29 Маусым 2016, 11:31
Қымбатты оқырмандар, естеріңізде болса, өткен жолы біз «Иттердің шаштаразы» атты материал жазған болатынбыз. Грумерлік – сол материалдағы басты кейіпкеріміз Вера Морозованың жұмыстан бос уақытта айналысатын екінші кәсібі. Негізі, ол 26 жылдан бері елордадағы «Балдырған» циркінде жаттықтырушы болып қызмет етеді.
«Балдырған» циркі осыдан 48 жыл бұрын ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Вячеслав Анисиннің бастамасымен ашылған (қазір Вячеслав Дмитриевич – 77 жаста. Өзі зейнет жасында болса да, жұмыстан қалмайды). Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында бұл жерден 100 мыңнан астам шәкірт бітіріп шықты. Бүгінде «Балдырған» түлектерінің көпшілігі медицина, заң және халыққа қызмет көрсету салаларында істейді. Дегенмен, цирк саласында жеміс етіп жүргендері де бар. Мәселен, қазір «Балдырғанның» бір түлегі Польшадағы, енді бірі – Оңтүстік Африкадағы үлкен цирктің әртісі.
Біздің басты кейіпкеріміз Вера Морозова «Балдырған» циркіне алғаш 9 жасында келген. Ата-анасы бос уақытын тиімді пайдалансын деп оны түрлі үйірмелерге берген екен. Сан түрлі үйірменің ішінде Вераға ерекше ұнағаны цирк болыпты. Ол «Балдырған» циркінен түлеп ұшқаннан кейін Мәскеу цирк училищесіне оқуға құжат тапсырады. Кәсіби цирк әртісі болғысы келеді. Бірақ, сол тұста анасы қатты науқастанып қалғандықтан, Вера оқуға түсіп тұрған жерінен кері қайтады.
Арада жылдар сырғып өтіп, Вера тұрмысқа шығып, екі қызды дүниеге әкеледі. Баяғы «үлкен әртіс боламын» деген армандар әдіра қалады. Тіршіліктің түрлі қиындықтарына тап болып, жадау тартып жүрген кезінде өзінің «Балдырғандағы» ұстазы Вячеслав Анисинді жолықтырады.
«Қазір жұмыста жоқпын. Күйеуіммен ажырастым. Екі қызым бар» деп мұң шаға бастағанымда, ұстазым маған «қызым, сен «Балдырғанға» кел. Жалақысы аз, бірақ, тұрақты» деген ұсыныс айтты. Осылайша, 1990 жылдан қазірге дейін циркте қызмет етіп келемін. Менен көп адамдар «сіздердің цирктеріңіз пен кәсіби цирктің айырмашылығы қандай?» деп сұрайды. Түсіндіріп көрейін: кәсіби циркте өнерпаз бір-екі мамандықты тәмамдап, өмір бойы сонымен айналысады, күніне жаттығуға 12-18 сағатын арнайды. Ал, біздің балаларымыз 2 сағаттың ішінде жаттығуға, хореографияға, акробатикаға, гимнастикаға, бәріне уақыт табуы керек.
«Балдырғанда» 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар бар. Ал, негізі, 8 жастан 10 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Алдымен олардың физикалық дайындығына қараймыз, акробатика, гимнастикаға бейімін байқаймыз. Мүлдем икемі жоқ балаларды бірден қайтарамын. Себебі, мен олардың байқаусызда құлап не жарақат алып қалғанын қаламаймын» дейді Вера.
Мұнда балалар аптасына 4 күн жаттығады. Негізінен, Оқушылар сарайында, қалалық саябақтарда өнер көрсетеді. Цирк тегін жұмыс істейтіндіктен, үйірмеге келетін балалардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Тіпті, кейбірінің ата-анасының сахналық киімді тіктіруге шамасы жетпейді екен. Өйткені, қазір ең арзан деген костюмнің бағасы 12 мыңнан жоғары тұрады. Әзірше әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларының костюмін ұйымшыл ата-аналар өздері әперіп жүр.
Вера бұл үйірмеде өзінің еңбексүйгіштігі мен энтузиазмының арқасында әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Бұлай дейтін себебіміз, оның бұл жұмыстан алатын жалақысы мардымсыз. Ал, «Балдырған» циркі демеушіге зәру.
«Бізге шет мемлекеттерден түрлі байқаулар мен фестивальдерге көптеген шақыртулар келеді. Бірақ, оларға баруға шамамыз келмейді. Есептеп көрсем, шетел тұрмақ, мына тұрған Алматыға барып-келу үшін әр балаға кемінде 50 мыңнан кетеді екен.
Бұл жерден алатын жалақымды естісеңіз, еріксіз күлесіз. Бірақ, мен үшін бастысы – жалақы емес, балалар. Мен оларды өнерге баулығым келеді. Өзімнің қызым да кезінде осы «Балдырғанда» тәлім алды» дейді жаттықтырушы.
Ең қызығы, Вера Морозованың цирктегі шәкірттері оның грумерлік қызметі туралы білмейді. Бұл жөнінде ол былай деп сыр ақтарды:
«Маған грумерлік пен жаттықтырушылық жұмысты қатар алып жүру қиын емес. Керісінше, балаларға жұмсаған бүкіл энергиямды жануарлармен жұмыс істегенде қайтарып аламын. Шәкірттерім менің басқа жерде істейтінімді біліп қойса, қызғанып қалады».
Сөз соңында біз Вераға «кәсіби цирк әртісі бола алмай қалғаныңызға өкінесіз бе? Қандай арманыңыз бар?» деп сұрақ қойдық. Кейіпкеріміз тосылып қалмады:
«Кәсіби циркке бара алмай қалғаныма өкінбеймін десем, өтірік айтамын. Өкінем десем де, өтірік боп шығады. Өйткені, кәсіби циркке барсам, күйеуімді кездестірмес едім. Қазіргідей талантты шәкірттерім болмас еді... Осының бәрін ойласам, осы өмірім өзіме көбірек ұнайды.
Бастысы, мен жетпеген жетістіктерге шәкірттерім жетсе екен деймін. Олар болашақта кәсіби әртіс болмаса да, цирктің қандай болатынын көрді. Алдағы уақытта Астанадағы үлкен цирктің кәсіби әртістері біздің балақайларымызбен бірге ортақ нөмір дайындаса екен деп армандаймын. Шәкірттерім цирктің манежін көріп, өз мүмкіндіктерін кәсіби әртістердің мүмкіндіктерімен салыстырса, тамаша болар еді...
Роза ӘРЕН
Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ