БАҚ және тілшілерді сотқа беру мерзімі 3 жылға дейін қысқарады

19 Маусым 2023, 15:49 962

Елімізде «Масс-медиа» туралы жаңа заң әзірленді. Ондағы жаңашылдықтар туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

БАҚ туралы заң 1999 жылы қабылданды. Біз жаңа заңнама жобасын әзірледік. Заңды әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, оның аясында 20 отырыс өтті. Оның құрамында мемлекеттік құзырлы органдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Заң жобасы ашық түрде, қоғамның пікірін ескере отырып әзірленді, - деді Қанат Ысқақов Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында бірнеше бағыт қамтылған.

Алдымен БАҚ өкілдерінің мәртебесі. Мақсат - отандық БАҚ-тың абырой, мәртебесін көтеру. Ең алдымен шектеу мерзімін белгілеу. Себебі қазір шектеу мерзімі жоқ. Басқаша айтқанда, біздің азаматтардың 10,20,30 жылдан кейін де БАҚ өкілдерін сотқа беруге құқығы бар. Енді бұл норма 3 жылға дейін қысқарады. Аталған норма БАҚ жұмысының ілгерілей түсуіне септігін тигізері сөзсіз. Келесі бағыт - БАҚ өкілдері жолдайтын сауалдардың қаралу уақыты. Нақты айтқанда, 7 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқарту. Бұл өзгеріс тілшілердің қысқа мерзім ішінде ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Ал оқырман шұғыл ақпаратты уақытылы ала алады, - дейді министрдің орынбасары.

Равиль Ашығали
Бөлісу: