Балқаш көлінде су деңгейі 15 см көтерілді

26 Сәуір, 09:51 629

Жыл басынан Балқаш көлінің су деңгейі орта есеппен 15 сантиметрге көтерілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше,  1 қаңтарда көлдің орташа су деңгейі 159 см болса, 1 сәуірде бұл көрсеткіш 174 см-ге жетті.

Биыл трансшекаралық Іле өзенінен үлкен көлемде су келгенін айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,3 текше шақырым көлемінде су жіберу мүмкіндігі пайда болды. Балқаш көлінің су деңгейін анықтау үшін 4 су бекетінде бақылау жүргізіледі, - делінген мәліметте.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, 24 сәуіріндегі жағдай бойынша Балқаш көлінің ең
жоғары деңгейі Сарышаған су бекетінде тіркелді. Мұнда су деңгейі 210 см болды. Ал көлдің ең төменгі деңгейі - 140 см, Қарақұм су бекетінде белгіленді. Балқаш бекетінде су деңгейі 177 см, Мыңарал бекетінде 167 см құрады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: