ортасында қорқып оянсаңыз, кімге қоңырау шаласыз, дағдарыс кезінде кімге хабарласасыз?

Оқыту және даму: кім сізді жаңа нәрселерді көруге, мүмкіндіктерді пайдалануға және өмірлік мақсаттарыңызға жетуге шақырды?

Эмоционалды жақындық пен сенім: сіз туралы бәрін (немесе көп нәрсені) кім біледі және сіз өзіңізді осал сезінген кезде кімге жүгіне аласыз және өз сезімдеріңізге адалсыз ба?

Осы тұрғыдан алғанда төмендегі төрт сұрақ қысқа уақыт ішінде ерекше сезімдер толқынын тудырады.

Сіздің өміріңізде сізбен көптеген тәжірибесімен бөліскен және сіз қазір кім болсаңыз сондай болуға көмектескен адам бар ма?

Сіз өміріңіздегі романтикалық қарым-қатынасқа ризасыз ба?

Сіз практикалық мәселені шешуге көмек қажет болса, кімге жүгінесіз?

Көңіліңізді кім көтеріп, кім босаңсытады, кім күлдіреді, кіммен жолға шықсаңыз өзіңізді жайлы сезінесіз?

Гарвард университетінің  бақыттың құпиясын ашу мақсатында жүргізген зерттеулерінің түйіні - адамдармен араласудан қорықпау, шынайы достық және сыйластыққа негізделген қарым-қатынастарды ұстану адамның өзін бақытты сезінуі мен  денсаулығының жақсы болуын қамтамасыз етеді.

Коронавирус індетіне байланысты Қазақстанда 2020 жылдың көктемінен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін созылған карантинге қарамастан қазақ тойшылары той-домалақты жасырын өткізуден бір танбағаны белгілі.

Бұл әрекеттер, бір жағынан, олардың қауіп-қатерге жеңілтектікпен қарайтындарын көрсетсе, екінші жағынан, өмірге құштарлықтарын, қандай қиын жағдай болса адамдармен араласудан қорықпайтындықтарын, достық және сыйластыққа негізделген қарым-қатынастарды ұстанатындықтарын да көрсетті. Қазақ тойшыларының ұстанымы Гарвард университетінің  зерттеулерінің нәтижелерімен бір жерден шығуы, ұқсастығы таңқалдырады!

 

Қайрат Сәки
Бөлісу: