Бақбергенова мен Дуванова Азиаданың алтынына таласады

6 Қазан 2023, 11:33 854

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында тағы екі спортшымыз финалға өтті алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі 

Жақында әлем чемпионатында қола жүлде алған  76 келідегі Жәмилә Бақбергенова әйелдер күресінен финалға жолдама алды.

Ол жартылай финалда үндістандық Киран есімді спортшыдан басым түскен.

Отандасымыз оған дейін алғашқы белдесуінде Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Светлана Окназарованы, ширек финалда моңғолиялық Ариунджаргал Ганбатты еш қиындықсыз таза жықты. 

Енді ол финалда Айпері Медетқызы (Қырғызстан) немесе Хуей Чангпен (Тайбэй) күреседі. 

Жүлде жолындағы айқастар Астана уақытымен сағат 15:00-де басталады. Бәсекені Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.Джиу-джитсудан 57 келідегі Галина Дуванова да шешуші кезеңде өнер көрсетеді.

Қазақ спортшысы жартылай финалда әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Орапа Сенатамның (Таиланд) осал тұсын тапты.

Оған дейін Галина іріктеуде Вуонг Мин Нгуен (Вьетнам) мен Удвал Цогхууды (Моңғолия) жеңген. Енді финалда Азияның 3 дүркін чемпионы Анние Рамирезбен (Филиппин) күш сынасады.
Галина үшін бұл екінші Азиада. Ол Джакртадағы бәсекеде 9-сатыдан көрінген. 24 жастағы Дуванова былтыр АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарда күміс жүлдегер атанған.

Мұның алдында каратэден Қайсар Алпысбайдың финалға шыққанын жазғанбыз. 

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.

Алмас Абылай
Бөлісу: