Банктердің таза табысы артқан, базалық мөлшерлеме төмендей ме?

1 Қыркүйек 2023, 12:30 1236

Мемлекет басшысы корпоративтік несие беру мәселесін шешуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылы банктердің таза табысы 1,5 триллион теңгені құраған. Президенттің сөзіне қарағанда, мұндай жоғары табыс банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, базалық мөлшерлеменің тым жоғары болуынан деп отыр.

Биылғы жарты жылдың өзінде банктер 1 триллион теңгеден астам таза табыс тапқан. Жоғары табыс банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен Ұлттық банктің инфляциямен күрес үшін қолданып отырған базалық ставкалардың жоғары болуынан, - деді Тоқаев.

Президент осы орайда үкімет пен Парламентке осы кірісті мемлекеттік қызығушылықтарын есепке ала отырып әділетті бөлуді тапсырды. Сонымен қатар қаржы ұйымдарының өтімділікті мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан түскен орасан зор табыстары туралы мәселе де өзекті, себебі бұл ретте де салық салынбайды.

Бұл жерде логика мен мемлекеттік көзқарас жоқ. Үкімет қазірдің өзінде осы парадоксалды жағдайды шешуге кіріскен. Тиісті заңнамалық түзетулер Мәжіліске енгізілетін болады. Депутаттардан оларды мұқият қарауды сұраймын, - деді мемлекет басшысы.

Президент нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кеткенін де айтты. Ал мұның соңы қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырған.

Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды, - деді президент.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: